Алла елшісі (с.ғ.с) сахабаларын тарауық намазын оқуға үндеген, бірақ міндеттемеген. Бұл намазды ер кісілер мешітте жамағатпен, ал әйел адамдар үйінде жеке оқығаны абзал. Тарауық намазында Құрандағы қысқа сүрелерді оқуға болады. Дегенмен мұсылман әлемі әуелден тарауық намазын мешітте Құран хатыммен өткізуді ұнамды әдетке айналдырған. Ал біз аталмыш құлшылықтың басқа намаздардан ерекше тұстарын тізіп өтуді жөн санадық.
Сабырлыққа үйретеді. Негізі адамның сабыры үш жағдайда сыналады және шыңдалады екен. Олар: тағдырындағы үлкенді-кішілі сынақтарға сабыр ету, құлшылық жасаудағы сабыры және күнәға қарсы сабыр қылу. Сынаққа сабыр етудің басты шарты – соққының алғашқы сәтінде сабыр ету болса, күнәға қарсы тұрудағы сабыры одан бойын мүлдем аулақ ұстау, жақындамау. Ал құлшылықтағы сабыры барлық шарттарын уақытылы және тиянақты орындаумен өлшенеді. Пайғамбарымыз бір хадисінде «Ораза – сабырдың жартысы» дейді. Күндіз ораза ұстап, күнәдан өзін барынша қорғаған адам ауызашардан кейін жамағатпен немесе жеке 20 рәкағат намаз оқиды. Әсіресе хатым жасалатын тарауыққа қатысып, аяғы талғанша намаз оқу мұсылманның сабырын одан ары шыңдай түседі.
Өткен күнәлар кешіріледі. Имам Бұхари мен Муслимнен жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айында шынайы сеніммен әрі ықыласпен түнді намаз оқып өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі» деген. Сондай-ақ Алла елшісінің тағы бір өсиетінде құптан намазын оқу үшін мешітке барған адамға түннің үштен бір бөлігін құлшылықпен өткізгендей сауап берілетіндігі айтылады. Бұдан кейінгі амалы түнгі тәһажжуд намазына жалғасып жатса, әрине, нұр үстіне нұр болмақ.
Намаз арасындағы демалыс. Тарауық сөзі «дем алу» деген мағынаны білдіреді. Яғни тек осы намазда әр төрт рәкағат сайын үзіліс жасап, бір демалады. Сол уақытта әдетте имамдар үш қайтара тарауық тасбихын айтады. Ал жамағаттың үнсіз отыруына да, дұға, истиғфар, салауат айтуына да болады. Сондай-ақ намазда тұрғанда қатты қысылыспай, тек саптың түзулігіне мән беріп, еркін тұру – тарауықтың негізгі ерекшелігі.
Үтір намазы жамағатпен оқылады. Жыл он екі айдың он бір айында құптаннан кейінгі үтір намазы жеке әрі дауысын шығармай оқылса, тек Рамазан айында бұл ғибадат жамағатпен орындалып, барлық рәкағатында да сүрелерді имам дауыстап оқиды.
Құранды толық хатым етеді. Рамазан айында сан ғасырдан бері сақталып келе жатқан игі амалдың бірі – тарауық намазында Құранды толық хатым ету. Еліміздің кей мешіттерінде отыз күнде 30 пара оқылса, кейбірінде Қадір түні сәйкес келуі мүмкін 27-түні толық оқылып, хатым дұғасы жасалады. Пайғамбарымыз өзі Құран оқумен қатар, сахабаларының оқығанын тыңдағанды ұнататын. Демек, қарилардың Құран хатымын тыңдаған адам қасиетті кітапты түгел оқып шыққандай сауапқа кенеледі деген үміттеміз. Тек бұл орайда күнделікті тарауық намазын үзіп алмауға тырысу керек.
Тілеуберді САХАБА.