Облыс оқушылары алдағы оқу жылынан бастап мектепке жаңа автобуспен қатынайды. Балалардың құқығын қорғау күніне орай ауыл мектептеріне 16 америкалық үлгідегі автобустың кілті табысталды. Сондай-ақ, Орталық жағалауда өңірдің озат оқушыларымен кездесу ұйымдастырылып, «Shattyk Бала Fest» атты гала-фестиваль өтті.
Оқу жылының аяқталуына орай Орталық жағалауда облыс мектептерінің 23 оқушысы үшін мерекелік таңғы ас әзірленді. Оған облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Аймақ басшысы әлеуметтік жобаларда көзге түскен, қызықты әуесқойлығы бар, ерлік көрсеткен, тіпті, бизнес- пен айналысатын балаларға жарқын жетістіктер мен толағай табыстар тіледі.
— Біз өз тарапымыздан еліміздің жас азаматтары жайлы ортада өсіп, барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілуі үшін бар күшімізді саламыз. Еліміздің келешегі — білімді жастардың қолында, — деді А.Байханов.
Мектеп оқушылары өздері туралы айтып, ой бөлісіп, жобаларын ортаға салды. Мысалы, Аружан Жантай – мектеп президенті, іскер бизнесмен. Аспаздық кәсібінен жинаған қаржысын қайырымдылыққа жұмсайды.
Таңғы асқа қатысқан қонақ балалардың өз ерекше тарихы бар. Олардың бірі — екібастұздық стилист Арулат Мұхаметқали. Ол жақында тырнақ сәндейтін жеке студия ашқан.
Барлық оқушы өздері туралы айтып қана қоймай, облыс басшысы туралы көп мағлұмат алды. Асайын Қуандықұлы саяхаттауды жақсы көре-тінін, туысқандарымен жиі көрісіп, саламатты өмір салтын ұстанатынын атап өтті. Кездесудің соңында барлығы естелік суретке түсті.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұл күні көлік паркі 16 автобуспен толықты. Жаңа оқу жылы қарсаңында тағы 30 көлік жеткізіледі. Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, сөмкелерге арналған сөрелермен, бейнекамералармен жабдықталған. Оларда қозғалысы шектеулі балаларға арналған көтергіштер бар.
Облыс әкімі Асайын Байханов мектеп директорларына автобус кілттерін табыс етіп, игі жұмыстар әлі де жалғасатынын айтты.
— Енді ауыл оқушылары аудандық, облыстық байқауларға, жарыстарға еш қиындықсыз қатыса алады. Балалар — біздің болашағымыз! Сол себепті, олардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуы – басты назарда, — деді аймақ басшысы.
Автобустың ерекшелігі сол, есіктері ашық тұрғанда қозғала алмайды. Сары түс алыстан көзге шалынып, мектеп оқушыларының қауіпсіздігін де қамтамасыз етпек. Яғни, жолдағы өзге көлік жүргізушілері мұндай қоғамдық көліктерді бірден байқай алады.
Балаларға арналған мерекелік шаралар «Shattyk Бала Fest» фестиваліне ұласты. Орталық жағалаудағы арка түрлі-түсті ленталармен, шарлармен, гүлдермен және ұшақ модельдерімен безендірілді. Бұл жер қолөнер алаңы деп аталды. Онда әр бала сурет салуға, бисермен айналысуға, қағаз бен пластилиннен мүсін жасауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, ғылыми жұмыстар, сәндік-қолданбалы өнер, әуе және кеме модельдеу, ұлттық шығармашылық бұйымдарының көрмелері ұйымдастырылды.
Басты сахнада облыстың аудан-қала мектептері мен бала-бақшаларының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Мерекелік концерт «Қос қанат» егіздер фестивалімен жалғасты. Соның барысында 38 жұп шеруге қатысты. Солардың бірі – Әлихан мен Әділхан Жұмағали.
— Менің есімім – Әлихан. Жасым – 8-де. Биыл 2-сыныпты аяқтадым. Бүгін сахнада өзге егіздер секілді шеруге қатыстық. Көңіл-күй тамаша! Барлық баланы мерекемен құттықтаймын, — дейді ол.
Ал аналары Әйгерім Солтан егіз-дердің анасы болуда қиындықтар мен қызықтар қатар болады дейді.
— Балаларымның сыртқы келбеті ұқсағанмен, мінездері ұқсамайды. Әрқайсысының арманы, мақсаты әртүрлі. Қатар өсіп келе жатқандықтан, кейде ұрысып қалады. Бірақ тез татуласады. Егіздің анасы болу да — бір бақыт, — дейді Әйгерім.
М.Катаев атындағы оқушылар сарайының әдіскері Әсем Аипованың айтуынша, биылғы егіздер шеруіне қатысқан балалардың көпшілігі спортпен айналысады.
— Фестиваль аясында облысымыздағы егіздер ұлттық киімдерді киіп, шеруге қатысты. Олардың жасы – 4-16 жас аралығында. Бұл фестивальдің мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтау, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Мерекелік шара барысында М.Катаев атындағы оқушылар сарайының 100 әншісі «Балдәурен» әнін шырқады, — деді Ә.Аипова.
Айта кетейік, биыл еліміз бойынша 2139 егіз және 26 үшем дүниеге келген. Ал әлем бойынша 80 млн-ға жуық егіз тіркелген.
Айдана БОРАНБАЕВА.