23 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрында ақын, зерттеуші ғалым, публицист Ахмет Байтұрсыновтың өмірлік жолына арналған «Соңғы үкім» толықметражды көркем фильмі көрсетілімін бастады. Тарихи драма Ахаңның өнегелі де қасіретті тағдырының мәлім-беймәлім қырларын паш етеді.
Фильмде Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған, қазақ зиялыларының алғашқы толқыны «ұстаз» деп мойындаған бастауыш сынып мұғалімінің өмір жолы туралы баяндалады. Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің негізін салып, XX ғасырдың бас шеніндегі ірі түрколог ғалымдар оны қалай тең тұтқаны, оны жұрттың қатарына іліну жолындағы құралы етуге білігі мен қайратын жұмсағаны көрсетіледі. Жалпы, кинода ағартушы, педагог ғұмырының қилы кезеңдері мен бұралаң сәттерінен тұратын 8 кезеңі көрініс тауыпты. «Соңғы үкім» тарихи кинодрамасы Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарында түсірілгенін де айта кету керек. Көрерменнің көз алдында өз елінің теңдігі мен хақысын талмай жоқтаған күрескердің ең бір бейнетті кездері келгендей әсер алады. Өйткені, көпшілік басты рөлдегі кейіпкермен бірге екі сағат бойы өмір сүріп, сол аласапыран заманға көшкендей күйде отырады.
Басты рөлді белгілі актер Азамат Сатыбалды сомдаса, ұлт ұстазының адал жарын Дарья Александрова ойнаған.
Өзге кейіпкерлерді Еркебұлан Дайыров, Айдар Наурызбаев, Александр Багрянцев, Ерлан Кәрібаев, Максим Лукаянов, Михаил Токарев, Дәурен Серғазин, Алексей Фиалко, Назгүл Қарабалина, Ғалымбек Оспанов, Александр Свинцов, Нұралим Варисов, Иркә Абдулманова, Айболат Дастанұлы, тб. сомдайды.
Өз тілшіміз.