«AMANAT» партиясының облыстық филиалы аймағымызда әр салада еңбек етіп, жетістікке жетіп жүрген жандарды әр кез қолдайды. Жуырда мәдениет және өнер қызметкерлері күні, «Ұлттық мұра» және «Кітап-AMANAT» партиялық жобалары аясында жас ақын, танымал хит әндердің авторы Назерке Семеймен кездесу өтті. Оған жергілікті мектеп оқушылары мен белсенді жастар қатысты.
Назерке Берікқызы елімізге танымал Айқын, Мәдина Сәдуақасова, Қуандық Рахым, Қайрат Нұртас секілді эстрада жұлдыздарының және Әсел Хамитова секілді жергілікті әншілердің де әндеріне сөз жазған. Бүгінде жас ақынның қоржынында 100-ге жуық ән мәтіні бар.
Кездесудің алғысөзін «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова бастады. Ол өз сөзінде жан-жақты, білімді әрі ұшқыр ойлы жастардың әр бастама-сына бағыт-бағдар беріп, оларды қолдау қажеттігін тілге тиек етті.
— Өз кезегінде партия шығар-машыл адамдардың өнерін қолдау мақсатында «Ұлттық мұра» жобасы аясында көптеген шара өткізіліп келеді. Солардың бірі – осы кездесу. Аталған жобаның басты мақсаты — дарынды жастардың басын қосып, олардың арман-мақсаттарына жол ашу, — деп атап өтті А.Қайыртасқызы.
Назерке Берікқызы кішкене кезінен қара өлеңге үйір болды. Сол уақыттан бастап түрлі айтыс мүшәйраларына қатысып өнердегі жолын ақын ретінде бастады. Қазіргі уақытта облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназиясында қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Бос уақытында елімізге белгілі эстрада жұлдыздарының әндеріне сөз жазады.
— Бала кезден өлең жазамын. Алайда әншілердің әніне мәтін жазу студенттік кезден бастау алды. Алматыдағы университеттердің бірінде 1-курста оқып жүргенімде белгілі әнші Мейрамбек Беспаевтың шәкірті Райым Уайыстің әкімшісі хабарласып, бір әнге мәтін жазып беруімді сұрады. Сөйтіп, «Сезім көктемі» атты әніміз жарық көрді. Бүгінде бұл салада жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болыпты. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық әнге мәтін жазылды. Алдағы уақытта да бұл істі жалғастырамын деген жоспар бар, — дейді Н.Семей.
Сырлы сұхбатқа толы болған әсерлі кеште жастар ақын өмірі мен шығармашылығымен, адами болмысы мен рухани әлемімен жақын таныса алды. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, ақын өлеңдерімен рухани сусындап қайтты.
Айдана БОРАНБАЕВ.