Жуырда Павлодар қаласында 9 қабатты, 4 подъезді жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. «Достық» шағын ауданы Ладожская көшесі, 17/1 мекенжайындағы жаңа үйге көпбалалы, жетім, әлеуметтік осал топтағы тұрғындар қоныстанды.

 

Жаңа шаңыраққа ие болған 198 отбасы иелеріне салтанатты түрде пәтер кілттерін табыс еткен облыс әкімі Асайын Байханов баспаналы болған жандарды құттықтап, жаңа қоныстың жайлы, берекелі болуын тіледі.

— Жаңа шаңырақтарыңыз жайлы, шаттық пен қуанышқа толы болуын тілеймін. Бүгін біз 2000-шы жылдардан бері баспана кезегінде тұрған павлодарлықтарға жаңа тұрғын үйдің кілттерін табыстап жатырмыз. Осыншама уақыт шыдамдылық танытқандарыңыз үшін, ұзақ мерзімнің барлығына ұстамдылық пен түсіністікпен қарағандарыңыз үшін рахмет айтамын. Бұл жаңа баспаналарыңыз сіздер үшін бақыт, береке және қуаныш үйі болсын. Алдымен, жаңа пәтерге халықтың әлеуметтік осал тобына жататын жетім балалар, сондай-ақ, көпбалалы отбасылар қол жеткізуде, — деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Асайын Байханов облыс аумағындағы үш бірдей қалада құрылыс қарқыны артып келе жатқанын атап, жаңа шағын аудандарда бой көтерген тұрғын үйлердің барлығы әлеуметтік нысандармен қамтылатынын айтты.

— Облыс орталығында құрылыс қарқынының айтарлықтай өсуі байқалады, тек өткен жылы біз кезекте тұрғандардың санын 1 мыңнан астам адамға азайта алдық. Биыл «Достық» шағын ауданында 1 280 пәтерлі тағы төрт үй салу жоспарланған. Мамыр айында қарсы тұрған көрші үйдегі 200 пәтердің кілті табысталады, — деді ол.

Бұдан соң, облыс әкімі баспаналы болған Жуанышбаевтар отбасына тиесілі жаңа пәтердің алғашқы қонағы болып, салт-дәстүрге сай кішкентай балақайдың тұсауын кесті. Павлодар қаласының тұрғыны Сұлушаш Жуанышбаева бұл күнді немерелері 11 жыл күткенін айтып, қуанышты сәтке көзайым болғанына разы.

Айта кетейік, өңірде мұндай жалға берілетін тұрғын үй салу тәжірибесі биыл да жалғасын таппақ. Аталған жоба ҚР Президенті мен Үкіметінің қолдауымен қаржыландырылады. Жобаға сәйкес бұл баспаналар сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Яғни, отбасылар бұл пәтерлерде жалдау шарты бойынша тұрады. Ай сайынғы жарнаға сәйкес белгілі бір төлем болады. Бұл ретте пәтер иелері ай сайын жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтер үшін бюджетке ақы төлейді. Жалдау ақысы тұрғын үйдің шаршы метріне байланысты. Бағдарлама шарттары бойынша жалға берілетін пәтерлерді жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар санаты: жас отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған толық емес отбасылар алады. Кезекте тұрғандардың тізімін жергілікті атқарушы органдар іріктейді және төлем қабілеттілігін тексереді.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.