Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Тұрсынбай Ибадуллиннің шығармашылық жолы көпшілікке өнеге. Еңбек жолын педагогикалық қызметтен бастаған ағамыз көп ұзамай өзінің зор талабын танытып, бар ғұмырын журналистік саламен ұштастырды. Бүгінде Тұрсынбай аға редакцияның жас буын өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста: жетістігімізге қуанып, әрдайым мақтап жүреді.
Ресми өмірдерегіне үңілсек, Тұрсынбай Ғабзәкірұлы 1938 жылы 13 қарашада Лебяжі ауданы Тілектес ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Семей педагогика институтында қазақ тілі мен әдебиеті факультеті бойынша оқыған. Еңбек жолын 1961 жылы Лебяжі ауданы Қызыләскер ауылындағы мектепте мұғалімдік қызметтен бастаған. 1969 жылы аудандық газетке, кейін облыстық телевизияға шақырылды.
Облыстық телеканалда үзбей 10 жыл қызмет етті. 1978 жылы 5 сәуірде облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетіне қызметке орналасты. Тұрсынбай ағаның әңгімелеуінше, ата-бабасы Баянауыл өңірінде белгілі әулет болған. Қасіретті шақтар туғанда болашағын ойлаған әке отбасын Ертістің жиегіне әкеліп орналастырады. Бұл жерде де жергілікті жұртшылық имандылық жолын ұстаған әкенің жанұясын жатсынбай, ортасына қабылдайды. Осылайша Тұрсынбай аға Аққулы өңірінде өсіп, ер жетеді. Мұғалімдік оқуды аяқтаған соң мектепте еңбек жолын бастайды. Бірақ онда талапты жас бірден ізденгіштігімен көзге түсіп, ауыл өмірі туралы аудандық газетке мақалаларын жариялай бастайды. Сөйтіп, осы салаға шақырту алады. Аққулы аудандық «Ленин жолы» газетінде біраз уақыт жұмыс істейді. Талапты жас әуелде мектеп өмірінен телехабар таратып, кейін облыс орталығында телевидениеге ауысады. Осы жерде біршама уақыт жұмыс істейді. Телевидениеде «Майра» әдеби-музыкалық хабарымен республикаға танылды, Қазақ телевизиясының төрағасы Қ.Шалабаевтан үздік хабарлары үшін марапат-грамота алды. Тұрсынбай ағаның қазақ әдебие-тінен білімі аса мол. Содан да болар, ол 1978 жылы облыстық «Қызыл ту» («Сарыарқа самалы») газетіне ауысады. Мұнда ол кездері Бақи Әбдіқадыров, Әбдеш Баймұрзин бастаған кешегі соғыстан аман оралған ағалармен қатар, Төлеубек Қоңыров, Қажымұрат Смағұлов, Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов секілді замандастарымен бірге талай мәселелер бойынша қалам тербеп көзге түседі. Ауыл шаруашылығы, экономика, құрылыс салалары бойынша мақалалар жария-лады. Оның очерктері мен өзге де жанрдағы жазбалары оқырман тарапынан жоғары бағаға ие болады. Тұрсынбай аға басылымда 1998 жылға дейін абыройлы қызмет істеді. С.Дөнентаев атындағы облыстық журналистер сыйлығының 2 мәрте иегері атанды. Павлодар облысының 70 жылдығына орай мерейтойлық медаль иеленді. 2008 жылы Қазақстан Журналистер одағының 50 жылдығына орай осы ұйымның Құрмет грамотасымен марапатталды. Бүгінде Тұрсынбай аға — Қазақстанның Құрметті журналисі, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері, Аққулы ауданының Құрметті азаматы. Айтқанымыздай, Т.Ибадуллин бүгінде өзінен кейінгі облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде еңбек ететін жас толқын – журналистермен тығыз байланыста. Өзінің естеліктерімен бөлісіп, құнды мақалалар жазып тұрады. Міне, менің алдымда «Газет қалай «Сарыарқа самалы» аталды?» атты мақаласы жарқырап жатыр. 2016 жылы 22 қыркүйекте газет редакциясы «Қызыл ту» газетінің атауы «Сарыарқа самалы» болып атал-ғалы 25 жыл өтті» деп арнайы мақалалар жариялаған болатын. Шынымен, 1991 жылы 26 қыркүйекте 1938 жылдан бері «Қызыл ту» аталған газеттің атауы өзгертілді. Бұл Тәуелсіздіктің жариялануына әлі 2 ай қалған уақыт еді. Сол кездегі газет редакторы Әлғожа Мұхамеджанов ұжымды жинап, газеттің атауын кеңес өкіметінің идеологиясынан алшақтату, жаңаша атау туралы жариялаған екен. Сонда журналистерден әртүрлі ұсыныстар қабылдаған. Көп ақылдаса келе, қазіргі «Сарыарқа самалы» деп аталатын құлаққа поэзия жолдарындай жағымды атауды бекіткен екен. «КСРО құлаған тұста, сондай бір өтпелі шақта бұқара халықтың зиялы қауымға иек артып, қарайлайтыны бар. Міне, осындай кезеңде облыстық газеттің редакциясы ерлік іске барды деп айтуға болады. Қазақстан Тәуелсіздігін жарияламай тұрып, біздің газет атауын «Сарыарқа самалы» деп өзгертті», деп жазған екен қаламгер ағамыз. Тұрсынбай аға өзі бірге қатысқан осы оқиғаны есте жаңғыртып, естелік мақала жазып әкелді. Біз жарияладық. Бұл — біз үшін құнды тарих. 2022 жылы 28 қазанда «Сарыарқа самалы» газеті еліміздің журналис-тика саласындағы «URKER» ұлттық сыйлығын иеленді. Қазақстан облыс-тары арасында «Ең үздік өңірлік БАҚ» атанды. Осы кезде Тұрсынбай атамыздың ерекше шаттанғанын, алдымен редакцияға келіп, сыйлықты қарсы алғанын көрсеңіз. Кешегі күні өздері салып кеткен ізді жас буынның лайықты жалғастыра алғанын айтып, батасын берді. Облыстық «ERTIS» телеарнасында осы оқиғаға орай арнайы бағдарламаға қатысып, өзінің ағалық ойларын, ізгі ниетін көпшілік халық алдында білдірді. Бұл да болса — ағалық қамқорлықтың белгісі. Үйдегі жеңгеміз айтпақшы, әрдайым газеттің жаңа санын тосып, елеңдеп отырады екен. Осындай жанашыр, қамқор ағамыз аман болсын дейміз. Тұрсынбай Ибадуллин ағамызды 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, отбасы амандығын тілейміз! Жеңгемізбен бірге шаңырақтың шаттық тойларында төрдің сәнін келтіріп отыра берсін! Алла Тағала жүз жасқа жетуін нәсіп етіп, сол тойда кезігуді жазсын!
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.