Кеше облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, жылу-электр орталығының алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді. Сондай-ақ, аймақ басшысы кеншілер шаһарындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс-жөндеу жұмыстары барысымен танысты.

 

Алдымен облыс әкімі Екібастұз қаласындағы балалар мен жасөс-пірімдерге арналған шығармашылық орталыққа ат басын бұрып, аталмыш нысанның құрылыс сапасын бақылап қайтты. Бүгінгі таңда болашақ өнер ғимаратының кірпіштері қаланып, сыртқы инженерлік желілерді төсеу, шатырын жабу, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2021 жылы оң сараптамалық қорытынды алып, түзетуден кейінгі сома 5,8 млрд-ты құрады. Нысанды 31 тамызда тапсыру жоспарланып отыр. Мердігер ұйым – «QazaqSTROYAlmaty» ЖШС.

Облыс әкімі құрылысқа жауапты мердігерлік ұйым өкіліне жоба бойынша 2,5 мың шаршы метрге төселуі тиіс кеспетастардың сапасына назар аударуды тапсырды. Айтуынша, мұндай заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған балалар шығармашылығы орталығы елімізде тек Екібастұз және Астана қалаларында ғана бар.

– Балалар шығармашылығы үйінің басшылығына тәжірибелі адамды тағайындау керек. Бұл ғимарат Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша салынуда. Сондай-ақ, бұл жерде болашақта балалар мен олардың ата-аналарына сапалы қызмет көрсетілуі тиіс, – деді Асайын Байханов.

Сонымен қатар, облыс әкімі Екібастұз қаласының жылу-электр орталығының алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексеріп, келесі кезеңнің кешенді жоспарларын пысықтады. Асайын Байхановтың айтуынша, мұндағы су жылытатын үш қазандық штаттық режимде жұмыс істесе, тағы біреуі резервте тұрады. Аймақ басшысы жергілікті әкімдік пен станция басшылығына 15-ші су жылыту қазандығының күрделі жөндеу жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.

– Өткен жылыту маусымында жылу берілгенде температуралық режимінің тиісті деңгейде болмау себебінен бірқатар шағымдар түскен еді. Алайда станцияда ірі тоқтатулар болған жоқ. Қаңтар айындағы ең қатты деген аяздарды жақсы еңсерді. Себебі былтыр бірқатар қазандықтар жөндеуден өткен болатын. Енді 15-ші қазандықты қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұр. Мердігерлер барлық ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуі тиіс. Сондықтан құрылыс материалдарымен және қазандықтарға қажет қосалқы бөлшектермен ертерек қамданған жөн, – деді облыс әкімі.

«Павлодарэнерго» АҚ-ның бас директоры Олег Щемельдің айтуынша, бүгінде су жылыту цехында 15-ші қазандық күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жөндеу аясында бес сорғы ауыстырылады. Бұл жұмыстар келесі жылыту маусымы еш қиындықсыз, сенімді өтуге кепіл береді. Оған қоса станцияда тазартылған су құбыры салынбақ.

Бұдан бөлек, кеншілер қаласындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Қайнар» білім беру-демалыс кешеніндегі бассейн ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Естеріңізге сала кетсек, аталған нысанға күрделі жөндеу жұмыстары 17 сәуірде басталған болатын. Бүгінгі таңда бөлшектеу жұмыстары 100 пайыз аяқталып, жалпы алғанда жұмыс-тардың 60 пайызы орындалған. Бассейннің ұзындығы – 25 метр, ені сегіз метрді құрайды. Алдағы уақытта бұл бассейнде күніне 30 бала қабылдауға болады. Сондай-ақ, бассейнде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы түсіретін мобильді көтергіш орнатылмақ.

Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында облыс әкімі Абай атындағы №2 мектепте бастау алған күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Биыл Екібастұз ауданындағы 10 білім беру мекемесінде жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жөндеу жұмыстары No2, 10, 11, 12, 17, 21, 23 мектептерде, Атығай орта мектебінде, Байет орта мектебінде, «Қайнар» ОЭК-те жүргізіледі. Сондай-ақ, аймақ басшысы жұмыс сапарының соңында 2024 – 2025 жылдары Екібастұз қаласында бой көтеретін фермерлер базарының құрылыс жоспарымен танысты.

 

А.МҰҚЫШЕВ, Екібастұз қаласы.