Қаралы үйге қазан көтеріп, ас әзірлеу немесе сол шаңырақ иелерінің дәмхана жалдап қонақасын беру ісін тоқтату мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Дегенмен, дін өкілдерінің ұсынысын қарапайым халық іс жүзінде орындай қойған жоқ. Баяғы ысырапшылдық сол күйі жалғасып келеді. Жақында ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы және өңірдің қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері дәмханада, асханада, мешітте қонақасын беруді тоқтату туралы арнайы үндеу жариялады. Үндеудің негізгі мақсаты — қонақасын дәмхана, асхана, мешіттерде емес, шектеулі адамдармен марқұмның шаңырағында өткізуге жұртты шақыру.
Абай Құнанбайұлының: «Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол, Қаза көрген жүрегі жаралы – ол» деген өлеңін әдебиетке жақын жандар жақсы біледі. Өкініштісі, қазір кісісі өліп қаралы болып, қаза көріп жүрегі жаралы болып отырса да көңіл айтуға келген жамағаттың алдына дастархан жаюға жүгіріп кететіндер жоқ емес. Бұл дегеніңіз — қаза болған үйдің ауыртпалығын бөлісудің, уайымын көтерудің орнына оларды керісінше әуре-сарсаңға салу болып саналмай ма?! Тіпті, әкесі я болмаса шешесі ажал құшып, қайғыдан қан жұтып жүрген сол әулеттің балалары кешкілік қонақасына соятын жылқы іздеп кетіпті дегенді естігенде не айтарыңды білмей қаласың. Осылайша, көңіл айтуға келген жамағат марқұмның ет жақындарын таппай жүреді. Ең сорақысы, марқұмның артынан дәмхана-асханаларда ас беруді сауап үшін емес, жұрттың көңілінен шығуға негізделген мақтангершілікке айналдыруымыз.
Мәшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлының пікірінше, мұның барлығы — «Жұрт не дейді?» деген арзан намыс, жалған ұяттың нәтижесінде жалғасып келе жатқан орынсыз рәсімдер. Яғни, «әкесінің қонақасына соятын бір жылқы таппады ма?» деген сөзге қалмас үшін шама-шарқына қарамай шабылатындар көп. Иә, қолында дәулеті, қорасында малы барлар үшін, бір малын құрбан ету қиын емес шығар. Бірақ, күнделікті тапқаны ас-суынан аспайтын қоңылтақ тіршілік кешіп отырған отбасылар үшін ауыр соққы екені айдан анық. Расында, жақынының ажал құшқаны бір қайғы болса, қонаққа соятын қойы мен жылқысының жоқтығы екінші қайғы болып жамылмай ма екен?!
— Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар» дейді. Шындығында Алла ысырап қылушыларды сүймейді. Сондықтан әрбір адам баласы Алланың әмірін мойындап, сүйікті Пайғамбарымыздың сүннетімен жүруге тырысу керек. Осы ретте дүниеден өткен адамды соңғы сапарға шығару рәсіміне қатысты көптеген мәселелер бар. Қазақ даналығында «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөз бар. Біз аруақты әрдайым құрметтеген, қадірлеген халықпыз. Бірақ қонағасын беру тәртібін қайта қарау керек болды. Сондықтан жергілікті ел ағаларымен ақылдаса келе қонақасын шектеу туралы үндеуді жарияладық, оны қолдап, үн қосып жатқандар көп. Яғни, қара жамылып отырған отбасыға көңіл айтуға келген жамағатты шұбыртып, дәмханаға апару артық шаруа екенін жұрт түсінуі керек. Ал жаназадан кейін берілетін және жұмалығына, жетісіне, қырқына арналған дұғалық астары сол қалпында қалатын болады, — дейді бас имам Жолдас Қоспақұлы.
Дін қызметкерлерінің айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы мешіттердің асханаларында кешкі уақытта қонақасы берілмейді. Енді бұл үрдісті жергілікті дәмхана, асханаларға да енгізу әрекеттері қарастырылуда.
— Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, ешкімге діннің шариғатын күштеп орындата алмаймыз. Бірақ, діни рәсімдердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін сараптап, оны халыққа түсіндіруге және үгіт-насихат жүргізіп, бір тәртіп енгізуге құқығымыз бар. Жақында Павлодар қаласындағы кафе-ресторандардың басшыларын шақырып, осы мәселе бойынша кеңес өткіздік. Өкінішке қарай, көбі келмеді, ал келгендерге барынша түсіндірдік. Бұл жұмыстарды әлі де жалғастырамыз, оразаға дейін түсініктеме жұмысын жүргіземіз де, одан кейін баршаға ортақ тәртіптің нақты орындалуын талап етеміз. Негізі, халық қолдап отыр, бірақ түбегейлі шектеп тастауға «ел не дейдіні» ойлап, қаймығатын сияқты. Сондықтан сөз жүзінде айтып ғана қоймай, нақты іспен көрсетуіміз керек, — дейді Жолдас Қоспақұлы.
Көпшіліктің көкейіндегі өзекті мәселені ортаға шығарып, жұрттың талқы-сына ұсынған азаматтардың бірі — облыстық мәслихаттың депутаты, қоғам белсендісі Асылбек Туғанбай. Депутат қонақ-асын берудің тиімді жолын айтып, мынадай ұсыныс жасады:
— «Қонақасын түбегейлі қысқарту керек» деуден аулақпыз. Ол әрине мүмкін емес. Себебі қазақ — торқалы той мен топырақты өлімде жақынының жанынан табылатын халық. Алыс-жақыннан келетін адамдар бар. Дегенмен, жақын маңайдан келетін жамағат үй иелеріне көп ауыртпалық салмай, көңіл айтқаннан соң тарқап кеткені абзал. Ал алыстан келушілер үшін сол үйдің жақындары мен көршілері ас-су әзірлеп, шағындап қонақасын өткізуге болады. Бұл — бір. Екінші — марқұм үшін сауапты іс жасаудың басқа да жолдары бар. Мысалы, аруақтың артында өзіне тиесілі болған мал-дүние қалып жатса оны қайырымдылық жолға жұмсаған абзал. Көмекке шынымен мұқтаж болған жағдайы төмен отбасыларға, ауру-сырқау жандарға, үй-күйі немесе қараушысы жоқ адамдарға қол ұшын созса, оның шарапаты марқұмға тиетіні сөзсіз. Одан бөлек, қарттар үйіне, балалар үйіне және мешіттерге қайырымдылық жасап, қажеттіліктерін өтеу — үлкен сауап, — дейді Асылбек Туғанбай.
Ақтоғай аудандық Жандарбек қожа мешітінің бас имамы Ахметолла Қожахметов бұған дейін де өлім болған үйде ас әзірлеу, дұғалық өткізу рәсімдеріне қатысты ортақ тәртіп енгізгені есімізде. Атап айтар болсақ, бірнеше жыл бұрын дастархан мәзіріне қарапайым халық үшін қолжетімді тағамдардың тізімін әзірлеп, соны бір жүйеге салған болатын. Мына жағдайда да аудан және ауыл имамдары халықпен тығыз байланыс орнатып, түсіндіру жұмыс жүргізіп, нақты талаптар қою керек деп санайды.
— Ел ішінде әртүрлі адамдар болады. Барлығы бірден құптап, имамдардың айтқанын орындай кетеді деу жалған. Әсіресе, ауқатты адамдардың ішінен «өзіміз білеміз» дейтіндер шығуы заңдылық. Бірақ, дін қызметкерлері қандай жағдай болса да табандылық танытып, соңына дейін жеткізуіміз керек. Қазіргі күні әрбір жиындарда осы мәселені айтып, халықтың құлағына сіңіріп жатырмыз. Аудан орта-лығындағы дәмханалардың иелеріне де ескерттік, барлығы бірауыздан келісіп отыр. Енді тек бас имамның бұйрығы шыққан уақыттан бастап қонақасын асхана, дәмханаларда беру мәселесіне шектеу енгіземіз, — дейді Ахметолла Қожахметов.
Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Бірақ, көбіміз өткенді разы қыламыз деп дәстүрден аттап, шариғаттың шекарасынан шығып кетіп жатқанымызды байқамай қалатындаймыз. Ақиқатында аруаққа жақсылық жасаймын десеңіз, аста-төк ысырапшылдықтан арылып, орнына Құран аяттарын оқып, дұға бағыштауды көбейткен жөн.
Тілеуберді САХАБА