Алмат БАҚЫТБЕК, ҚР Ұлттық ұланы №5512 әскери бөлімінің сарбазы:
— Анашым, қалыңыз қалай? Үйдегілер аман–есен бе, ауыл бәрі аман ба? Менде бәрі жақсы, әскери орта керемет, айналам толы — жақсы адамдар. Командиріміз сізге біздің жетістіктеріміз жайлы баяндап, сіздерді қуантып жатқан болар. Анашым, сіздің ұлыңыз Отан алдындағы борышын адал атқарып, ел сенімін ақтайды. Мен «әскерден бас тарту» деген ұғымды жат көремін. Әрбір
жаужүрек ер азамат Отан алдындағы міндетінен қашпау керек деп ойлаймын. Бұл ойымды бойыма сіңіріп, жаныма дарытқан – Сіздерсіздер! Әкемнің маған берген тәрбиесі мен өрелі өнегесіне деген алғысым шексіз. Байқағаным, тәрбиесі жақсы ер азамат ешқашан өзінің қадір-қасиетін, ар-намысын түсірмейді, өз беделін жоғалтпайды екен. Ал әскердегі бедел менің ойымша адал еңбек пен ұшқыр ой-түйсіктің нәтижесінде дариды. Мен мұнда өзіме жақын достар таптым, бауырларым десе де артық емес. Бәріміз бір үйдің балаларындаймыз. Анашым, Сізге деген сағынышымды қаламның сиясы да жеткізе алмас. Мен Сізді жақсы көремін, бәріне менен сәлем айтыңыз! Есен-сау тұрыңыздар!