Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қорытынды төралқа мәжілісі барысында «Мүфтият үздігі – 2023» аталымымен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, номинация иегерлерін марапаттады.
— Біз биыл да дін қызметінің үздіктерін марапаттау шарасын арнайы осы Төралқа мәжілісінің күн тәртібіне енгізіп отырмыз. Әрине, бәріміз Алла үшін қызмет етеміз. Еңбектің ескерілгені де жақсы. Бұл марапат дін қызметкерлеріне ерекше күш пен жігер сыйлайды деп есептеймін. Аллаға шүкір, діни қызмет аясында жариялаған «Ислам және ізгі қоғам» жылында сіз болып, біз болып, ауқымды шараларды бірге атқардық. Біз осы ретте асыл дініміздің абыройын асқақтату, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бекіткен бағыттар бойынша үздік нәтижелер көрсеткендігі, әрдайым сауапты істерге белсенді атсалысқандығы, халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға себепкер болып, қайырымдылық іс-шараларға демеушілік жасағаны, қолдау көрсеткені, руханият пен ихсан ілімінің халықтың арасында кеңінен таралуына ықпал еткендігі, білімге деген құштарлығы мен ықыласын көрсетіп, жыл қорытындысы бойынша ең үздік нәтижелер көрсеткендігі, қоғамды ізгілендіруге сүбелі үлес қосып, жалпы халық арасында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының оң имиджін нығайтуға қосқан үлесі үшін бірнеше қызметкерімізді арнайы марапаттап отырмыз» деді ҚМДБ төрағасы. Салтанатты шарада осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер 31 аталым бойынша марапатталды. Олардың арасында Павлодар облысынан үш қызметкер «үздік» деген атаққа ие болды. Олар — «Үздік ұстаз» – Рүстем Дәулетов, «Үздік діни сайт» – «Mazhab.kz» сайтының ұжымы және «Үздік есепші» аталымында Гауһар Жұмағалиқызы оза шапты.
Өз тілшіміз.