Қазіргі таңда ерекше қажеттілікті талап ететін балалар саны жыл сайын артуда. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі балаларға айырықша көңіл бөлу – аса маңызды. Осы орайда С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығы олар үшін арнайы шара ұйымдастырды.
Аталмыш орталықта жазғы оқу бағдарламасы маусымының ашылуына орай «Жұлдызай» инклюзивті балалар фестивалі өтті. Іс-шара ерекше қажеттіліктері бар балалардың қабілеттерін ашуға, әлеуетін арттыруға, таланттарын дамытуға бағытталған.
Мерекелік бағдарлама шымылдығы өнерпаз бүлдіршіндердің мың бұралған биімен, кішкентай әншілердің шаттыққа толы әсем әнімен ашылды. Ал «Домовята» театр шеберханасы актерлерінің сахналық қойылымы мереке ажарын одан әрі аша түсті. Бұл күні сабынды көпіршіктерді қызықтап, сиқыр әлемін тамашалап, тәтті балмұздақтан дәм татқан шат-шадыман бүлдіршіндердің қуанышында шек болмады. Өмірдің толассыз бақыты бейне бір сол балақайлардың көзінен көрініп тұрғандай.
Фестиваль барысында кішкентай оқырмандар үшін зияткерлік, спорттық, ұлттық Балалар «Зерде бала», «Алақай, ойындар!», «Бояулар құпиясы» сынды түрлі мерекелік бағдарламаға қатысып, құм графикасы мен асфальттағы вернисажда шығармашылық қабілетін шыңдады.
— «Жұлдызай» атты инклюзивті балалар фестивлі жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Биыл ерекше форматта ұйымдастыруды жөн санадық. Себебі, осы жылы фестивальге қатысуға ниет танытқандардың саны былтырғыға қарағанда көп. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі ерекше балалар бар. Бұл жердегі біздің басты мақсатымыз – айрықша оқырмандарымызға айрықша көңіл бөлу. Балалар әртүрлі шараларымызға қатысады. Соның ішінде сиқыр әлемі мен сахналық қойылымдар қойылып жатыр. Ерекше үлгіде киінген қуыршақтар жүр. Сый-сыяпат тәттілеріміз таратылып жатыр. Сондай-ақ, біздің өңірдегі жергілікті кәсіпкерлер және кондитерлік дүкендер қолдау көрсетіп отыр. Бұл біздің мерекенің үстіне мереке қосып, балалардың көңілі одан әрі көтерілуіне оң ықпал етіп жатыр. Осы арқылы балаларға ерекше көңіл-күй сыйлаймыз деп ойлаймыз, — деді орталық басшысы Алпысбай Хонж.
Осылайша, мерекелік іс-шара кішкентай балақайларға көтеріңкі көңіл-күймен қатар жарқын сәттер, жаңа достар және ұмытылмас әсер сыйлады.
Әдемі КӘУКЕН, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.