Еліміздің көк Туын желбіретіп, Әнұранымызды асқақтататын бірден-бір жарыс – спорт екендігі белгілі. Павлодар облысының намысын қорғап, бірқатар облыстық, республикалық, тіпті халықаралық айтулы жарыстарда жеңіс көмбесіне көтеріліп, көк туымызды желбіретіп жүрген спортшыларымыз жетерлік. Солардың бірі — Сәрсен Жетібаев.
Ағымдағы жылғы 21-24 қазан күндері Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында 16 спорт түрінен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындары өтті. Ауқымды спорт аламанына 80 елден 3 мыңнан астам спортшы қатысты. Байрақты бәсекенің 9 түрінен 53 спортшы Қазақстан атынан шығып, бақтары мен баптарын сынға салды. Нәтижесінде 71 келі салмақта павлодарлық Сәрсен Жетібаев барлық қарсыластарын ұтып, дүниежүзілік жекпе-жек ойындарында грэпплингтен тұңғыш қазақстандық чемпион атанды. Бұрнағы күні облыс әкімі Асайын Байханов жерлес чемпион Сәрсен Жетібаевты құттықтап, қабылдады. Өңір басшысы спортшыға қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалмай, алдағы халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетуді тілеп, 500 мың теңгелік ақшалай сертификат табыс етті. Сондай-ақ, чемпионды дайындаған жаттықтырушы Зайырбек Абылқадыровқа 300 мың теңгелік сертификат табысталды.
Өз тілшіміз