Қант диабетінің кейінгі уақытта тұрғындар арасында жиі тіркелетіні көпшілікті алаңдатып жүргені рас. Өкінішке қарай, егде тартқандарды да, жастарды да, тіпті, балаларды да бұл ауру айналып өтпеуде. Өмір бойы тағамның кейбір түрінен шектеліп, дәрі-дәрмекке, инсулинге тәуелді болу кім-кімге де оңай емес. Асқынса, басқа ағзаға да кері әсерін тигізетіні тағы бар. Демек, бұл дерт қалыпты өмір салтынан қағады. Елімізде қазіргі таңда 500 мыңға жуық адам қант диабетімен есепте тұр. Жыл сайын шамамен 18 мыңнан 30 мыңға дейін жаңа науқас тіркелетін көрінеді. Сондықтан, ақ желеңділер де алаңдаулы. Сонымен, бұл аурумен қалай күресу қажет? Алдын алудың амалдары қайсы? Міне осы және өзге де сауалдарға облыстық «Saryarqa samaly» газетінің Instagram парақшасында өткен тікелей желі барысында жауап берілді. Тікелей желі қонағы — Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың эндокринолог дәрігері Сымбат Әнуарбекқызы Қожанова.
Тілші сауалы:
— Сымбат Әнуарбекқызы, Қант диабеті ауруының қоғамда кеше ғана пайда болмағанын білеміз. Алайда, соңғы жылдары бұл сырқатқа шалдығатын адамдар санының арта бастағаны дәрігерлерді де, жалпы адамзатты алаңдатып отыр. Мұның себебі неде?
Сымбат ҚОЖАНОВА:
— Шыны керек, қазіргі таңда қант диабеті инфекциялық емес генезді пандемия болып есептеледі. Статистикаға сүйенсек, дүниежүзінде қант диабетіне шалдыққан адамдардың саны 540 миллионнан асқан. Ал Қазақстанда тіркелген науқастардың саны 500 мың адамға жуық. Облысымызға келсек, I және II типпен ауыратындар саны 21 мыңнан астам. Ескеру керек, бұл тек тіркелгендер саны. Яғни, олар диспансерлік есепте тұр, бақыланады. Ал бақыланбайтын немесе өзінің ауруына мән бермейтін адамдар да өте көп. Бұл сырқатқа шалдығатындар санының артуына өмір салтының өзгеруі, соның ішінде тамақтану ерекшеліктері мен физикалық белсенділіктің төмендеуі себеп. Қазіргі таңда қант диабетін диагностикалау жоғары сапада әрі қолжетімді.
Тілші сауалы:
— Осы орайда аурудың негізгі белгілерін айтып өтсеңіз?…
— Жалпы, қант диабеті жаңадан басталғанда аса білінбейтін патология болып есептеледі. Мысалы, алғашында жиі шөлдеу, тез шаршау, физикалық белсенділіктің төмендеуі, ұйықтап тұрсаңыз да тыныққаныңызды сезбеу, кіші дәреттің жиілеуі, аяқтың сырқырауы орын алады. Мұндай белгілерді көп адам өзінің жасымен байланыстырып, қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Сөйтіп жүре береді де, бір күні скрининг жасағанда немесе басқа бір жағдаймен ауруханаға барғанда қанда қанттың мөлшерден көптігі анықталып жатады. Яғни, кейде кездейсоқ белгілі болады. Сондықтан тұрғындар кез келген өзгерістің себебін білуге асыққаны жөн. ҚР Денсаулық сақтау министр-лігінің бұйрығы бойынша скрининг-
тік топтар бар. 40 жастан асқан адам әрбір екі жылда бір рет қант тапсырып отыруы тиіс. Сау адамда аш қарында таңертең күретамырдан алынған қанның құрамындағы қант 5,5 ммоль-ден аспауы тиіс. Америкалық диабетиктер қауымдастығы бойынша бұл көрсеткіш 5,6-дан көтерілсе, диабеталды ауру деп есептеледі. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жүйесі бойынша қант 6-дан асқанда диабеталды саналады, 7-ден асса қант диабеті диагнозы қойылады.
