Майқайыңдағы алтын кенішінде опырылған жерге түсіп кеткен автобус пен екі құтқарушыны құтқару жұмыстары 3 ақпан күні уақытша тоқтатылған еді. Оған себеп құтқарушылар өміріне қауіп күшейді. Яғни, опырылған аумақтағы топырақтың құрылымы қатты өзгеріп, үлкен сызаттар пайда болған еді.

 

Құтқару жұмыстары тоқтатылған кезде өнеркәсіптік қауіпсіздік, тау және геологиялық жұмыстар саласындағы сарапшылар опырылған жерді зерделеп, қорытынды шығарылатыны айтылған болатын. Мұндай мамандарды «Майқайыңалтын» АҚ басшылығы жұмысқа тартпақ.

Кеше апат орнында жұмыстар қайта жанданды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі мәлім етті.

— Жұмыстар жанданды. Тау-кен жұмыстары тәулік бойы жүргізілетін болады. Шұңқырдың айналасын үйінділермен қоршау қолға алынады. Тау-кен инженерлік жұмыстарын жүргізу жобасына дайындық жасалады. Ауыр техникалардың көмегімен бүйірлік траншеялар кеңейтіліп, шұңқырдың түбіне дейін аппарель тереңдетіледі. Бұл жұмыстармен кәсіпорын айналысуда, — делінген департаменттің хабарламасында.

Департаменттің барлық күштері мен құралдары — апат орнында. Яғни, олар жүргізетін жұмыстар кезегін күтпек.

Ал автобустың ішінде болған екі құтқарушының бірі Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден әлеуметтік желі арқылы тағы көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр екенін айтты. Ол бір айдан аса уақытта автобустың нақты қай жерге құлағанын анықтай алмау құзырлы министрлікке үлкен сын екенін жеткізді. Елімізде бұрын-соңды болмаған жағдай екені мойындалғанымен, құтқару жұмыстарына шетелдік мамандарды тартудың қажеті жоқ деп кесіп айтудың еш қисынға келмейтінін алға тартты. Қажетті құрал-техникалардың құзырлы мекемелерде болмай, оны жекеменшік компаниялардан іздеумен күн өткізетініне налиды. Алыс елдердің болмаса да, ТМД мемлекеттерінің көмегіне жүгіну қажеттігін айтады. Бір ай бойы әкесін күткен бес балаға, жалғыз ұлын аңсаған ата-анаға жұмыстардың нақты нәтижесіз өтіп жатқаны ауыр азап, дейді Нұрсұлу Шаймерден.

Кеше ғана Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр журналистердің Майқайың кенішіндегі іздестіру жұмыстарына неліктен халықаралық құтқарушылардың тартылмайтынына қатысты жауап берді.

— Халықаралық құтқарушыларды тартудың ешқандай қажеттілігі болған жоқ, себебі, ондай тәжірибе ешкімде жоқ. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік, кен орнының қызметкерлері де өз әріптестерін-құтқарушыларды іздестіру үшін бар күштерін салды, — деді Роман Скляр.

Г.МАҒЖАН.