Соңғы жылдары тұрғындардың тұтынушылық несиесі жыл сайын артып келеді. Тіпті, қарапайым азаматтардың банктерден алатын қарызының сомасы кәсіпкерлердің несиесінен асып түсті. Алайда көпшілік алмақтың да салмағы бар екенін жіті түсіне бермейді. Берешекті банкке уақытылы қайтармаған соң ісі коллекторлардың қолына түседі. Олар борышкерді қыспаққа алып, қысым жасайтыны тағы бар.  Ендігі ретте мұндай ұйымдардың жұмысы толығымен қайта реттелетін болады. Яғни, азаматтардың қарызын коллекторларға сатуға тыйым салынуы мүмкін.

Қыспаққа ала алмайды

Әр адам қаржылық ұйым-дардан қарыз алған соң оны бекітілген уақыт аралығында өтеуі тиіс. Алайда түрлі себеп пен жағдайға байланысты берешекті беруді кешіктіріп жүрген адамдар аз емес. Мұндайда банк немесе микроқаржы ұйымы тарапынан хабарлама, қоңыраулар түрінде қарызды қайтару туралы ескертулер жолданады. Егер ол нәтиже бермесе, несиені өтеу мерзімі 90 күннен асып кетсе, қарыз коллекторларға өтеді.

Ал мұндай агенттік өкілдері банк қызметкерлері сынды ескертумен ғана шектеле қоймайды. Көп жағдайда қарыз алған адамға тоқтаусыз қоңырау шалып, мазасын алып, ғайбат сөйлеуі, қорқытуы мүмкін. Жағаға жармасып, бопсалайтындары да бар. «Қадалған жерден қан аладының» кебі, қысқасы. Бұдан сескенген кей азаматтар әупірімдеп жүріп берешегінен құтылуға асығады. Енді біріне коллектордың «сөзі» де өтпейді. Мұндайда мәселе сот орындаушыларға өтеді.

Жалпы, тәжірибе көрсет-кендей, бұған дейін кей коллекторлар тұрғындарды кәдімгідей қыспаққа алып, психологиялық қысым жасаған
кездер жиі болған. Бұған тұрғындар шағымдана бастаған соң Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі іске араласып, коллекторлық ұйымдарға қойылатын талапты күшейтті. 2021 жылдан бастап коллекторлардың қызмет-керлеріне тиісті талаптар заңнамалық тұрғыда енгізілді. Олардың борышкермен іс-қимыл процесін аудио және бейнежазба түрінде тіркеу міндеті, үшінші тұлғалармен байланыс жасауға тыйым салу енгізілді. Бұдан бөлек, коллекторлық агенттіктер капиталына қойыла-
тын талаптар 100 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бас прокуратурамен бірлесіп коллек-торлардың дербес, әкімшілік және қылмыстық жауапкер-шілігін енгізу жөнінде түзетулер әзірленді. Олар Парламент Мәжілісінің қарауына берілді. Қысқасы, мұндай қызмет өкіл-дерінің борышкерлерге жасауы мүмкін қысымын барынша азайтуға қатысты кешенді шаралар қабылданып жатыр.

Бұл ретте коллекторлардың өздеріне қойылатын талаптар мен міндеттерге де тоқталсақ. Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасы коллек-торлық қызмет берешекті сотқа дейін реттеу тәртібі негізінде жүзеге асырылатынын еске салды. Яғни, олар борышкерді берешектің болуы, оны реттеу қажеттілігі және берешекті өтемеген жағдайда оның салдары жөнінде хабардар етуге ғана тиіс.

— Коллекторлық агенттік телефон арқылы келіссөздерді жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін үш реттен артық жасамауы тиіс. Коллекторлардың бөгде телефон нөмірлерінен қоңырау шалуына болмайды. Борышкерлермен байланыс жүргізетін барлық телефон нөмірлері ресми түрде тіркелуі, бұл жайында қаржы реттеушісіне хабар беруі керек.

Ал мүлікті алып қою құқығы коллекторға емес, жеке сот орындаушысына тиесілі. Коллектордың борышкерден мүлікті алып қалу, оның шоттарына тыйым салу, қарыз алушыны борышкерлер тізіліміне енгізу, шетелге шығуға шектеулер қою, жүргізуші куәлігінің қолданысын тоқтату құқығы жоқ. Борышкердің мүлкі тек сот шешімімен ғана алынуы мүмкін, — деп түсіндірді палата өкілдері.