Майра:
— Бұл дерттің толық емі бар ма? Толық айығу мүмкін бе?
— Өкінішке қарай, қазіргі таңда қант диабетін толықтай емдеп шығу мүмкін емес. Яғни, қант диабеті созылмалы ауру болып есептеледі. Созылмалы дегеніміз сырқат анықталған сәттен бастап дәрігердің тағайындауларын бұл- жытпай орындап, сақтап отыру керек. Дертті толық жоятын ем болмағанымен, қазіргі таңда көптеген дәрі-дәрмектер, қантты белгілі бір деңгейде ұстап тұратын тәсілдер бар. Сырқат көбейіп келеді, ғалымдар ізденіс үстінде, жаңа препараттар шығып жатыр. Сондықтан әлі алда емі табылар деген үміттеміз.
Нұржан:
— Түрлі бад өнімдерінің қант диабетімен күресте көмегі бар ма?
— Бад дегеніміз — биологиялық белсенді заттар. Бірден айтайын, қант диабетін емдеуде олар қолданылмайды. Бадтардың ешқандай тиімділігі дәлелденбеген, тіркелмеген. Олардың қандай әсер беретіні де беймәлім. Қант түсіретін гипогликемиялық тиімділігі жоқ. Орынсыз тұтыну бұл заттарды ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал. Негізі, бад өнімдері бұл маркетинг, бизнес екенін ескерулеріңіз керек.
Тілші:
— Жалпы, аурудың салдары қандай? Диета сақтамаса, уақытылы тексерілмесе, қандай жағдайға әкелуі мүмкін?
— 40-50 жыл немесе одан аз яки көп жыл қалыпты өмір сүріп келді делік. Бір мезетте дәрігер қант диабеті сырқатына байланысты «ананы болмайды, мынаны болмайды» деген шектеу қояды. Бірден мұндай шектеулермен адам келісе алмайды, қабылдау қиынға соғады. Сондықтан көп адам көнгісі келмейді, талапқа бағынғысы келмейді. Ал негізі қант диабетін өзіңізге бағындырып алуға болады. Дәрігер тағайындаған ем-домды қабылдамаса, шектеулерді елемесе, асқыну ауыр болады. Инфаркт, макротамырлы, микротамырлы асқынулар көздің көруіне кері әсерін тигізеді. Жүрек-қантамыр сырқаттарының пайда болуына да әкелуі ықтимал. Өз басым дәрігер ретінде алдыма келген науқастың міндетті түрде табанына баса назар аударамын. «Диабеттік табан» деген ұғым бар. Қант диабетіне шалдыққан адам табанына ерекше көңіл бөліп, күтім жасауы тиіс. Асқынулар салдарынан нейропатия, полинейропатия дамуы мүмкін. Аяқта жара пайда болып, оған тиісті күтім болмаса, гангренаға айналып, тіпті аяқты кесуге дейін жеткізуі мүмкін. Биыл үш адамның аяғына ампутация жасалды. Қант диабеті кезінде ампутация жасау командалық жұмыс болуы тиіс. Облысымызда осы бағыт қолға алынады деп үміттенемін. Яғни, эндокринолог қана емес, ангиохирургтың араласуы қажет. Ол аяқ тамырларында қанның өткізгіштігін жіті зерделеуі тиіс. Содан соң хирургпен бірлесіп, бір шешімге келген жөн. «Диабеттік табан» кабинеті ашылуы тиіс. Қант диабеті көпфакторлы ауру болған соң жан-жақты тексеріс керек. Жалпы, бұл асқынулардың алдын алуға болады. Бірақ, бұл дәрігердің ғана қолында еместігін науқастар естен шығармаса деймін. Асқынудың алдын алуға жасаған әрбір әрекетіңіз сіздің өмір жасыңызды ұзартып жатқаныңыз екенін ұмытпаңыз. Физикалық белсенділікті күшейту керек. Глюкоза — энергия көзі, оны бір жаққа жұмсамасақ, ол ағзада жүріп қалады.
