Биыл елімізде алғаш рет аталып өткен Аналар күні қарсаңында Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Анаға тағзым» атты облыстық аналар форумы өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаты Вера Ким, өңірлік Аналар кеңестерінің өкілдері, облыс қалалары мен аудандары ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, көпбалалы аналар және жастар қатысты.

 

Айзада Құрманова Аналар күнін мерекелеу аналардың мәртебесін нығайтуға, ана болудың маңыздылығын, қазақ тарихындағы және қазіргі қоғамдағы аналардың рөлін арттыруға ықпал ететінін және бұл күннің мән-маңызы зор екенін тілге тиек етті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Дана халқымыз қашан да анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл — ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп атап өткен еді. Расында да, ана — ұрпақты тәрбиелейтін адам ғана емес, ол ұлттың ұйытқысы бола алатын ардақты тұлға. Әлемнің көптеген елінде аналарды сыйлау, құрметтеу мақсатында Аналар күні ерекше аталып өтеді. Елімізде әр жыл сайын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні өткізіледі. Алайда өзге елдердегідей мемлекетімізде Аналар күні болған емес. Енді биылдан бастап мән-маңызы зор бұл мереке біздің елімізде де алғаш рет аталып өтпек. Биыл Үкіметтің шешімімен қабылданған күн 12 мамырға сәйкес келіп тұр, — деді А.Құрманова.

Форум барысында облыстық Аналар кеңесінің және «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесі қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталғанын әрі өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды жаңғыр-тудың мектебіне айналғанын атап өтті.

— Аймағымызда барлығы 163 Аналар кеңесі бар. Оның 80-і ауылдық жерлерде қызмет атқарады. Құрамында 2700-ге жуық ана бар. Бүгінге дейін 600-ден аса шара өткізіліп, оған 24 мыңнан адам қатысты. Аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты — отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды, — деді Бақытжамал Шаханқызы.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларға ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленетінін айтты. Оның мөлшері отбасындағы балалардың санына және айлық есептік көрсеткішке байланысты.

— Аудандар мен қалалар бюджеттерінен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға бір жолғы әлеуметтік көмектің тағы бірнеше түрі төленеді. 12 апта бойы жүктілігіне байланысты есепке тұрған әйелдерге — 10-нан 20 АЕК-ке дейін немесе 36 920-дан 73840 теңгеге дейін, атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы аналарға халықаралық әйелдер күніне — 5 АЕК-ке дейін немесе 18460 теңге төленеді. Мұндай төлемдерді 740 павлодарлық алды. Одан бөлек, айлық табысы төмен, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Айлық есептік көрсеткіш 2704 отбасыға тағайындалды. Оның ішінде 789 көпбалалы жанұя. Төлемдердің жалпы сомасы 552 млн теңгені құрады, — деді басқарма басшысы.

Форум барысында облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция полковнигі Айсұлу Салманова жалғызбасты, көпбалалы аналарды және мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндама жасаса, аудандық Аналар кеңесінің төрағалары бүгінге дейін атқарылған жұмыстарын қорытындылады.

Форум соңында адам өмірін арашалап қалған полицейлер мен халықаралық пән олимпиадаларында жоғары жетістіктерге жетіп жүрген оқушылардың аналары және еріктілер Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хаты облыстық Аналар кеңесінің және «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максиловаға табыс етілді.

Айдана БОРАНБАЕВА.