Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы Қызыл ту ауылында дүниеге келген. Ол — ақын әрі жазушы, драматург, публицист, аудармашы, ұстаз әрі ағартушы. Сонымен бірге, актер, сазгер, режиссер болды.

Жүсіпбектің әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер болған. Ол жастайынан әкесінен арабша хат тануды үйренген. Аймауыт балаларын етікші, сыршыларға жіберіп, қолөнерге үйретеді. Әкесі үй-іші жабдығынан сынған-бүлінген нәрсені өзі бүтіндей берген. Ал анасы бүкіл бір ауылдың киімін тігетін ісмер болған.

Жүсіпбек ауыл арасында айтысып, жастайынан зерек өскен. Әуелі ауыл молдасынан тіл сындырған. 1907 жылдан бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектепте, Павлодардағы қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, жұмыс жасап, қаражат табады.

Жүсіпбек 1911-1914 жылдары ауылда мұғалім болып істейді. 1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданып, 1918 жылы аяқтап шығады. Семейде жүріп Алаш қозғалысына қатысып, Мұхтар Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығаруға атсалысады. Ол журналды Мұхтар Әуезовпен бірлесіп шығарады. Мұхтар Әуезов Аймауытовты «Менің ұстазым» деп атап жүрген. 1919–1920 жылдарында ол Семейдегі мұғалімдер семинариясында сабақ береді. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы болады. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі болып жұмыс істейді. 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің редакциясында еңбек етеді. 1926-1929 жылдары Шымкенттегі педагогикалық техникумға директор болады. Ара-арасында әр түрлі саяси жұмыстарға араласады. 1929 жылы жазықсыз тұтқынға алынып, «Халық жауы» деген жаламен 1930 жылы өлім жазасына кесіледі.

Ж.Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы бұдан кейінгі алпыс жыл бойы ауызға алынбайды. Кеңес үкіметі тұсында ол туралы айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Тек кеңес үкіметі ыдырап, коммунистік идеологияның құрсауы босағаннан кейін ғана қаламгер мұрасы халқына жете бастады. 1989 жылы бір томдық кітабы жарық көрді. Зерттеу жұмыстары қолға алынды. 1997 жылдан бастап Жүсіпбек шығармаларының бес томдық жинағы басылды.

Жүсіпбек шығармашылығы өлең жазудан басталады. Өзінің деректері бойынша ол тұңғыш өлеңін 13 жасында жазған. Оның ақындық жүрегінен туған «Жазушыларға», «Неғып отыр?», «Ах-ха-ха-хау», «Ұран», «Еңбекшілер ұраны» секілді өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасында ақын бұрынғы өмірдің келеңсіз жақтары мен өз дәуірінің көріністерін ақындық сезімталдықпен жырлайды. Жүсіпбек Аймауытовтың әдеби мұрасының ең салмақты саласы – прозалық шығармалар. Кішігірім әңгімелерден бастап жазушы қаламынан «Қартқожа», «Ақбілек» романдары туды.

Жүсіпбек дарынды ұстаз болған. Оның халыққа білім беру орындарында ұстаздық, жетекшілік қызмет атқара жүріп жазған жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу, білім беру мақсатын көздеген «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» атты елеулі кітаптары мен оқу құралдары кезінде халық тағдыры үшін ерекше рөл атқарған еңбектер болды.

Жүсіпбек Аймауытов — оннан астам кітаптың, жүзден астам ғылыми жариялымның,  педагогика, психология, этика саласындағы көптеген оқулықтардың авторы.

Еңбектерінің ішінде «Қартқожа» шығармасы  — автордың негізгі жетістігі. Ол еуропалық прозалық шығармалардың жоғары деңгейінде жазылған. Романдағы оқиғалар бас кейіпкер Қартқожаның басынан өткен нақты жағдайларға негізделген. Сол арқылы жазушы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы мен оның патшаны тақтан құлатқан 1917 жылғы, ақпан төңкерісіне ұласуы, қазақ азаматтарының ел ішіндегі әлеуметтік тартысқа араласуы, Алаш қозғалысының өмірге келуі, ақтар мен қызылдардың соғысы, қазан төңкерісі, азамат соғысы тұсындағы жайларды баяндайды.

Аймауытов қазақ драматургиясының басында тұрған. Ол қазақ сахнасына өзінің қойылымдарын қойған. «Ел қорғаны», «Мансапқорлар», 1926 жылы «Қанапия мен Шәрбану», «Шернияз» атты драмалық шығармалар жазады. Оның драма шығармаларының бірі — «Шернияз» Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналады.

