«Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс!»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауынан.

Елімізде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» әзірленген болатын. Бұл — қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді жоспар болып табылады. Алайда аталмыш бағдарлама былтыр Үкімет қаулысымен қайтадан жаңартылып, 2029 жылға дейін межеленді. Уақыты ұзартылғанымен, бағыт-бағдары сол қалпында өзгеріссіз қалды.

Сонымен, халық табысын арттыруды көздеген жоба аясында қандай жұмыстар қолға алынбақ? Неге басымдық беріледі? Алдағы 5 жылдың ішінде әлеуметтің әлеуеті арта ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрейік…

  Бағдарламаның көздегені не?

Аты айтып тұрғандай, халықтың табысын арттыруға бағытталған бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, әл-ауқатын көтеру. Сонымен қатар, тұрғындарды жұмыспен қамтып, еңбек саласындағы қолданылып жүрген әдістерді жаңғырту. Осы мақсатта жаңа өнеркәсіп орындарын ашу, шағын және орта бизнеспен айналысқысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделген. Сондай-ақ, бағдарлама аясында жастар мен еңбекке жарамды халықтың кәсіби біліктілігін көтеріп, адами капиталды дамыту арқылы жұмыс өнімділігін арттыруға айрықша мән берілмек.

Атап өтерлігі, жаңартылған кешенді жоспар 5 бөліктен тұрады. Сол бойынша елімізде ауқымды жұмыстар жүргізіледі деп жоспарлануда.

Бағдарлама бағыттарына тоқталар болсақ, біріншісі – өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орнын құру, екіншісі — «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру аясында ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, үшіншісі — табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар және мемлекеттік қолдау шаралары, төртін-шісі — бюджет қаражаты есебінен жалақыны көтеру бойынша міндеттемелер, бесіншісі  — халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау.

Міне, осы аталған 5 бағыт бойынша жүйелі жұмыс атқару арқылы 2029 жылға қарай 3,3 миллионнан астам адамды, оның ішінде 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту, жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) жалақы үлесін 41,1 пайызға дейін ұлғайту және кедейлік деңгейін 5 пайызға, жұмыссыздықты 4,6 пайызға дейін төмендету болжануда.

Бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде бағдарламаның басым бағыттарын жүзеге асыру жұмыстары үздіксіз қолға алынуда.

 

Қандай жұмыстар жүргізіледі?

Аталмыш бағдарламаның мақсат-міндеті айқындалғанымен, нақты халық табысының қалай көтерілетіні көпшілікті толғандыруда. Бұл жөнінде жақында ҚР парламентінің мәжіліс депутаттары Үкіметке сауал да жолдаған болатын. Осы мәселеге қатысты ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің ресми жауабында:

— 2024 жылы бағдарламаға сәйкес 1 миллионға жуық адам жұмыспен қамтылады. Сонымен бірге кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды қамтамасыз ету, соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына гранттар, жастар үшін жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген кредит беру қарастырылған. Мәселен, 2023 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына
9 102 грант берілсе, конкурстық комиссия 26,1 млрд теңге сомасына 5 584 өтінімді мақұлдады.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде әрбір ауылдың әлеуетін ескере отырып, олардың мамандануын айқындау үшін ауылдық округтерді іріктеу мақсатында скрининг жүргізілді (барлық 166 ауданында және 16 қаласында
2 260 ауылдық округ қамтылды). Скрининг қорытындысының нәтижесінде, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бағыттары бойынша төмен, орташа және жоғары мамандандырылған жеке қосалқы шаруашылықтары (ЖҚШ) бар ауылдық округтер анықталды. Жобаны іске асыру кооперациялық тізбекті дамыту арқылы халықтың табысын арттыру бойынша өңірлік кейстерді масштабтауды білдіреді. Республика бойынша 50 пайызға дейін жеке қосалқы шаруашылықтарды кәсіп-керлікке тарту және 2029 жылға дейін 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, — делінген. Сондай-ақ, Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл бағытта өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде де ақпарат берген. Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 962 мың адам жұмысқа орналасқан. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары аясында 69,6 млрд теңге сомасына 11,2 мың микрокредит беріліп, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Ал биылғы жоспар бойынша 100 млрд теңге сомасына 16,7 мың микрокредит беріліп, 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

 

Өңірдегі жағдай қалай?

Халық табысын арттыруға бағытталған кешенді жоспар Павлодар облысында да ойдағыдай жалғасын табуда. Бағдарламада басымдық берілген халықты жұмыспен қамту шарасы өңірде өз деңгейінде жүзеге асып жатқаны байқалады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар-ламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы 26,6 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Ал өткен жылы аймақ бойынша 30,6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, жоспар артығымен орындалған. Қуантарлығы, екі қолға бір күрек тапқандардың 80 пайызға жуығын тұрақты жұмысқа орналасқандар құрайды. Сонымен қатар, аймақта кәсіп-керлік бастамаларды қолдау шаралары да сәтті жалғасуда. Мәселен, биыл осы мақсатта облыс жастарына жалпы сомасы 820 миллион теңгенің 164 шағын несиесін жылдық 2,5 пайызбен беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бизнес-идеяны іске асыруға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі 443 грант ұсынылмақ. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 560 тұрақты жұмыс орнын ашу арқылы жастарға 285 шағын несие беру де көзделген. Бұл бағытта 199 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады деп күтілуде.

Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары мұнымен ғана шектелген жоқ. Мемлекет басшысының «100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 7436 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, осы жылы бос жұмыс орындарына 9958 адам, субсидияланған жұмыс орындарына 6617 тұрғын тартылмақ. Бастысы, бұл бағыттағы іс-шаралардың барлығы аймақ басшысының жіті назарында. Жақында ғана облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында Асайын Байханов жауапты мамандарға халықты жұмыспен қамтуға бағытталған барлық іс-шараның сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және бағдарламаның жүзеге асу барысын бақылауда ұстауды тапсырды.

 

*  *  *

Осылайша, Президент тапсырмасымен бекітілген «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша республикада да, өңірімізде де игі істер үздіксіз жалғасын табатын болады. Әсіресе, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, әр саладағы қызметкерлердің жалақысын көтеру арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық берілмек. Ал бұдан қандай нәтижеге қол жететіні алдағы күннің еншісінде!

Нұржайна ШОДЫР