1939 жылы КСРО-да жүргізілген халық санағы бойынша Қазақстанда 6,2 миллион адам тұрған. Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылды. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ.

***

Қазақстаннан барған әскерлер майдан даласында ерлікпен шайқасты. 100 000-нан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль-ордендермен марапатталды.

500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры, 100-ден астам адам «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Қазақстандық 4 ұшқыш: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский «Кеңес Одағының батыры» деген  атақты 2 мәрте иеленді. Қазақстандықтар арасында алғаш болып бұл атақты танк әскерінің генерал-майоры, павлодарлық Кузьма Семенченко (1941 жылдың 22 маусымында) алды.

***

Соғыс кезінде Қазақстан 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3 млн 194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн, 2,5 млн дана жылы киім және басқа да өнімдерді майдан даласына жіберді.

 

***

Қазақстандық тыл еңбеккерлері майданға 110 мыңнан астам жылқы, жаудан азат етілген аудандарға саны 500 мыңнан астам мал жіберген.

 

***

Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында жау қолында қалуы ықтимал өңірлерден кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа уақыт ішінде Қазақстанның аумағына КСРО-ның әртүрлі аумағынан 142 кәсіпорын орналастырылып, қазақ жеріне 532 мың 506 адам көшірілді.

***

1,5 жылдың ішінде елімізде 25 кен орны мен шахта, 11 кен байыту фабрикасы, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші, Атыраудағы (Гурьев) мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.

 

***

Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан жалпыодақтың мыс құймасының 30 пайыз, марганец кенінің 60 пайыз, мыс кенінің 50 пайыз, металл висмуттың 65 пайыз, полиметалл кендерінің 70 пайыз, мырыш өнімінің 85 пайызын өндірді.

 

***

Бір жылдың ішінде қазақстандық комсомолдар кеңес әскеріне 45 жаңа танк жіберді. Кейін халық қаражатына тағы 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, торпедо катерлер мен атаулы ұшақтар жасалды.

***

1941 жылы республикаға 300 мыңнан астам неміс жер аударылса, 1943 жылдың күзінен 1944 жылға дейін Қазақстанға 507 480 адам күшпен көшірілді. Олардың ішінде 45 500 қарашай, 406 000 шешен мен ингуш, 21,150 балқар, 2 200 қалмақ, 4 500 қырым татарлары, 27 600 месхет түріктері және басқа да ұлт өкілдері болды.

***

Қазақстанның ақын-жазушылары өз шығармалары арқылы халықты фашистік басқыншыларға қарсы күресуге шақырды. 50-ден астам қазақстандық жазушы соғысқа аттанды. Ақын Жамбыл Жабаевтың «Мәскеу», «Ленинградтық өрендерім», «Отан бұйрығы» атты өлеңдері кеңес халқын рухтандырды.