Жауапкершілікке тартылды

Мам 2, 2024

Ағымдағы жылдың 3 айында облыс аумағында 1788 шетелдік азамат уақытша тіркелді. Оның ішінде 156 азамат — алыс шетелдерден және 1632 азамат ТМД елдерінен келген.

Өңірлік көші-қон қызметі басқармасының басшысы кейбір шетелдік азаматтар елде болу ережелерін сақтай бермейтінін айтады. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында олардың саны 500-ге жуықтапты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Дәулет Ысқақов көші–қон бақылауын жүзеге асыру барысында елде болу ережелерін бұзғаны үшін 432 шетелдік анықталып, әкім-шілік жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 пайызға артық.

— Соттарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 232 іс жіберілді. Оларды қарау нәтижелері бойынша соттар елден 37 шетелдікті шығару туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 5-бөлімінің 517-бабы бойынша 77 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктің келгені туралы тиісті органдарды хабардар етпегені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518-бабы бойынша 250 әкімшілік материал толтырылды, — деді Д.Ысқақов.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Қазақстан Республикасында жеке басын куәландыратын құжаттарсыз немесе жарамсыз құжаттармен тұрақты тұрғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабы бойынша 1359 Қазақстан азаматы және 51 шетелдік азамат әкімшілік жауап-кершілікке тартылғанын жеткізді.

— 2024 жылдың 3 айында облыстың 211 тұрғынына қатысты елден шығуға материалдар қаралып, рұқсат берілді. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыста тұрақты тұруға 363 шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар тіркелген, оның 174-інің ұлты — қазақ. Қазіргі уақытта облыста 9 005 шетелдік азамат тұрақты тұрады. Биыл Қазақстан Республикасының азаматтығына 291 шетел азаматы қабылданды, оның ішінде 274-інің ұлты — қазақ, — деді ол.

Айта кетейік, «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңның 10-бабының 3-тармағына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында уақытша, тұрақты тұруға рұқсат немесе виза алу үшін жүгінген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды міндетті түрде дактотіркеу көзделген. Есепті кезеңде 2933 шетелдік осы рәсімнен өтті.

 

А.МҰҚЫШЕВ.

 

WhatsApp