облыс орталығында тұрақты тіркеуде тұрған 35 жасқа дейінгі жастар өтініш бере алады. Сонымен қатар, өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке немесе жалдамалы баспанасы болмауы, ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауы тиіс.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Кенжегүл Жолжақсынова бағдарламаға қатысу денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, әлеуметтік салада, БАҚ, университет немесе ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі тұрғындар 9 ақпанға дейін өтініш бере алатынын айтты.
— Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Маңызды бір шарт – отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 6 деңгейінен аспауы керек. Биыл оның көлемі — 43 407 теңге. Несие алушылардың тізімі балдық жүйе бойынша құрылады. Есептеу мынадай тәртіппен жүргізіледі: таңдаған мамандығы бойынша жұмыс өтілі әрбір толық жыл үшін – 2 балл, әр балаға – 2 балл, бірлесіп тіркелген некенің әрбір жылы үшін – 1 балл. Құжаттар Павлодар қаласы Ломов көшесі, 38 мекенжайындағы Жастар бастамаларын дамыту орталығында қабылданады. Бағдарлама басталған алғашқы екі күнде 108 өтініш түсті.
Жеңілдікті ипотека беру жоспарланып отырған «Отбасы банкі» әлеуетті несие алушының төлем қабілеттілігін тексеруі тиіс. Мақұлданған жағдайда өтініш беруші 10 пайыз бастапқы жарнамен және жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 18 миллион теңгеге дейінгі сомаға несие алады. Ипотека мерзімі 19 жылға дейін, — деді К.Жолжақсынова.
Сонымен қатар, брифинг барысында «Отбасы банкі» АҚ облыстық филиалының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғаламов «Ертіс жастары» бағдарламасының шарты бойынша азаматтар көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерді немесе жеке тұрғын үйді бастапқы және екінші деңгейлі тұрғын үй нарығында да сатып алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Кепіл саясаты бойынша тұрғын үй салынған жылға қойылатын талаптар бар. Егер бұл кірпіш үй болса – өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарынан аспау керек. Ал басқа құрылыс материалдарынан салынған тұрғын үйлердің мерзімі 50 жылдан аспауы тиіс. Төлем қабілеттілігі расталғаннан кейін өтініш берушіге сатып алуға лайықты баспана табу үшін 60 күнтізбелік күн беріледі. Таңдау кезінде өтінім берушілер тұрғын үйдің салынған жылына және қабырғалардың материалдарына назар аударуы қажет, — деді ол.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