Жүсіпбек Аймауытов кезінде аудармашы ретінде де танылды. Ол аударған А.С.Пушкиннің, Н.В.Гогольдің, А.Дюманың, Дж.Лондонның, Г.Мопассанның, В.Шекспирдің, К.Берковичтің, С.Чуйковтың шығармалары жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ аударма өнерінің өрісін қаншалықты кеңейтсе, жазушының әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын қазақ тіліне аударудағы тамаша аудармашылық талантын да соншалықты айқын танытты.

Жүсіпбек Аймауытовтың жары Евгения Аймауытова барлық отбасылық фотосуреттер

мен Жүсіпбектің жеке заттарын сақтаған. 1991 жылы қызы Муза Жүсіпбекқызы Павлодар қаласына келіп, анасы берген баға жетпес қазынаны Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне тапсырады.

Тағдыр репрессияға ұшыраған Аймауытовтың балаларын әр жаққа таратып жіберген. Оның үлкен ұлы Бектұр көп қасірет шеккен. Әкесі «Халық жауы» деп танылғаннан кейін Бектұр Аймауытов он жылға Сібірге жер аударылған. Бектұр Жүсіпбекұлы тек 78 жасында Отанына қайтып келеді.  Оның естеліктеріне қарағанда: «…Бұрын Павлодар  кіп-кішкентай қала болған еді. Егер біз қаланың бір шетінен басқа оның түкпіріне баратын болсақ, онда жаяу жүруге болады. Әкеммен бірге қаланы жиі серуендеп жүрдік. Ертіс өзені арқылы біз паром қатынасы арқылы өткенбіз. Енді бәрі өзгерді. Қала тым үлкен болып кетті. Бала шағымды есіме алып тұрамын. Туған өлкемді, туған жерімді бір сәт те есімнен шығармадым».

Жүсіпбектің екінші ұлы — Жанақ 1920 жылдың 18 ақпанында Семей қаласында дүниеге келеді. 1941 жылы оны «Халық жауының ұлы» деп танып, еңбек армиясына жібереді. Соғыстан кейін «Қуғынға ұшырап кетпеймін бе?» деген қорқынышпен тұрмыстың қиыншылықтары оның бейбіт өмір сүруіне кедергі жасады. Ол Ақтөбе қаласындағы мұғалімдер институтын бітіріп, кейін Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-нің физика-математикалық факультетіне оқу түседі. «Менің әкем — нағыз адам, азамат, қоғам қайраткері. Мен оның дарынды жазушы, ұстаз, ақын, аудармашы болған екендігімен мақтанамын», деп жазған еді Жанақ.

Жазушының қызы Мәруа (Мағрипа, Муза) Жүсіпбекқызы Аймауытова 1926 жылы 3 мамырда Орынбор қаласында дүниеге келген. Әкесі репрессияға ұшыраған кезде ол төрт жаста болған. «Анам айтқандай, әкем өте дарынды адам болды. Қазіргі уақытқа дейін есімде келесі сәттер сақталды: әкем жұмыс үстелінің басында отырып, еңбектеніп жатыр, үстелдің бетінде тұрған жасыл абажуры бар шам жанып тұр»,  деп еске алған еді қызы.

Қазақ интелегенция мүшелерінің арасында алғашқы репрессияға ұшырағандардың ішінде Жүсіпбек Аймауытов болған. Тергеу бір жыл бойы жүргізілген. Тергеу барысында оның кінәсін айғақтай алатын бірде — бір дәлел табылмаған. Ұзақ тергеуден кейін ату жазасына сырттай үкім шығарылған. Жүсіпбек Аймауытовтың өмірден ерте өткеніне қарамастан, ол өзінді көп қырлы тұлға ретінде көрсетіп үлгерді.

Жүсіпбек Аймауытовтың  қанатты сөздері

Әдебиет — ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі — көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды.

***

Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік етіп не керек?

***

Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт — жас күнде көрген өнеге.

***

Бiр әрiп үйреткенге 40 жыл сәлем бер.

***

Ұстаз – анаңдай ұлы.

***

Ұстаз ұстаз емес өз шәкiртi үшiн күймесе,

Шәкiрт шәкiрт емес өз ұстазын сүймесе.

***

Ана мейiрiмiмен ұстаз мейiрiмi — егiз.

***

Сабақ беру – үйреншікті жай ғана нәрсе емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер.

***

Ана тілі — халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.

***

Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына…

***

Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл  — жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе.

***

Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен…

Айдана ҚУАНЫШЕВА.