Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен пилоттық түрде алғаш рет аудандар мен қалалар әкімдерінің сайлауы өтті. Біздің облыста Ақтоғай, Железин және Шарбақты аудандарында өткен саяси науқан барысында тұрғындардың басым дауысын жинаған кандидаттар әкім болып сайланды. Аймақ басшысы Асайын Байханов сайланған әкімдерді аудан активіне таныстырып, бірқатар міндет-мақсатты белгіледі.
Біздің облыста өткен сайлауға барлығы 8 кандидат түсті. Олардың төртеуі саяси партиялардан ұсынылса, тағы төртеуі өзін-өзі ұсынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Ақтоғай және Железин аудандарының әкімдері — Қаршыға Арынов пен Айтуған Шайхимов лауазымдарын сақтап қалды. Шарбақты ауданының әкімі болып Сержан Иманқұлов сайланды.
Арынов Қаршыға Зәлмұханұлы 1972 жылы туған, екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 1988 жылы бастаған. 1997-2011 жылдары Ақсу қаласының мемлекеттік органдарында, соның ішінде басшылық лауазымдарда қызмет етті. 2012 жылдан 2013 жылдың қаңтарына дейін — «Горкомхоз-Ақсу» ЖШС директоры. 2013 жылдың тамыз айынан бастап Ақсу қаласы әкімінің орынбасары болып еңбек етті. 2018 жылғы шілдеде Ақтоғай ауданының әкімі болып тағайындалды.
Шайхимов Айтуған Абылайұлы 1980 жылы Железин ауданында дүниеге келген, екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 1998 жылы Железин ауданы Еңбекші мектебінде мұғалім болып бастады. Кейін осы оқу орны директорының орынбасары болды. 2004-2007 жылдары — «Қазақстан-Павлодар» РТРК АҚ облыстық филиалының редакторы, аға редакторы. 2007-2017 жылдары Павлодар облысы әкімінің аппаратында баспасөз қызметінің басшысы, Павлодар облысының ішкі саясат басқармасы жанындағы Аналитикалық ақпарат орталығы директорының орынбасары, одан кейін Май ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, Павлодар облысы мәслихаты аппаратының басшысы, Павлодар аудандық мәслихатының хатшысы болып қызмет атқарды. 2021 жылдың қазан айынан бастап Железин ауданына жетекшілік етті.
Иманқұлов Сержан Ерғалымұлы 1979 жылы туған. 2000 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін бітірген. Сол жылы мұғалім ретінде еңбек жолын бастап, кейін Александровка орта мектебінің директоры, Шалдай мектеп-интернатының директоры, Жаңаауыл орта мектебінің директоры болып еңбек етті. 2013 жылдың наурызында Александровка ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. 2017 жылдан бастап Шарбақты ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болды. 2021 жылдың қазан айынан бастап аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Аймақ басшысы Асайын Байханов сайланған әкімдерді аудан активіне таныстырып, аудан әкімдерінің тікелей сайлауы ел Президенті жүргізіп жатқан демократиялық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің жалғасы болып табылатынын атап өтті. Сайланған әкімдер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын орындап, оларға зор сенім артқан, әлеуметтік мәселелердің сапалы шешілуін күтетін тұрғындардың өтініштерін орындауы тиіс.
— Халықтың сенімін ақтау қажет. Сайлауалды кездесулерде келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстар өз шешімін табуы керек. Олардың ешқайсысы назардан тыс қалмауы тиіс. Сіздердің сайлауалды бағдарламаларыңызды орындау бойынша «Жол картасын» бекітуді және осы бағытта кезең-кезеңімен қажетті жұмыстарды жүргізуді тапсырамын. Ауданның әрбір тұрғынының өтініші тыңдалып, жұмыстардың нәтижесі көрілуі шарт, — деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.