Еліміз бойынша түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Нақтысы, шығып кеткен депутаттардың орнына сайланды. Облысымызда түрлі деңгейдегі мәслихаттардағы 11 бос орынға жаңадан сайланған депутаттар жайғасты.
Облыстық аумақтық комиссияның мәліметіне сүйенсек, 11 бос орынның 2-еуі Павлодар облыстық мәслихатында болды. Міне, осы орынға № 8, № 14 бірмандаттық аумақтық сайлау округтерінен депутаттар сайланды. Алғашқы округте 36 605 сайлаушы тізімде болса, солардың 10 798-і дауыс беруге қатысқан. 49 азамат сайлау ғимаратынан тыс аумақта өз таңдауын жасаған. Бұл округтен 3 кандидат сайлауға түсті.
Нәтижесінде сайлаушылар Орынбасар Әлеевке 8025 дауыс берген. Әсел Бердібекова 1008 дауыс жинаса, Әсет Макеевті 811 сайлаушы таңдаған. 703 сайлаушы «Бәріне қарсымын» деп белгілеген. Осылайша, облыстық мәслихатқа №8 сайлау округінен «Екібастұз қаласының қазақ күресі федерациясы» ҚБ президенті Орынбасар Әлеев сайланды. №14 сайлау округінен екі үміткер сайлауға түскен. Мұнда 25 849 азамат дауыс беру құқығына ие. Олардың 16 мыңнан астамы дауыс берген. 400 сайлаушы сайлау учаскесінен тыс аумақта таңдауын жасапты. Айгүл Мәліковаға 11 501 сайлаушы дауысын берсе, 2992 тұрғын Әсет Нәбиевті таңдаған. 1108 азамат бәріне қарсы екенін білдірген. Аталмыш сайлау округінен облыстық мәслихатқа «АMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова өтті.
Екі бос орын Павлодар қалалық мәслихатында болғанын бұған дейін де жазғамыз. Павлодар қалалық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, №2 және №22 бірмандаттық аумақтық сайлау округтерінен сайланды. №2 округтен 2 үміткер бос орынға таласты. Тізімдегі 9110 сайлаушының 2280-і сайлау учаскесіне барып дауыс беруді құп көрген. Тағы 122 азамат сайлау ғимаратынан тыс аумақта таңдау жасаған. «Бейбарыс» жауынгерлік өнер орталығының басшысы Болат Сүлейменов сайлаушылардың 1673 дауысына ие болып, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты атанды. Ал екінші үміткер Рустам Дүйсенов сайлаушылардың 390 дауысын жинаған.189 тұрғын ешкімге дауысын бермеуді ұйғарған. №22 сайлау округінен де екі кандидат бос орыннан дәмелі болды. Сайлаушылар тімізіндегі 9448 азаматтың 2142-сі арнайы барып дауысын берген. 45 тұрғын сайлау учаскесінен тыс жерде таңдау жасады. 167 сайлаушы «бәріне қарсы» екенін білдірген. «Қазақстан алюминийі» АҚ персонал және мәдениет жөніндегі директоры Жансая Әлжанова сайлаушылардың 1418 дауысын жинап, жеңіске жетті.
Екібастұз қалалық мәсли-хатындағы бір бос орынға да депутат сайланды. Ең көп үміткер кеншілер қаласында тіркелді.
№1 бірмандатты аумақтық сайлау округінен бес үміткер мәслихат-тағы бос орыннан үмітті еді. 6633 сайлаушының тек 518-і дауыс берген. Сондай-ақ, 20 тұрғын сайлау учаскесінен тыс жерде сайлауға қатысқан. 14 екібастұздық ешкімді таңдамайтынын көрсеткен. Барлық дауыстың 133-іне ие болған Амира Такишева Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты атанды. Ол «Жүк тасымалы» ҚТЖ ЖШС Екібастұз пайдалану локомотив депосының басшысы болып қызмет етеді.
Енді аудандық мәслихаттардағы бос орындарға кімдер сайланға-нына тоқталсақ, Баянауыл аудандық мәслихатындағы бос орынға үш кандидаттың ішінен 491 дауыс жинаған Асылхан Мүбәрак жайғасты. Железин аудандық мәслихатының депутаты болып Евгений Миронов сайланса, Ертіс аудандық мәслихатына Айнұр Сәрсенова өтті. Павлодар аудандық мәслихатын-дағы бос орындарға үш кандидат сайлауға түсіп, Нұржан Марсалықов жеңіске жетті. Сәуле Смағұлова Успен аудандық мәслихатының, Ерболат Карманов Шарбақты аудандық мәслихатының депутаты атанды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.