Биыл Екібастұз қаласында балалардың шығармашылығын дамыту, оларды бұқаралық спортқа тарту, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта құруға байланысты ауқымды жұмыстар жүргізілмек. Кеншілер шаһарының басты мәселесі – жылумен қамтуға да әдеттегідей баса көңіл бөлінбек.

 

Таяуда аймақ басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып қайтты. Соның барысында тұрғындар көтерген мәселелерді ескеріп, жұртшылықпен жүздесті. Айталық, «Жасыбай» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде футболмен айналысатын қыздардың ата-аналарымен кездесті. Бұған дейін олар облыс әкіміне әлеуметтік желі арқылы базынасын білдіріп, спорттың осы түрін дамытуға қолдау көрсетуді сұраған болатын. Нәтижесінде Асайын Қуандықұлы спорт басқармасына қала әкім-дігімен бірлесіп командаға демеушілік көмек көрсету мәселесін пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Шахтер» стадионы, «Екібастұз» футбол клубының аренасына барды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында трибуналарды қайта жаңарту жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылдың жазында қолға алынбақ.

Балалардың өнерін ұштау мәселесі де тыс қалған жоқ. Бүгінгі таңда кеншілер шаһарында Президент тапсырмасы бойынша балалар шығармашылық сарайы салынып жатыр. Ол оқушылардың бос уақытын, шығармашылық және зияткерлік дамуының IT орталығына айналмақ. Жалпы ауданы 7200 шаршы метр болатын төрт қабатты ғимараттың іргетасы құйылып, жертөле қабаты салынып, бағаналардың металл құрылымдары орнатылуда. Облыс әкімі барлық жұмыстарды жобаға сәйкес, сапалы және уақытылы орындауды тапсырды.

Асайын Байханов әдеттегідей жылу беру маусымының барысын тексеріп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

— Екібастұзға жасаған жұмыс сапарым кезімде өткен жылдың күзінде құрылысы басталған, ұзындығы 3,5 шақырым болатын ЖМ-7/1 жылу магистралінің құрылысын тексердім. Мұнда барлық құбырлар салынды. Қазір 6 компенсатор, 2 қозғалмайтын тірек және 2 павильон орнатылуда. Жаңа магистральды гидравликалық сынау жұмыстары осы жылдың сәуір айына жоспарланған. Келесі нысан — ұзындығы 12 шақырым техникалық судың жаңа резервтік магистралінің құрылысы аяқталды. Су құбыры сәуір айының соңында іске қосылады, — деді облыс әкімі.

Жаңа су магистралі жылу-электр орталығын сумен үздіксіз қамтуға мүмкіндік береді. Осы нысан бойынша барлық құрылыс-монтаж жұмыстары орындалып, 24 құдық орнатылды.

Сапар соңында Асайын Байханов Екібастұз ЖЭО-дағы су жылыту қазандықтарының цехына барып, жылу беру маусымына қатысты жиын өткізді. Биыл ауқымды жұмыстар жүргізіліп, 4 жылу магистралі қайта жаңартылды. Сонымен қатар, барлық 10 қазандық агрегаты жөнделіп, көпқабатты тұрғын үйлердің үйішілік желілері дайындалды. Жылу беру маусымы штаттық режимде өтуде.

Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Алдағы жылу беру маусымдарының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету үшін биыл да станция жабдықтарын, қаланың жылу магистральдарын жаңғыртуды жалғас-тыру жоспарда бар. «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС мен қала әкімді-гіне 10 наурызға дейін кеншілер қаласын жылумен жабдықтау жүйесін одан әрі қайта жаңарту жөніндегі алдағы 2 жылға арналған жұмыс жоспарын ұсыну тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.