Каратэдегі қара белбеулерін шешіп, әскердегі тактикалық белбеумен белдерін бекем буған ағайынды Қадырбековтер — елімізге танымал спортшылар. Тепсе темір үзетін жігіттер бүгінгі таңда ҚР Ұлттық ұланның Павлодар қаласын-дағы №6679 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметтерін өтеуде.

Жетісу облысынан шақыр-тылған қос сарбаз қатардағы қаруластарына жарқын үлгі көрсетіп келеді. Жекпе-жек сайыстарында аяқ-қолдарын еркін сермейтін ағалы-інілі қос сарбаз қару-жарақ қолдану тәсілдерін де бес саусақтай білуге ынтызар. Ағайынды Азия чемпиондары әскердегі аз уақыттың ішінде жауынгерлік әзірлікті толықтай меңгеріп үлгерген. Аты аңызға айналған спортшы Мұстафа Өзтүрікті өз өмірлеріне бағыт-бағдар еткен ұландықтар, каратэдегі тәрбиенің әскердегі тәртіптей қатал болғандығын алға тартады.

— Біз еліміздің көк туын байрақты бәсекелерде сан мәрте биік тұғырдан желбіреттік. Әлі де республикамыздың абыройын арттыруда барымызды салуға әзірміз. Дегенмен, Отан алдындағы азаматтық борыш ер азамат үшін алдыңғы санатта тұруы тиіс. Сондықтан інім екеуіміз ұлттық ұлан қатарына қосылып, елімізге қалқан боламыз деген ортақ шешімге келдік, — дейді қатардағы жауынгер Жалғас Қадырбеков.

Отан алдындағы борышын өткергеннен кейін Рифхат Қадырбеков мемлекеттік қызметке орналасып, ел мүддесі үшін қызмет етуді мақсат тұтса, ағасы Жалғас спорттағы биік асуларды бағындыруға барын салмақ. Ол сондай-ақ, Талдықорған қаласында каратэден жеке үйірме ашып, болашақ олимпиада жеңімпаздарын жаттықтырғысы келеді.

А.МҰҚЫШЕВ.