Яғни, коллектор мерзімі өткен берешектің бар екені және оны сотқа дейін реттеу қажеттілігі туралы ғана хабарлайды. Одан басқа ескертулер жасауы, қандай да бір шараларды қолдануы – заңсыз.

 

Мораторий не береді?

Жоғарыда атап өткеніміздей, қаржы ұйымдары өз ақшасын тұрғындардан қайтарып ала алмаған жағдайда ғана коллек-торлардың көмегіне жүгінеді. Қазіргі талапқа сәйкес, банктер азаматтардың қарызын оларды өндіріп алатын агент-тіктерге сатады. Олар өз кезегінде барлық күшін салып, ақшаны қайтарудың амалын жасайды.

Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде коллек-торлардың қолына 891 мың адамның несиесі өткен. Олардың несие бойынша қарызы 359 млрд теңгені құрайды. Одан бөлек, банктер мен микро-қаржы ұйымдарының өздерінің баланстарында проблемалық қарыздар бар. Мұның барлығы тұтынушылардың қарызды өтеу қабілетінің азайғанын анық көрсетеді.

Бұған Мәжіліс депутаттары алаңдаушылық білдіріп отыр. Сондықтан мәселе одан әрі ушықпай тұрғанда бірқатар нақты шараны қабылдау қажет деп пайымдайды. Айталық, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов несиелердің пайыздық мөлшерлемесін азайтуды ұсынды.

— Жеке адамдарға берілетін несиелер бойынша шекті пайыздық мөлшерлемені төмен-дету керек. Осы несиелерді коллекторлық ұйымдарға сатуға толық тыйым салынуы тиіс. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалуына жол бермеу қажет, — деді Е. Қошанов.

Бұған қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова пікір білдірді.

— Коллекторлар проблемалы кредиттерді айтарлықтай дисконтпен сатып алады да қарызды қайта құрылымдамай, борыш сомасын өндіріп алады. Осыған байланысты біз коллекторлық ұйымдарға банктердің тұтыну несиелері мен азаматтардың шағын несиелерін сатуға тыйым салу туралы ұсынысты қолдаймыз. Сондай-ақ, коллекторларды проблемалы несиелер бойынша берешекті реттеуді заңнамалық деңгейде жүргізуге міндеттеуді ұсынамыз. Бұл шектеулер олардың жұмысының толық тоқтауын білдірмейді. Коллекторлар проблемалы кредиттерді сатып алмай-ақ, оларды өндіріп ала береді. Алайда бұл несиелер қаржы ұйымдарында қалады және олар проблемалы борышкерлермен жұмыс үшін жауапты болады. Бұдан басқа, коллекторлар жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың стресстік активтерін басқару жөніндегі сервистік компаниялардың рөлін де атқарады, – деді агенттік басшысы.

Түйіндей келе, агенттік банктердің иелігіндегі проблемалық несиелерді коллек-торларға сатуға қатысты мораторий жарияламақ. Соған сәйкес, алдағы екі жыл аралығында қаржы ұйымдары проблемалық несиелерді қайтару ісін өздері реттеуге міндеттеледі. Басы-байлы коллекторлық агенттіктерге сатудың мүмкіндігі болмайды. Бұл тұрғындардың қалтасына салынатын салмақты едәуір жеңілдетуі тиіс. Себебі бүгінде кейбір агенттіктер банктер, микроқаржы ұйымдарынан уақытында өтелмей жүрген несиелерді толығымен сатып алып, сол соманың үстіне өздерінің қызметі үшін ақы қосып, оның барлығын толық көлемде көпшіліктен өндіріп алып жүр. Егер мораторий күшіне енсе, коллекторлардың борышкерлердің қалтасын қағатын тетігі болмай қалады. Тек несие сомасын банкке қайтаруға көмектесетін құрал болып қана қалады. Қажет болған жағдайда коллекторларға несие сатуды қатайту үшін қосымша шаралар қарастырылуы да ықтимал. Бастысы, онсыз да несиесін төлей алмай, қиналып жүрген тұрғындар коллектор арқылы қарызын өтеймін деп одан әрі берешекке батпауы керек. Депутаттар мен нарықты реттеуші орган осыған баса мән беріп отыр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.