Еңбек ардагері Қазкен Шахметов — әркез жерлестерінің жағдайын ойлап, қолынан келсе жақсылық жасауға бейім тұратын азаматтардың бірі. Өмір жолы, еңбек жолы туған өлкесі Баянаулада өрілді, өріліп те келеді. Өріліп келеді дейтінім, жетпісінде қажымай-талмай, ауданның қоғамдық жұмыстарының басы-қасында жүр. Түрлі деңгейде өтетін сайлауды да бұл кісінің қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Талай жыл ауданның аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы болды. Қазір «Аманат» партиясының бақылаушысы.

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Сол сияқты әр жеңіс пен жетістіктің тасасында өмір бойы жалғасқан өлшеусіз еңбек тұрады. Талай жақсы мен жайсаң шыққан Баянауланың тумасы Қазкен Бәзтайұлының өмір парақтарына тоқталсақ, 1954 жылғы 6 қаңтарда Ұлы Отан соғысының ардагері Бәзтай Шахметовтің отбасында дүниеге келген. Қазкен Бәзтайұлы 1971 жылы Баянауылдағы орыс мектебін тәмамдап, Павлодар қаласындағы Индустриалды институтқа оқуға түседі. 1977 жылы аталмыш оқу ордасын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша тәмамдайды. Қазкен Бәзтайұлының алғашқы еңбек жолы Баянауылдағы «Жол-Пайдалану құрылыс» басқармасында аға шебер болып басталады. Ауыл-
шаруашылық кәсіби техникумында өндірістік оқу құрылыс шебері болып та еңбек етті. Қабырғасын еңбекпен қатайтып, сол тұстағы адамдардың ортасындағы қыл өтпейтін сыйластықты, ешкімді алаламайтын асыл қасиетті көріп өсті. Қазкен ағаның кішіпейілдігі, қиындықты елемейтін, қысымды көтере білетін қасиетінен өнеге алып, қайырымдылық пен мейірімділіктің парқын көруге болады. Талай жыл керуен көшімен ілесіп, барлық істе аудан жұртшылығымен бірге жасасып келеді. Жүрісі ширақ, мінезі байсалды Қазкен Бәзтайұлы сөзге жоқ, істің адамы. Білімді, қашан да өзіне сенімді, жағымпаздық пен жалтақтыққа жат Қазкен Бәзтайұлының байыпты тұлғасынан осындай ерекше қасиеттер байқалып тұрады.

– Мен үшін туған өлкем – Баянаула өсу, өрлеу, кәсіби біліктілігімді шыңдаудың үлкен шеберлік мектебі болды. Әуелі құрылыс саласында еңбек етсем, кейін партия қызметіне ойыстым. 1979-1982 жылдар аралығында ауданның комсомол комитетінің ІІ хатшысы болдым. 1982 жылдан 1986 жылға дейін төрт жыл бойы Баянауыл аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1986 жылы Алексеевка совхозының партия комитетіне хатшы болып ауыстым. Ол жерде 1991 жылға дейін еңбек еттім. Осындай жұмыстарда жүріп шыңдаласың. Саяси жетекшіліктің, үлкен ұйымдастырушылық қабілеттің де айрықша айқындала түскен уақыты осы кезеңдер болғаны ақиқат. Ер азамат үшін қандай қызмет берілсе де алдымен үлкен жауапкершілікпен қабылдап, абыроймен атқаруы тиіс деп ойлаймын. 1991-1993 жылдары Баянауыл өндірістік №4 учаскесінде шебер болып еңбек еттім. Негізгі мамандығым «Инженер-құрылысшы», Кеңес тұсында партияда еңбек еткен маған 1993 жылы Сабындыкөл жағасында «Колос» атты пионерлер лагеріне басшылыққа шақырылдым. Ол жерде екі жыл қызмет атқардым. Уақыт көші сіз бен біз ойлағандай бір орында тұрмайды. 90-шы жылдардың тоқырау тұсы кімге болсын оңай тимеді. Талай азамат отбасын асырап-бағу үшін «екі қолға бір күрек» іздеп, қала жағалады. Мен де 1995-1999 жылдар ішінде Павлодар қаласында түрлі мекемеде жұмыс істедім. Бірақ 2000 жылдардың басында туған жерім –
Баянаулаға қайтып оралдым. Баянауыл ауданының жұмыспен қамту орталығына бас маман болып орналастым. Осылайша, қайта мемлекеттік қызметтегі күндерім басталды, — дейді ол.

Елі үшін қызмет еткен, еңбектің арқасында абырой биігіне көтерілген Қазкен Бәзтайұлы Баянауыл ауылы әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлар жұмысы бөлімінің бас маманы, аудандық сәулет, қала құрылысы бөлімінің басшысы болып қай салада қызмет етсе де, өзінің қайсарлығы, еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, білікті де іскер, шебер ұйымдастырушы, елмен тіл табыса білетін талапшыл басшы, кәсіби маман ретінде таныла білді. Ол 2011 жылы бір кезде өзін бас маман етіп жұмысқа қабылдаған аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы болып орналасты. Талай жұмыссыздың жұмысқа орналасуына, жас кәсіпкердің мемлекеттік грант алып, кәсібін ашуына себепші болып, 2017 жылы құрметті демалысқа шықты. Алайда тәжірибесі мол, елді ұйыстыра білетін, жұрттың құрметіне бөленген басшыға сұраныс қашан да бар. Басшылықтың шешімімен Қазкен Бәзтайұлы аталмыш мекемеде тағы бір жылға қалып, жас мамандарды еңбекке одан әрі шыңдады. Ерекше айта кетер жайт, 2012, 2014, 2017 жылдары ауданда жұмыссыздықты жою, шағын, орта бизнесті өркендету, несие беру, алғашқы жұмыс орнын ашу және Қазақстан Республикасы Президентінің «Көші-қон» бағдарламасын жоғары деңгейде жүзеге асыруда жұмыспен қамту орталығы 1-орынға ие болып отырды. Мұндай жоғары көрсеткіштің артында білікті басшының қолтаңбасы тұрғаны ақиқат.

Халқымызда «Бидайдың басын көтергені – дәнінің жоқтығы, басшының кеудесін көтергені – ақылының жоқтығы» деген сөз бар. Қашан көрсең де сабырлы қалпынан таймаған қарапайым да кішіпейіл мінезімен ерекшеленетін Қазкен ағаны қалай мақтасақ та жарасымды. Ел үшін жасаған игі істері өз кезегінде бағаланып, аудан, облыс әкімдерінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары, ҚР Президентінің Алғыс хаты шаңырағының төрінде тұр. Кеудесіне «Павлодар облысына –
75 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне –
30 жыл» мерекелік медальдары тағылды. Өткен жылы «Аманат» партиясының «Белсенді қызметі үшін» және «Баянауыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталды. Туған жерінің өркендеуіне 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, оның ішінде 17 жылын мемлекеттік қызметке арнап, зейнеткерлікке шықса да аянбай еңбек етіп жүрген ардагерге Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы атағы берілсе де артық емес. «Мәртебелі марапатты иеленді» деп сүйіншілейтін күнге аман-есен жетіңіз, аға! Жетпіс деген еңселі биігіңіз құтты болсын!

 

Айдана АЙТУҒАН.