Тәуелсіздік! Қандай терең һәм биік сөз! Азаттық жолында баһадүр бабаларымыз Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлы даланы ұрпағына аманаттау үшін күндіз күлмеді, түн ұйықтамады. Жүзжылдықтарға созылған бостандық күресінің жеңісі жиырмасыншы ғасырдың соңында ғана қолға тиді. Сөйтіп, қазақтың алтын ғасыры туып, ел егемендігін алды. Азаттықты жырына арқау еткен арқалы ақындар да көкте күннен, жерде гүлден сүйінші сұрап, егемендік жайлы еңселі туындылар жазуға асықты. Осылайша, ұлттық рух ұранды үнмен асқақтай түсіп, тәуелсіздік жырлары тұла бойымызды қыздырып, қобыздың үніне, домбыраның күйіне қанат бітірді. Ендеше, тілі мен ділін, салт-дәстүрін берік ұстанған, шекарасын бекіткен егемен елдің ұлық мерекесі қарсаңында Тәуелсіздік хақында хатқа түскен бір топ өлеңдер топтамасын ұсынамыз.
Тәуелсіздік туралы түйсік
Күрең күзде қалса да құмай күнім,
Шарла менің шабытым жыр айдынын.
Жыл айналып желтоқсан жеткен кезде
Тәуелсіздік туралы сұрайды ұлым.
Ұғынсам да ұғымын бір адамдай,
Ой он саққа бөлінсін мұнарамдай.
Тәуелсіздік дейсің бе?
Ал, толқиын,
Қапелімде сөз сөлін шығара алмай.
Қайыстырар жүгіндей қара нардың,
Қарғам, қайдан сауалды қалап алдың?
Тасқа басқан тарихын түртсем бе екен
Білге қаған секілді бабалардың.
Болған сонау бағзыдан бөрілі аймақ,
Тозған десең, түсейін бері жайлап.
Шерменде елдің шер-мұңын шертсем бе екен
Көші көшкен еріксіз «Елім-ай»-лап.
Дейсің бе ұлым: — Оның да ғасыры өткен,
Сұңғыла сыр ерді елге ғашық еткен.
Теңдік сұрап ақырып,
Ақырында,
Өр Махамбет ақынның басы кеткен.
Біздер үшін буғаны бекем белін
Бекер болса,
Бұл күнге жетер ме едің?
Атылғанын астарлап айттық кеше
Арда туған Алаштың көсемдерін.
Қазбалайсың қанағат алмас, ұлым,
Ақиқаттың алдында аз ба шығын.
Көңілімнің көзіне көлбеңдейді
Аза тұтқан алаңы Алматының.
Бүтін болғай осы бір кем дүние,
Егеменді ел болдық енді міне.
Тәуелсіздік…
Түсінсең, түйсік керек,
Қастерлі бұл ұғымның кеңдігіне.
Биіктікті қаперге алшы мына
Жетпейді оған ғаламның тау, шыңы да.
Бодан ел көп әлі де босып жүрген
Аңсары ауып азат күн ауқымына.
Тәуелсіздік – қонған құт бұл саған да,
Тосын жайда таптатпай жүр табанға.
… Анау тудың асқақтап тұрғаны абзал
Шіркін, орны бөлек қой шыршадан да!
Достық ТІЛЕУБЕРГЕНОВ.
Қазақстаным!
Қазақстаным, Тәуелсіз Қазақстаным!
Ақ қанат таңның көрдім мен ғажап ұшқанын.
Көрдім мен сенің мөп-мөлдір айдындарыңды,
Алатау, Алтай, Қаратау айбындарыңды.
Ұлытауыңды, көрдім мен Шыңғыстауыңды,
Абайдың жыры оқылған мың қыстауыңды.
Гүлденді қазір кең далам иесі болмаған,
Жамбылдың Қызыл жолбарыс киесі қолдаған.
Махамбет сөзі лаулаған Қараойды көрдім,
Мағжан боп өзі қаулаған дара ойды көрдім.
Мұстафа, Халел, Жақып пен Әлімхандарың,
Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек, Әлихандарың…
Бауырыңа қайта оралды өз арыстарың,
Қазақстаным!
Тәуелсіз Қазақстаным!
Көне ғасырлар сыр ашты, гүлге де орандың,
Пырағы жетті Күлтегін, Білге қағанның.
