«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, алғаш еңбек жолымды бастап, содан бері ширек ғасыр уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан облыстық «Saryarqa samаly» газетінің мен үшін орны бөлек. Бастысы, басылымның хатшылық бөлімінде қайнап жатқан қызу тірліктің ішінде жүру де бір бақыт екенін түсіндім.

Енді өткенге сәл-пәл тоқталар болсам… 1999 жылы Торайғыров университетінің (бұрынғы ПМУ) соңғы курсында оқып жүріп, тәжірибеден өту үшін осы редакцияға жол тарттым. Сол кездегі газеттің бас редакторы Мұхит Мүрсәліұлы жылы шыраймен қарсы алып, мені Күләш Темірболатова, Балшекер Қалимолдина және марқұм Жұмаш Жұмаділова сынды корректор апайларға тапсырды. Олардың қай-қайсысы да әпкелік қамқорлығын аямады. Ал тікелей жетекшім редакцияда ұзақ жыл бойы суретші-беттеуші болған Николай Ступников ағамыз болды. Сөйтіп, біраз уақыт тәжірибеден өтіп жүріп, редакциядағы аға-апайлармен араласып, бәріне бауыр басып қалдым. Бір сөзбен айтқанда, «Saryarqa samаly» газетінің ұжымы, жұмыс барысы ұнап, редакторға алдағы уақытта мені осында беттеуші қызметіне қабылдауға өтініш білдірдім. Ол кісі бетімді қайтарған жоқ.

Міне, содан бері 25 жылға таяу уақыт қызмет істеп келе жатқан жайым бар. Бастапқыда беттеуші, одан кейін аға беттеуші болдым. Бүгінде жауапты хатшы қызметін атқарудамын. Аты айтып тұрғандай, бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мәселен, журналистер қауымы газетті материалдармен қамтамасыз етсе, қалған тірлікті атқару – хатшылық бөлімінің міндеті. Ал осы бөлімге тікелей жауапты адам, яғни мен алдымен қаламгерлердің қандай материал дайындап жатқанын анықтап, сол бойынша газеттің алдағы шығатын нөміріне жоспар жасаймын. Онсыз газет шығару мүмкін емес. Әрине, қатып қалған қағида жоқ. Қоғамда болып жатқан саяси жаңалықтар, шұғыл тапсырмалар мен түрлі оқиғаларға байланысты кей сәтте жоспарымыз сан рет өзгеріп жата-
тын кездер де болады.

Жалпы, журналистер жазып, редактордың қолы қойылған әр мақаланы қабылдап алу, оны мән-маңызына қарай беттерге орналастыру, тақырыбына сәйкес көркемдеп безендіру, әріптік, стилистикалық қателерін тексеріп, түзету, одан кейін дайын болған беттерді кезекші редактор мен бас редакторға оқуға апару, бұдан соң баспаға жіберу, ол жақтан жауап күту сынды екі ортада атқарылатын машақаты көп жұмыстың бәріне хатшылық бөлімі жауапты. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, тыңғылықты іске асыру – жауапты хатшының негізгі міндеті.

Осындай қиыны мен қызығы қатар
жүретін газет жұмысының жұрт біле бермейтін қыр-сыры көп. Біз үшін жұмыс сонысымен қызық. Ендеше, қайнап жатқан тіршілік тоқтамасын, мерейтойымыз құтты болсын деймін.

 

Санитас ИМАНҒАЗИНА, жауапты хатшы.