Тілші сауалы:
— Жүкті әйелдерде де соңғы уақытта жиі тіркелетінін естиміз. Бұл жағдайда құрсақтағы балаға қандай әсері бар? Нәрестенің осы дертке шалдығу ықтималдығы қандай?
— Жүкті әйелдерде қант диабетінің бірнеше түрі болады. Яғни, жүктілікке дейінгі болған, жүктілік кезінде дамып кеткен созылмалы түрі және тек қана жүктілік кезінде ғана кездесетін гестациялық қант диабеті деп бөлінеді. Соңғы түрі босанғаннан кейін өзі жойылып кетеді. Бұрыннан қант диабеті бар нәзік жандар міндетті түрде эндокринологтың кеңесімен жүктілікті жоспарлауы тиіс. Глюкозаның мақсатты бір деңгейге жетуі қадағалануы қажет. Өйткені, құрсақтағы бала ананың қан тамырлары арқылы қорек алады. Балаға баратын қоректің бірі — глюкоза. Егер ол көп көлемде бала ағзасына түсетін болса, оның салмағы шамадан тыс арта береді. Бұл өте қауіпті. Диабеттік фетопатия деген түсінік бар. Яғни, балаға глюкоза көп мөлшерде барса, оның ішкі ағзаларының патологиясына апаруы мүмкін. Анадан балаға қант диабеті берілмейді. Бірақ, бұл балада диабеттік фетопатия болса, өскенде қант диабетінің екінші типінің даму қаупінің факторы болады. Егер ол үлкен салмақпен дүниеге келсе, бала кезінде семіздікке ұшырау қаупі де жоқ емес. Сонымен қатар, жүкті әйел қант мөлшерін қадағаламай, тиісті инсулиннен бас тартса, онда бала туған кезде, керісінше, қант түсіп кетуі ықтимал.
Гүлден:
— Қант диабеті кезінде №9 үстелді сақтану қаншалықты тиімді?
— Негізі, қазіргі Певзнердің диателік үстелдері қолданыстан шыға бастады. Диабет кезінде №9 үстел тағайындалатын. Мұнда шектеулер тым көп. Науқас адам диета дегенді естігенде бірден қашқақтайды. Бойын қарсылық билейді. Қазір бізде «Дұрыс тамақтану тарелкасы» әдісі енгізілуде. «Гарвардтық тарелка» деп те аталады. Яғни, барлық адамға арналған. Тарелкаңыздың диаметрі 22-24 см делік, оны визуалды түрде 3-ке бөлесіз. Жартысына клетчаткаға бай өнімдер: қияр, орамжапырақтың барлық түрлері, қызанақ сынды картоптан басқа барлық көкөністер салынады. Екінші жартысын тағы екіге бөлеміз, біріншісіне көмірсуларға бай өнімдер, яғни, алақаныңыздай көлемде қанттың деңгейіне әсер ететін өнімдер саласыз. Үшінші бөлікке жұдырықтың мөлшеріндей ақуыз көздері: ет және ақ тағамдар қосылады. Клетчаткалы тағамдар астың ұзақ қорытылуын қамтиды, демек, көпке дейін тойып жүресіз. Ал клетчатка мен көмірсулар араласқанда глюкозаның тез көтеріліп кетпеуіне көмектеседі. Сондай-ақ, мал мен өсімдік майларын да тұтыну қажеттігін ұмытпаңыз.
Асылтас:
— Қанның құрамындағы қантты қанша уақыт тексеріп отыру керек?
