Павлодар қаласында тұрғын үй кешенін дамытудың айтарлықтай мол мүмкіндігі жоқ. Қала Ертіс өзенімен және өндірістік орындармен шектелген. Соған қарамастан, былтыр жергілікті билік жаңа шағын аудан салудың жолын тапқандай болған еді.
Павлодар қаласының әкімдігі облыс орталығының шеткі аумағында «Жастар» деп аталатын шағын аудан тұрғызуды көздеді. Жалпы аумағы 186 гектар жерге көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар да салу жоспарланды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ инвес-торларымен бірлесіп, «Жайлы мектеп» жобасының аясында білім ордасын ашуды да ойластырды.
Алайда мұның барлығы іске аспай қалуы ықтимал. Себебі Павлодар облысының прокуратурасы жаңа шағын ауданның егжей-тегжейлі жобалау жоспары сәулет және жер заңнамаларына қарама-қайшы жасалғанын мәлімдеді.
— Жергілікті билік «Жастар» шағын ауданын жобалау жоспарында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды өндірістік зауыттардың арақашықтығын есепке алмастан жоспарлаған. Яғни, өндірістік, коммуналдық және қойма нысандарына жақын орналасқан тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы нысандардан алшақтататын санитарлық қорғау аймағы бұзылатын еді. Қадағалау акті бойынша заңсыз егжей-тегжейлі жобалау жоспары қабылданбайтын болды, — деп хабарлады.
Әзірше жергілікті әкімдік қадағалау органының бұл мәлімдемесіне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. «Жоспарланған көпқабатты үйлер қай аумаққа салынады?», «Жаңа мектеп қайда бой көтереді?» сынды сауалдар ашық күйінде қалып отыр.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.