Әсерлі қойылым. Көрермендердің толассыз қошеметі. Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының кезекті премьерасы осылай өтті. Елімізге белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығынан көрініс беретін «Шәмші» спектакль-концертінде белгілі тұлғаның күрескерлік, ғашықтық және композиторлық қырлары сахналанды.
Шығармашылық иесі өмір жолында кезіккен қиындықтарды қалай қарсы алды, адам мен қоғамға қалай қарады, ішкі дүниесінде толқыған сезім иірімдерін, ғашықтық сырларын қалай бағындырды, осылардың барлығынан сүзіліп шығып, бұлқынып, сілкініп туған әуезді әуендерді қалай дүниеге әкелді? Міне, қойылымның көрерменге берген басты құндылығы осы болды.
Театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақановтың сөзінше, Шәмші Қалдаяқов туралы қойылымдар бұрын да театр қабырғасында қойылған. Өкінішке қарай, бүгінде сахналанбай келе жатыр. Сазгердің өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау мақсатында бұл қойылым араға ұзақ уақыт салып көрермен назарына қайта ұсынылды.
— Қойылым «Сазгердің кеңінен танымал, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді?» деген сұраққа жауап береді. Спектакль авторы – Нұркен Тұрлыбек, режиссері – Әділет Ақанов. Басты рөлде – Бейбіт Шәнім (екінші құрамда —
Кенжеғазы Қарымсақов). Театр сахнасында Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Сыған серенадасы» атты қойылым қойылып жүрді. Режиссері Гүлбарам Бақтиярова болды. Басты рөлді театрымыздың аға буын өкілі Бейбіт Шәнім сомдады. Енді араға біраз уақыт салып спектакльді қайта сахналауды жөн санадық. Себебі, Шәмшінің әндері әр қазақтың көңілінде, жүрегінде сақталған, — деді ол.
Ал спектакль-концерттің авторы Нұркен Тұрлыбек қойылымның сценарийін жазу барысында әртүрлі ақпараттарға жүгінгенін, сондай-ақ, театр музыка-драма бағытында болғандықтан осы бағытта жазып шығуды жөн санағанын атап өтті.
— Бұл спектакльге дейін де бірнеше музыкалық қойылымды қойдық. Солардың бірі — ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған «Есіңе мені алғайсың» атты музыкалық кеші. Сценарийді жазу барысында «Неге Мұқағали, Шәмші аталарымыздың еңбегі сол кезеңде бағаланбады? – деген сауал туындады. Сөйтіп, ақынның сол уақыттағы ішкі мұңын, ойы мен арманын, жалпы, сазгердің болмысын жеткізуге тырыстық. Шәмші атамыз туралы кітаптарды, фильмдерді, спектакльдерді қарап шықтық. Әсіресе, соңғы үш жыл сазгердің жанында болған жазушы Оразбек Бодықтың 3 томдық еңбегінен көп ақпарат алдық. Оларда Шәмшінің өмірі мен әндерінің дүниеге келуі туралы жазылған, — деді Н.Тұрлыбек.
Қойылымдағы басты кейіпкер — Шәмшіні сомдаған Қазақстанның мәдениет қайраткері, театр әртісі Бейбіт Шәнім бұған дейін де белгілі сазгердің рөлін бірнеше спектакльде сомдаған. Сол себепті, бұл қойылымда еш қиындықтар болмаған. Керісінше, бұл рөлді сомдау – үлкен мәртебе екенін айтады.
— Белгілі сазгердің рөлін осы уақытқа дейін бірнеше мәрте сомдадым. 2004-2005 жылдары ақын Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасында» жас Шәмшінің рөлін сомдасам, бұл жолы егде кезін сахналадым. Спектакль барысында композитордың ішкі жан дүниесін жеткізуге тырыстым. Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Дегенмен, еңбегі өз кезеңінде бағаланбады. Алайда бүгінде сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді, — дейді Б.Шәнім.
Спектакль барысында орындалған сазгердің әндерінің әрқайсысы — автордың бір-бір ойы, өмірінде орын алған әр алуан оқиғасы. Әнге айналған тұлғаның әсерлі әлемі көрерменнің көңілін баурап, жүрек түкпіріндегі мейірімі мен махаббатын қозғап, ақыл-парасатпен апталған адамгершілік сынды асыл қасиеттерді оятады.
Қойылым барысында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана «Кітап және сахна» жоба аясында көрермендер назарына Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектерден көрме ұсынды.
Айта кетейік, театр келесі маусымның басында жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Оған еліміздің әр өңірінен келетін театрлар қатыспақ. Қазіргі уақытта өнер ұжымдарынан фестивальге қатысуға өтінімдер қабылдануда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек хабарлады.
— Фестивальді 20-25 қыркүйек күндері өткізуді жоспарлап отырмыз. Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды, заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында өткізілгелі отыр. Өтінімдер маусым айының басына дейін қабылданады. Бүгінде 7-8 театрдан қатысуға өтінім түсті. Фестивальді өткізген соң 2019 жылы гастрольдік сапармен барған Алматы, Талдықорған қалаларына кезекті гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отырмыз, — деді А.Темірбек.
Асқар АСЫЛХАН, театр көрермені:
— «Шәмші» спектакліне бірінші рет келдім. Қойылым сөзсіз ұнады. Спектакльді тамашалау барысында саз-
гердің әр қазақтың аузында жаттанды әндерін шырқадық. Сондай-ақ, әр туындының шығу тарихынан хабардар болдық. «Ғалымның хаты, жазушының аты өлмейді» дегендей, Шәмші Қалдаяқовтың әндері өлген емес.
Айдана БОРАНБАЕВА.