— Қант диабеті анықталған соң дәрігер нақты ем тағайындайды. Емнің тиімділігін байқау үшін науқас өз-өзін бақылауы керек. Сырқаттың типіне және белгіленген терапияға байланысты бақылау реттілігі, уақыты белгіленеді. Егер науқас қант диабеті диагнозы қойылған соң айына бір рет ашқарынға өлшесе, одан нақты көрсеткіш көрінбейді. Өйткені, екі сағаттан кейін қанттың қалай көтерілгені, емнің әсері білінбейді. Өлшеп қана қоймай, арнайы дәптерге жазып отыру қажет. Бұл дәрігерлерге емді түзетуге көп көмек болады. Инсулинтерапия кезінде 5 рет инсулин алатын науқастар болады. Олар әрбір тамақ ішерден бұрын міндетті түрде қанттың деңгейін өлшеуі тиіс. Себебі, инсулиннің мөлшерлемесі сол қант деңгейіне қарай өзгертіліп отырады. Ішетін тамақтың көлемі мен құрамына байланысты болады. Әйтпесе, терапия далаға кетеді.
Айдана:
— Менің қанымда қант мөлшері төмен. Соның салдарынан ба, әйтеуір, жиі басым айналады, әлсіздік болады. Қантты көтеру үшін не істеу керек?
— Қаншаға төмен екенін білу керек. Сау адамда 3,1-3,3 көрсеткіші қалыпты болып есептеледі. Одан төмен түссе, белгілі бір патологияның белгісі. Сирек жағдайда гипогликемия кезінде орын алуы мүмкін. Бүйрекүсті безінің жеткіліксізігі де себеп болуы мүмкін. Оны жан-жақты тексеру керек. Ал әлсіздік, бастың айналуы қанттың төмен деңгейіне байланыста болмауы да мүмкін.
Тілші сауалы:
— Бүгінде жастар түгілі балаларда кездесіп жатыр бұл дерт. Балаларымызды қалай қорғаймыз?
— Балалар арасында аурудың көбеюінің көп факторларының бірі – артық салмақ. Тез пісетін, калориясы жоғары тағамдарды жиі тұтыну да кері әсерін тигізуде. Қозғалыстың аздығы да айтарлықтай ықпал етеді. Дүкенде бала жыламасын деп қалағанын қолына ұстатуға әуеспіз. Оның ағзаға қаншама зияны бар. Айта кетейін, балаларда көбінде I-типті түрі кездеседі. Бұл – аутоимундық процесс. Оларға бірден инсулин тағайындалады. Оны бала өмір бойы алуы тиіс.
Тілші сауалы:
— Ата-анасының бірі қант диабетімен ауырса, баласының ауыру қаупі қанша пайыз?
— Мәселен, белгілі бір отбасында қант диабетіне шалдыққан адам бар делік. Одан туған балалар қауіп факторында тұрады. Ары қарай бәрі баланың өмір салтына байланысты. Яғни, дұрыс тамақтанып, дене қозғалысына мән берсе, ол бала бұл дертке шалдықпауы әбден мүмкін.
Жұлдыз:
— Жасым 30-дан асты. Қантқа, тәттіге әуеспін. Қанымдағы қант мөлшері нормада, бірақ болашақта кері әсер ете ме деп қорқамын. Тәттіқұмарлықты қалай тыйсам болады?
— Алдымен, қантқа, тәтті тағамдарға әуестіктің себебін анықтау қажет. Қай кезде көп тұтынатыныңызға мән беру керек. Мәселен, уайымдағанда, күйзелісте жүрген кезде тәттіге құмарлық артса, психологпен жұмыс жүргізген жөн болар. Күнделікті рационыңызға да назар аударып қойыңыз.
Арман:
— 2-ші типті диабетпін. Шайды қантсыз іше алмаймын. Таблетка түріндегі қант алмас-тырғышты қолданамын. Оны күніне қанша мөлшерде қолда-
нуға болады?
— Қолдануға болады, бірақ, нақты қай түрі екеніне де назар аудару керек. Кейбірі әлі зерттелуде. Кейбірінің зияны көп. Шәйға салған соң екі сағаттан кейін қандағы қантыңыздың деңгейін тексеріп көрген жөн. Егер қант күрт көтерілсе, демек, қант алмастырғышты қолданбағаныңыз абзал.
