Облыс орталығында пәтер кезегінде тұрған отбасылар үшін тағы бір жаңа көпқабатты баспана пайдалануға берілді. «Достық» шағын ауданында бой көтерген әлеуметтік баспана «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында үлестірілді. Соның нәтижесінде азаматтардың жеңілдетілген талаптар бойынша несие ресімдеуіне жағдай жасалды.

 

Павлодар қаласында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Айталық, былтыр жаңадан салынып жатқан «Достық» шағын ауданында 71 пәтерлік тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды. Мердігер компания – «ГСУ Құрылыс» ЖШС құрылысты қолға алған баспана әлеуметтік несие пәтерлері ретінде сатылымға шығарылып, шаңырақ шаттығына кенелуді қалайтын жандарға тиімді талаптармен ұсынылды. Сонымен қатар, өткен жылы әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері үшін 198 пәтері бар бір үй сатып алынып, аталған санат азаматтарына сатып алу құқығынсыз жалға берілді.

Баспанамен қамту бағытындағы игі істер легі биыл да жалғасын тапты. Таяуда ғана «Достық» шағын ауданында «ГСУ Құрылыс» компаниясы салған тағы бір көпқабатты баспана «Шаңырақ» бағдарламасы аясында ел игілігіне берілді. Бұл бағдарламаның аясында «Отбасы банк» АҚ салымшыларға ипотекалық несиені бастапқы
20 пайыздық жарнамен 25 жылға дейінгі мерзімге ресімдейді. Ал пайыздық мөлшерлеме жылына 5 пайызды ғана құрайды.

Павлодар қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мәлі-метінше, Ладожская көшесі, 27 мекенжайындағы баспана пәтер кезегінде тұрған азаматтарға тапсырылды. Атап айтқанда, әлеуметтік осал топтар санатына жататын 81 отбасы, 85 мемлекеттік қызметші мен бюджеттік ұйымдардың қызмет-керлері және 9 жетім бала баспана алу бақытына бөленді.

2021-2023 жылдар аралығында салынған, 5 подъезді тұрғын үйде бір бөлмелі 40, екі бөлмелі 90 және үш бөлмелі 45 пәтер бар. Баспананың жалпы аумағы 17 мың шаршы метрді алып жатыр.

Жергілікті билік алдағы уақытта да осал топ өкілдерін баспанамен қамтуды жалғастырмақ. Павлодар қалалық құрылыс бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, қазір «Достық» шағын ауданында барлығы 472 пәтер болатын төрт көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның екеуін тұрғызу «Жәрдем» құрылыс компаниясына жүктелсе, біреуін «Портал ПВ», тағы біреуін «ГСУ Құрылыс» ЖШС міндетіне алды. Оның үшеуін биыл пайдалануға беру жоспарланса, бір көппәтерлі баспананың кілттері келесі жылы тапсырылуы тиіс. Олардың барлығы – жоғарыда аталған «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша үлестірілетін тұрғын үйлер.

Одан бөлек, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы үш тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда барлығы 453 пәтер болады. Екі баспананы «Отбасы банк» АҚ «Өз үйім» бағдарламасы бойынша сатылымға шығарса, біреуін осал топ өкілдеріне арналған жалдамалы пәтерлер ретінде сатып алу ойластырылып отыр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.