13-19 қараша аралығында Астана қаласында ҚР бокстан VI спартакиадасы өтті. Олимпиада сияқты төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын бұл жарыста 13 салмақ дәрежесі бойынша 200-ге жуық спортшы жүлдеге таласты. Аймақ намысын қорғаған біздің былғары қолғап шеберлері олжалы оралды.

Шаршы алаңдағы бәсекеде жастармен қатар есімдері танымал Азия, Әлем чемпиондары да бақ сынады. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралхан, біздің жерлесіміз Серік Теміржанов және тағы басқалары бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 176 спортшы жиналды. Оның ішінде 10 боксшы Павлодар облысының намысын қорғады. Жартылай финал мен ақтық сайысқа бес спортшымыз өтті. Бұл ретте көптен көрінбей жүрген Олжас Боқаевтың жақсы ойын өрнегін көрсете білгенін атап өткен жөн. 92 келіден жоғары салмақта қолғап түйістіретін спортшымыз финалдың жолдамасы таласқа түскен тартыста қарсыласына есе жіберіп, үшінші орынды қанағат тұтты. 86 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Шаймұрат Құсайынов та қолды жүлдені қанжығасына байлады. Бұған дейін әлемдік додаларда топ жарып жүрген тағы бір жерлесіміз Ерболат Сабыр да үздік үштіктен көрінді. 67 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Бахтияр Смағұловтың қарсы-ластары оңай болған жоқ. Финалдық кездесуде ол Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, тараздық боксшы Дулат Бекбауовпен қарсылас атанды. Бұл тартыста тәжірибе басым түсіп, Жамбыл облысының спортшысы жеңіске жетті. Ал Бахтияр Смағұлов күміс медальді иеленді. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жерлесіміз Серік Теміржанов бұл жолы 57 келі салмақтан 63 келіге ауысты. Бұл салмақтың ақтық бәсекесінде Түркістан облысынан келген Мұхаммедсабыр Базарбайұлымен кездесті. Қос мықтының арасындағы жарыс қызу өтті. Десе де, оңтүстік өңірдің намысын қорғаған қолғап шебері біздің жерлесімізді 4:1 есебімен жеңіп, жарыс чемпион атанды. Серік Теміржанов жеңіс тұғырының екінші орнынан көрінді. Осылайша, төрт жылда бір келетін жарыста біздің облыстың атынан шыққан 10 спортшының бесеуі олжалы оралды. Атап айтқанда, үш спортшы үшінші, екі боксшы екінші орынды алды. Жалпыкомандалық есепте Павлодар облысы 8-орынға тұрақтады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.