Әне-міне дегенше, көктем де кіріп келеді. Күннің ұзарып, даланың жылынғанына қуанғанымызбен, қардың еруінен қауіптенетініміз бар. Биыл бұл қауіптің артуына топырақтың тереңдей тоң боп қатып қалуы, қардың шамадан көп түсуі де кері әсерін тигізуі ықтимал. Сондықтан, жауапты органдар мезгіл мәселесіне барынша әзірлену үстінде. Осы орайда, нақты қандай шаралар қабылданып жатқаны жайында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Шәкір Ахметовтен білген едік.
— Шәкір Ғабдулрашидұлы, алдағы көктемгі су тасқынына дайындық жайына тоқталсаңыз.
— Су тасқыны кезеңіне дайындық былтыр маусым айында басталды. Арнайы жоспары әзірленіп, облыс әкімі бекіткен болатын. Сол жоспарға сәйкес өткен жазда Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Үлкен Ақжар-Курчатов республикалық маңызы бар автожолында диаметрі 1,5 м болатын 3 су өткізу құбыры орнатылды.
Май ауданы Көктөбе ауылының солтүстік бөлігіндегі Абылайхан көшесі бойында диаметрі кемінде 50 см болатын 2 су өткізу құбыры салынды. Майқайың-Екібастұз автожолын орташа жөндеу барысында автожолдың 23-29 шақырымында су өткізу құрылыстары ауыстырылып, 2 дана су өткізу құбыры орнатылды. Ақтоғай-Шолақсор автожолының 104-105 шақырымына су өткізу құбырына шлюз қойылды. Аталмыш автожолға орташа жөндеу жұмыстары аясында 2 дана су өткізу құбыры орнатылды.
— Бұл дайындықтың қаншалықты мығым екенін пысықтап жатқан боларсыздар…
— Азаматтық қорғаудың мемле-кеттік жүйелерінің су тасқыны кезеңіне дайындығын тексеру мақсатында жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығулар өткізіледі. Ақпан айының басында аймағымызда ұйымдастырдық. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында жедел штаб ашылды. Мекемемізде комиссия отырысы өткізіліп, облыстық ТЖ комиссиясының отырысы өткізілді, онда су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын тәжірибелік пысық-тауға назар аудардық. Мичурин ауылында жылжымалы басқару, құрама эвакуациялық пункттерін орналастыру пысықталды. Бұдан басқа, халықты эвакуациялау, қар шығару, құм қапшықтарын төсеу, еріген қар суын сорғызу және малды қауіпсіз орындарға айдау жұмыстары жүргізілді.
Оқу-жаттығуға барлығы 302 тех-ника және жеке құрамнан 635 адам жұмылдырылды. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйелерінің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді, жеке құрамнан 1702 адам мен 616 техникадан,
42 жүзу құралдарынан, 198 мотопомпадан және 1 әуе кемесінен тұратын облыс күштерінің топтамасы құрылды. 26 мың қапшық, 37 мың тоннадан астам инертті материалдар, 120 тонна жанар-жағармай қоры бар. Азық-түлікке 83 және жарылыс жұмыстарына 6 ниет шарты жасалды.
— Биыл қыста жердің беті қатып, көктемде қар еріген кезде судың жерге сіңу мүмкіндігі аз. Сондықтан, су тасқынының орын алу қаупі артқанын сарапшылар жиі айтуда. Осы орайда, биылғы жағдайды қалай бағалап, қалай дайындалудасыздар?
— «Қазгидромет» облыстық филиалының деректеріне сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда облыс бойынша жауған қар мөлшері 50%-ға артық және айлық нормадан 57,9%-ға жоғары. Қар жамылғысы биіктігінің нормадан 16,6%-ға төмен болуына қарамастан, қардағы су қоры нормадан 40,6%-ға артық. Қосымша фактор – жер бетінің қату тереңдігі. Ол еріген қар суының сіңуіне кедергі келтіреді және аула аумақтарын, тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды су басу қаупін арттырады. Бұндай көрсеткіштер су тасқыны жағдайын ушықтырады. Сол себептен су тасқыны салдарынан туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облысымыздың елді мекендерінен қар шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 19 ақпандағы жағдай бойынша барлығы 608 мың текше метрден астам қар шығарылды.
— Өңірімізде қай елді мекендерге су басу қаупі төніп тұр?
— Біздің департамент тұрақты негізде су тасқыны қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізеді. Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңдерін талдай келе, жергілікті жердің бедерлі ойпаттарында орна-ласқан 43 елді мекен бақылауға алынды. Олардың ішінде 25 елді мекен еріген қар суынан, 16 елді мекен су объектілері деңгейлерінің көтерілуі салдарынан су тасқынына бейім. Олардың ішінде Баянауыл мен Ақтоғай аудандарының елді мекендері ерекше бақылауда.
— Жолдардың астында су өткізетін құрылғыларды тазарту жұмыстары қашан жүргізіледі?
— Облыс жолдарында барлығы 1465 су өткізу құбыры бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарда – 572, облыстық маңызы бар автожолдарда – 201 құбыр, аудандық маңызы бар автожолдарда – 503 құбыр, темір жолдарда 199 құбыр бар. Құзырлы мекемелер ақпан-наурыз айларында осы құрылғыларды қар мен мұздан тазартады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Гүлжайна Түгелбай.