Болашақ ұрпақ Ауған соғысының қаза тапқан, аман қалған жауын-герлеріне, олардың ерліктеріне мәңгілік бас иіп, құрметтеп өтуі керек. Жауынгерлердің ерлігі қазіргі жастардың бойларына рух беріп, Отан алдындағы борыштарын адал өтеуге ынталандыруына септігін тигізуі тиіс.
Тарих парақтарына көз жүгіртіп өтсек, Ауған соғысы — Кеңестер одағының қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. Кеңес одағы коммунистік партиясы мен Кеңестік Социалистік Респуб-
ликалар Одағының шағын тобы (Л.И.Брежнев, Ю.В.Андропов, М.А.Суслов, Д.Ф.Устинов, А.А.Громыко) қолдаған. 1978 жылы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген «халықтық-демократиялық үкіметті» қолдап, көршілес елдің социалистік бағытпен дамуын көздеп, «интернационалдық көмек береміз» деген желеумен оның ішкі істеріне араласты. 1965 жылдан бастап тыңшылар жіберіп, олар «Хальк» тобын (басшылары Н.М.Тараки, Х.Амин) құруға болысып, сонымен қатар, басқа топтардың шиеленіскені арқасында Ауғанстанда 1979-жылдың соңында 26 уәлаятта 18 көтеріліс бұрқ етті. Б.Кармаль тобы жеңіліп, басшылыққа Тараки Амин келді. КСРО басшылығы өздерінің мемлекеттік қауіпсіздік комитет мүшелері арқылы Аминді қызметінен босатып, «парчамшылдарды» билікке әкелуге әрекеттенді. Мұны қолдаған Кеңес үкіметі 1979 жылдың 12 желтоқсанында Ауғанстанға Кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдап, сол жылдың 27 желтоқсанында КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, осы қан құйлы, 15 мыңнан астам жап-жас солдатынан айырылып, қанды соғыс 1989 жылдың 15 ақпанына дейін жалғасып, Кеңес әскерін Ауғанстаннан алып шығу міндеті генерал Громовтың маңдайына бұйырды. Бұл соғыстың аяқталған күні — мейрам күні болса да, сол соғыста әскери борышын өтеу жолында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу күні болып қалмақ. Қазақстаннан Ауған соғысына 22269 жауынгер интернационалдық міндетін атқаруға шақырылып, оның 924-і сұрапыл соғыста қаза тапса, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азамат елге мүгедек болып оралды.
Менің де туған ауданым Ақтоғайдан екі батыр жауынгеріміз бұл сұрапыл соғысқа аттанған-ды. Атап айтсақ, Мүткенов ауылынан Аслан Ожанұлы Мағұлов 1986 жылдың 19 қарашасында әскерге шақырылып, 1987 жылдың тамызында ерлікпен қаза тапты. Ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» ордені туыстарына тапсырылды. Екінші сарбаз Қарақоға ауылынан Қажымұрат Төлеутайұлы Ибадуллин 1983 жылдың 25 наурызында шақырылып, 1984 жылдың 13 тамызында ерлікпен қаза тапты. 36 батырға Павлодар қаласындағы Ауған соғысы құрбандары паркінде ескерткіш қойылып, өздері туып-өскен ауылдарында музей бұрыштары ашылған. Кеңес одағы бойынша Ауған жерінде 14427 жауынгер мерт болды, 53000 әскер жарақат алып, мүгедек болған, кейбір деректерде қаза болғандар саны 15051 адам деп көрсетілген. Әлі күнге дейін Ауған соғысы құрбандары туралы анық мәлімет жоқ.
Бейбіт күнде елімізде осы соғыс жайлы, оның құрбандарын ұмытпас үшін, олардың жанұяларына әлеуметтік көмек көрсету үшін «Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының қауымдастығы» құрылып, бүгінгі таңда осы бағытта еселі еңбек етуде. Аталған ұйым біздің облыста да құрылған болатын. Бүгінгі таңда Павлодар қаласы маңындағы «Атамекен» кентінде 5 ауған соғысы ардагері тұрады. Олар — Аужанов Тимур Жасланұлы, Соболь Олег Григорьевич, Қасанов Ержан Алшынбайұлы, Кирильчик Петр Петрович, Плаксин Александр Иванович. Ардагерлер ерен ерлікке толы өз естеліктерімен бөлісіп, жастарды патриоттық тұлға ретінде тәрбиелеу жолында ауылдың мектеп оқушыларымен тұрақты түрде кездесу өткізіп тұрады. Сондай-ақ, ардагерлер ауылда өтетін барлық мәдени іс-шараларға да атсалысуда.
Құрметті Ауған соғысының қатысушылары, қымбатты ардагерлер! Сіздерді «Атамекен» кентінің әкімшілігі мен ардагерлер кеңесі атынан, соғыстың аяқталуына 35 жыл толуына орай атаулы мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілейміз!
Қайырлы ЕРҒАЛИЕВ,
облыстық «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі,
«Атамекен» кентінің ардагерлер кеңесінің хатшысы.