Биыл облысқа шекаралас елдерден 800-ден астам қандас көшіп келген. Оларға толық-қанды квота берілді. Алдағы уақытта шеттен келген ағайынның осы елге бейімделуі үшін жаңа пилоттық жоба жүзеге асырылмақ.

Жуырда Павлодар облысына жұмыс сапарымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бас менеджері Еркебұлан Меңлібаев келіп, облысқа қоныс аударған қандастармен кездесті. Кездесу барысында қандас мәртебесін алуға құжат тапсыру, квотаға ілігу, бизнес бастау үшін берілетін қайтарымсыз грант, шекарадан көлік, мүлік асыру, зейнетақы, жәрдемақы алу және медициналық сақтандыру мәсе-лелері талқыланды. Еркебұлан Қайырбекұлы дөңгелек үстел бар сында өзге елдерден көшіп келген отандастарымызға қандай қолдаулар көрсетіл-гендігі туралы айтты.

— Біздің мақсатымыз – әлемдегі қазақтардың бірегейлігінің сақталуына қолдау көрсетіп, оларды қазақ елі төңірегінде біріктіру. Этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері ҚР тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өзінің төлем қабілеттілігін растаудан босатылады және ҚР азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылданады. «Қандас» мәртебесiн алған адамдар мен олардың отбасы мүшелерi медициналық көмекпен, ҚР азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтік қорғалумен, мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, техникалық, кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiмен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, тағы да бірқатар жеңілдік бар, — дейді ол. Облыста 2017 жылдан бері 4 500 қандас қоныс аударған. Биыл 802 адам көшіп келді. Оларға мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек жасалды. Мұндай көмекке ие болғандардың бірі – Сағатбек Иманмәлікұлы.

— Үлкен ұлым осыдан үш жыл бұрын көшіп келген еді. Осы жылы бізде тарихи отанымызға оралдық. Үкімет үлкен көмек көрсетіп жатыр. Көшіп келуге арналған жолақыны, үй жалдау құнын және жұмыспен қамтыды, — дейді ол. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Дастан Бақтиярұлының сөзінше, қандастардың әрбіріне көшіп келу шығыны мен тұрғын үй алуға 50 пайыз көлемінде қаржылай көмек көрсеті-леді. Осы жылы бюджеттен 671 млн теңге бөлінген. Ал қандастардың елге оралғанға дейінгі барлық жұмысын жеңілдету үшін жаңа пилоттық жоба қолға алынбақ.

— Бұдан бөлек, қандастардың бизнеспен айналысуына да қаржылай көмек көрсетіледі. Олар шағын қайтарымсыз гранттар алуға құқылы. Сондай-ақ, мал және егін шаруашылығымен айналысуға ниетті адамдарға 5 жылға дейін ақысыз жер телімдері беріледі. Айта кетейік, жыл басынан бері ресми мәліметке сүйенсек, оңтүстік өңірлерден 1700-ге жуық адам, 717 этникалық қандас шет елден көшіп келіп, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына кірді.

Айдана БОРАНБАЕВА.