Рухсыз жүдеп тұр еді жұтап даласы,
Қайта жаңғырды Отырар кітапханасы.
Түркістаныма Тайқазан — құтым оралды,
Көне Таразым жинады бүкіл адамды.
Тарихтың дариялары терең өрілді,
Арыстан Баб пен Иассауи жебеді елімді,
Естілді қайта жаңғырып көне сарындар,
Бабыр, Фараби, Қашқари, Баласағұндар.
Ұрпаққа жетті өзгермей бәз алыстағы үн,
Қазақстаным!
Тәуелсіз Қазақстаным!
Құлпырды жерім, қызғалдақ нұрға кенеліп,
Ақындар өлең оқыды жырға бөленіп.
Күйшілер шертті Тәттімбет, Құрманғазыдан,
Домбыра – дала шанағына тұнған қазынам.
Ынтымақ, ырыс күйлерін шертіп аймағым,
Қырандай қанат қағады еркін ойларым.
Тәуелсіздіктің әншілері шырқады әуенін,
Қазақстаным, не деген тұлпар ел едің.
Алтын күн алтын далама құйыпты нұрын,
Желбіреп тұрған Көк Туым, биік тұғырым.
Оралып батыр, билерім, хандарым ойға,
Іргеміз бүтін ел болдық, тәуба, құдайға!
Қазақстан, Астана, өзен-көл, тау-тасым енді,
Әлемнің барлық жаңарған картасына енді.
Бостандығымның күн санап асқақтап әні
Нұрлы болашаққа рухымыз бастап барады.
Ғаламға жайдың аспанға қазақ ұшқанын,
Қазақстаным!
Тәуелсіз Қазақстаным!
Бауыржан ЖАҚЫП.
Тәуелсізбін!
Тәуелсізбін!
Тәуелсізбін мен бүгін.
Келді, міне, азаттағым, теңдігім.
Бостандықта бойлығым мен ендігім
Шешіл енді, шемен болған шерлі үнім!
Қарсы қарап қатал мынау заманға,
Айналдық біз қайтпас, қайсар қамалға.
Алды бүгін тәуелсіздік тау, тасым,
орман, көлім, далам менен балам да!
Жаным менің,
қаным менің тәуелсіз.
Арым менің,
жарым менің тәуелсіз.
Заңым менің,
бағым менің тәуелсіз.
Әнім менің,
дәнім менің тәуелсіз.
Тәуелсізбін —
Өзіме-өзім құдаймын.
Тәуелсізбін —
Нұры сынды, күн, айдың.
Құласам да емін-еркін құлаймын,
Жыласам да емін-еркін жылаймын.
Тәуелсізбін —
танып тұрмын өзімді
Ұшырамын қанат байлап сөзімді.
Ешкім енді көкірегімнен итеріп,
Ешкім енді шұқымайды көзімді.
Тәуелсіз ғой ойым менен ұғым да,
Бақыт құсым қонды келіп тұғырға.
Тәуелсіздік алды бүгін, қараңдар,
Тойым түгіл
қайғым менен мұңым да.
Заман өтті —
қансыратып қанаған,
Заман өтті —
қалтыратып тонаған.
Тәуелсіздік келді, міне, ақыры!
Зорға жеттім,
Зорға жеттім мен оған…
Темірхан МЕДЕТБЕК.
Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!
Ендіктерді аралап еркін дүбір,
Алаулатты керемет көркіңді нұр.
Алақайлап аспанға атып тұрып,
Берекелі бастағы бөркіңді бір…
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?
Бұдан асар бақ бар ма?
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Әдіптеді арманды әуелгі үміт,
Кекете алмас қазақты жау ел күліп…
Тәуелсіздік туындай биік еңсең,
Кетті бүгін келмеске тәуелділік…
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?
Бұдан асар бақ бар ма?!
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Төрт түліктен майысып арқа, белдер,
Тойлап жатыр ой, қырда дарқан ерлер…
Танып жатыр, мойындап Қазақ Елін
Танығысы келмейтін тарпаң елдер…
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?!
Бұдан асар бақ бар ма?!
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Базарбай Исаев.
Желтоқсан алаңы
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер.
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер.
Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға алакөк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп.
Жоқ!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылған тары боп.
Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сені бақыт, не сор іздеп табады.
..Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас. Оны да еске салады
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.
Мұхтар ШАХАНОВ.