Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қоғам өмірінің айнасына айналған басылым – облыстық «Saryarqa samaly» газетінің жарық көре бастағанына биыл 95 жыл толып отыр. Қашан да жақсылықтың жаршысы, игі істердің бастаушысы болған Ертіс-Баян өңіріндегі баспасөздің қарашаңырағының мерейтойына орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Елмен етене басылым» атты рухани кездесу кеші өтті.

Рухани кеште өңіріміздің төл басылымы – «Saryarqa samaly» газетінің 95 жылдық мерейтойына орай арнайы көрме ұйымдастырылды.

Төл газеттің торқалы тойына арналған мерейтойлық шарада басылым тарихынан сыр шертетін жазбалар мен құнды жәдігерлер қойылды. Оған ардагер журналистер, зиялы қауым өкілдері мен басылым оқырмандары қатысты. Мерейтойлық көрмеде редакция қызметкерлері тұтынған ескі баспа құралдары, сарғайған газет парақтары, тарихи суреттер және өңір журналистикасында өзіне тән қолтаңбасын қалдырған қаламгерлердің жеке заттары қойылды. Басылымның ғасырға жуық тарихы туралы баяндайтын көрме бір апта бойы жалғасты.

Өңір тарихының жаршысы – «Saryarqa samaly» газеті жарық көрген бір ғасырға жуық аралығында өз бағытынан айныған емес. Бүгінде өзіндік мектебі қалыптасқан іргелі редакцияны ұлттық журналистика шеберханасы деп атауға толық негіз бар. Себебі қара шаңырақтан қазақ баспасөзінің майталмандары, ақиық ақындар, көрнекті жазушылар түлеп ұшты. Газет тарихы туралы сөз қозғалғанда халқымыздың мақтанышы болған жерлестеріміз – Мұзафар Әлімбаев, Қалижан Бекқожин, Аманжол Шамкенов сынды біртуар тұлғалардың есімдері еріксіз ойға оралады.

Газетте 90-шы жылдары жұмыс істеген аға буын журналистер – Әжібек Жүсіпов, Мұхамеджан Дәуренбеков, Айтжан Бәделхан, Төлеубек Қоңыров, Қажымұрат Смағұлов, Тұрсынбай Ибадуллин, Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов, Ғалымбек Жұматов, Шолпан Байғалы, Фарида Бықай, Мүбәрак Жаманбалинов, Социал Әйтенов, Арман Қани, Нұртөре Жүсіп, Ғалым Омархан сынды журналистика майталмандарының есімдері оқырман қауымға жақсы таныс.

Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері облыстың «көзі, құлағы һәм үніне» айналған басылым мерейтойына арналған ақжарма тілектерін ақтарып, «Saryarqa samaly» газетінің ардагерлері – аймақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар ақын Шолпан Байғалы, Қазақстанның Құрметті журналисі Социал Әйтенов қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, Әлкей Марғұлан атындағы университеттің профессоры, филология ғылымының докторы Сейфитдин Сүтжанов, облыстық мәслихаттың депутаты Асылбек Туғанбай және басылымның бас редакторы Нұрбол Жайықбаев сөз сөйледі.

Аймақтық қазақтілді медиа-нарықта «Saryarqa samaly» газетінің орны бөлек. Басылым елімізде жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформаларды облыс жұртшылығына кеңінен насихаттауға үлес қосуда. Сондай-ақ, тілімізді, салт-дәстүрімізді, елдігімізді дәріптеп келе жатқан облыстық «Saryarqa samaly» газеті «Құрмет» орденімен, Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» жалпыұлттық сыйлығымен марапатталған. 2022 жылы «URKER» жалпыұлттық журналистика сыйлығының «Үздік өңірлік БАҚ» аталымында жеңімпаз атанды. Бұл — бүгінде Нұрбол Жайықбаев басшылық ететін басылымда қызмет етіп жүрген білікті журналистер ұжымы еңбегінің жемісі.

Жаңа жылдан бастап апталық газет ретінде оқырман қауымға жол тартқан басылым ұжымы ел және облыстағы саяси-экономикалық оқиғалар, әлеуметтік мәселелермен қатар, көпшіліктің көкейіндегі тақырыптарға қатысты талдамалық, сараптамалық материалдар жариялауға ден қойды. Бүгінде газет өңір аумағында атқарылып жатқан шаралар жайлы жан-жақты баяндап, әрі түрлі бағыттағы түйткілді мәселелерді барынша қамтиды.

Төл басылымның мерейтойына арналған рухани кездесуде айтыс- кер ақын Мизан Жұмәлі арнау оқып, Назымгүл Шапағат әннен шашу шашты.

Қазақстанның Құрметті журналисі Социал ӘЙТЕНОВ:

— «Saryarqa samaly» газеті – аймағымыздағы қазақ баспасөзінің көшбасшысы. Газетте түрлі жанрлар кеңінен қамтылатын. Редакцияда қағазға қаламы тисе айырылмайтын жүйрік журналистер болды. Олардың қатарында Ғаббас Сапарғалиев, Төлеубек Қоңыров, Төлеубай Төлеубеков, Ермек Демешов, Күлбарам, Күлиман Жүнісовалар, Қорлан Байжұманова, Гүлбарам Жұмашева, Сәлімбай Ермұратовтар қызмет істеді. Осындай ұжымда еңбек еткенімді мақтан тұтамын.

Торғын ОРАЗАЛЫ.