Елімізде Мемлекет басшысы Қасым—Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен экологиялық акция бастау алды. «Таза Қазақстан» деген атаумен өтетін игі бастаманың әр аптасының арнайы атауы болмақ. Соның барысында су тасқыны болған өңірлерде аумақтарды тазарту, абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.
Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауда белсенді қызмет етіп жүрген жанашыр азаматтарымыздың қатары аз емес. Осы орайда, ел өңірлерінде жастар ресурстық орталықтары мен жастар ұйымдарының бастамашылдығымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды.
Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштік, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, акцияның алғашқы «Таза өлке» атты аптасында жеті күн бойы елді мекен тұрғындары, мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлері аулалары мен өздеріне іргелес аумақты реттеп, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Ал 13-20 сәуір аралығындағы акцияның екінші аптасы «Киелі мекен» атауымен өтпек. Демек, бұл аптада әр өңір тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Үшінші апта, яғни, 20-27 сәуір аралығындағы апта «Жасыл аймақ» деп аталмақ. Бұл кезеңде жаппай ағаш отырғызуға, айналаны әктеуге басымдық беріледі. 27 сәуір мен 4 мамыр аралығына дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» атауына ие. Аталмыш аптада өскелең ұрпақ ардагерлер мен қарт адамдардың үйлерінің аумақтарын, аулаларын тазалауға, абаттандыруға үлес қосуға шақырылады. Акцияның «Мөлдір бұлақ» атты бесінші аптасында су қоймаларын, өзен-көлдердің жағаларын күл-қоқыстан тазартуға көңіл бөлінеді.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы аптада су тасқыны болмаған облыс-қала әкімдеріне көшелерді тазарту, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру науқанын бастауды тапсырды. Сондай-ақ, жолдарды ретке келтіруді де ескертті. Соның ішінде аумақтарды абаттандыруға тұрғындар мен еріктілерді тартудың маңыздылығын айрықша атады. Әкімдердің қызметі елді мекен-дердің және қоғамдық кеңістік-тердің сырты келбетімен де бағаланатынын атап өтті. Елді мекендерді лайықты әрі тартымды күйде ұстау мәдениетін тұрғындарға сіңірудің қажеттігіне де ерекше тоқталды.
Бұл акцияға әр өңір өз үлесін қосуға әрекет жасауда. Мәселен, Павлодар қаласында шаһарды тазалау, абаттандыру жұмыстары басталып кетті. Облыс орталығында тазалық айлығы 13 мамырға дейін жалғаспақ. Шаһар тазалығын ретке келтіруге мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық бірлестіктер, спорт ұйымдары, жастар бірлестіктері, тұрғын үй қорына қызмет көрсететін ұйымдар, ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес өкілдері техникалық, кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері қатысады деп күтілуде. Қала билігі тұрғындарды да айналасын күл-қоқыстан тазартып, көріктендіруге белсене қатысуға шақырып отыр. Қалдықтарды қоқыс полигондарына шығаруға 100 арнайы техника тартылмақ. Әдеттегідей, тазалық айлығы кезінде қоқысты полигондар тегін қабылдайды.
— Республиканың барлық қала-ларында «Таза Қазақстан» көктемгі экологиялық акциясы басталды. Павлодар әрқашан еліміздің ең әдемі әрі таза қалаларының бірі болып саналған. Әрине, бұл — әрбір қала тұрғынының еңбегі. 13 мамырға дейін тазалық және абаттандыру айлығы өтеді. Осы шараға барша павлодарлықтарды белсене атсалысуға шақырамыз, — деп жазды Павлодар қаласының әкімі Хасар Қабылбеков Instagram парақшасында жазды.
Г.МАҒЖАН. Суреттер газет мұрағатынан алынды.