Қымбат:
— Бал тәттіге жата ма?
— Бал да тәтті деп саналады. Бізде әрбір ағзаға түскен көмірсудың сіңірілуіне қатысты гликемиялық индекс деген түсінік бар. Бал тез сіңірілетін көмірсуларға жатады. Ол ауыз қуысында сіңіріле бастайды, бірден қанттың деңгейін көтеріп жібереді. Қант диабеті кезінде балды шектеу керек. Кейбір адамдар майлы тағам-дардың қант деңгейіне қандай қатысы бар деген пікір айтып жатады. Кейбірі «қант жемеймін, неге ол жоғары болады» деп те келеді. Бәрі бір-бірімен байланыста ғой. Құнарлы, майлы тағамдар семіздікке жетелесе, артық салмақ қант диабетінің қауіп факторы екенін ескеру керек.
Гүлмайра:
— Қант диабетіне шалдыққан адамдардың барлығына тегін дәрі-дәрмек беріле ме?
— Қант диабетімен есепке алынған азаматтар тегін дәрі-дәрмек алуға құқылы. Тегін дәріге рецептіні учаскелік дәрігеріңіз жазып береді. Мемлекетіміз бұл бағытқа көп қаржы бөледі. Өйткені, бұл сырқатқа қатысты көп дәрі тегін медициналық көмек тізіміне кіреді. Инсулиннің барлық түрлері тегін беріледі. Инсулинге арналған инелер, глюкометр, тест-жолақша да үлестіріледі. Тек қана дәрі ішетін науқастарға глюкометр берілмейтінін айта кетейін. Олар өздері сатып алады. Ал инсулинге көшкен адамдар толық қамтамасыз етіледі.
Тілші сауалы:
— Тұрғындар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай ма? Уақытылы келе ме?
— Мені мазалайтын мәселелердің бірі – осы. Келетін уақытын, кезектілігін науқастарға жазып береміз. Бірақ, көбіне, айлап түгілі, жылдап жоқ болып кететіндер бар. Сырқатпен күрес екі жақты жүрмесе, нәтиже болмайды. Жауапкершілікпен қарайтындар да бар. Оларға құрметім ерекше. Өйткені, бірлесіп жүріп, ортақ оң нәтижені көргенде, еңбегіңнің зая кетпегеніне қуанасың. Әлемде қант диабетімен ұзақ жыл ел қатарлы өмір сүріп, асқынуларға жол бермеген жандарға берілетін Джослин марапаты бар. Қателеспесем, Қазақстанда осындай марапатты бір адам ғана алды.
Тілші сауалы:
— Сырқаттың алдын алуға қатысты тұрғындарға қандай кеңес бересіз?
— 14 қараша – Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні екенін білесіздер. Бұл сырқатпен күреске арнайы күннің жеке бөлінуі де бекер емес. Әлем бойынша маңыз беріліп отыр дегенді білдіреді. Кеңеске келетін болсақ, біріншіден, салауатты өмір салтын сақтану қажет. Спортпен шұғылдануды әдетке айналдырыңыздар. Физикалық жүктеме жүрген жерде адамның бойына күйзеліс жуымайды. Дұрыс тамақтануға ден қойыңыз. Ал сырқаты бар жандар уақытылы тексеріліп, өзін қадағалап, дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындауға көңіл бөлуі керек.
Түйін:
Статистикаға қарасақ, өкінішке қарай, науқастар қатары жыл өткен сайын қалыңдап келеді. Алаңдауға негіз бар. Тұрғындар әлі де аурудың салдарына терең үңілмейтіні аңғарылады. Әлі де білмейтін тұстары аз емес. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың қаншалықты маңызды екенін ұғынса дейсің. Ең бастысы, дәрігер жазып берген ем-домды уақытылы, тиісті тәртібімен қабылдап, орындаса, бұл сырқатты өзіне бағындырып алуға болады.
«Тікелей желіні» жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.