Жыл санап Павлодар қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің саны көбейіп келеді. Бұған дейін ағаштан салынған ескі екіқабатты үйлердің орындарын «Сарыарқа» шағын ауданындағы жаңа көпқабатты баспаналар алмастырса, енді саяжайлардың орнына «Достық» шағын ауданы бой көтереді. Бірақ жылдар бойы жаз уақытында көкөніс пен жеміс-жидек өсіріп жүрген кей тұрғындардың бақшасын бергісі жоқ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын негізі қалана бастаған «Достық» шағын ауданында бүгінде 10-нан астам тұрғын үй бар. Олардың басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар арқылы әлеуметтік осал топ өкілдеріне үлестірілді. Жылдар бойы пәтер жалдап жүрген бұл санат өкілдері жеңілдетілген талаппен баспаналы болғанына қуанды. Бірақ инфрақұрылым мен тұрғын үйлердің сапасына қатысты сын көп. Кей мердігерлердің өз ісіне немқұрайлы қарағаны соншалық, пәтерлерде желдеткіштер қарастырудың орнына қабырға үстіне шағын торды жабыстыра салған. Әкімдік те жылу мен жарық желілерін дер кезінде тартпай, көпшілікті әжептеуір әбігерге салды. Мұның барлығы – бөлек әңгіме.

Бүгінгі айтпағымыз, осы «Достық» шағын ауданы алып жатқан аумақтар жайлы. Заманауи талаптарға сай келетін баспаналарды салу үшін 2014 жылдан бері саяжайлар мемлекет меншігіне алынып жатыр. Сол тұста мұнда 2 мыңға жуық саяжай болса, бүгінде оның 512-сі қалды. Биыл тағы 192 бақшаның орны құрылыс алаңына айналады. Алайда кейбір саяжай иелері жылдар бойы шағын шаруасын дөңгелетіп, аптап ыстықта сая іздеп келетін саяжайларын қимайды.

Мәселен, Александр Черновтың алты сотық жері 1967 жылы ата-анасынан мұра болып қалды. Мұндағы әр талды өз қолымен егіп, жылдар бойы күтіп-баптаған ол енді бақшасына келе алмайтынына қапалы.

— Бұл – әке-шешемнің көзі іспетті жер. Бірақ оны мемлекетке беруге мәжбүрміз. Бұл мәселе бұған дейін де шешіліп қойған. Одан басқа амал жоқ. Кез келген уақытта құрылысшылар бақшаны бұзуы мүмкін. Көктемде еккен тұқымнан күзде өнім жинауға үлгерер-үлгермесім де беймәлім. Енді осының барлығы тек естелік болып қалады, — дейді ол.

Бірден айта кету керек, мемлекет саяжайлардың учаскелерін алғаны үшін иелеріне ақы төлейді. Ол үшін тәуелсіз компанияның қызметіне жүгінеді. Тиісті есеп-қисап жүргізілген соң учаскенің бағасы шығарылады. Әкімдік сол соманы төлеуге міндетті. Айталық, Александр Черновтың иелегіндегі бау-бақша мен сол аумақтағы шағын үй 3 млн теңгеге бағаланды.

Бірақ жергілікті билік төлейтін ақыға келіспейтіндер де бар. Себебі өтемақы сомасына жақсы жағдайдағы басқа саяжай алуға келмейтін көрінеді. Зейнеткер Анатолий Головневтің саяжайы да сүріледі. Оған мемлекет тарапынан 3 млн теңгеге жуық қаржы берілетін болды. Оны місе тұтпаған тұрғын сотқа арыз түсіріп, соның барысында өзіне тиесілі учаске одан қымбат екенін дәлелдеп шықты.

— Сөйтіп, учаскемді 5 млн теңгеге бағалады. Бірақ мұндай бағаға жақсы саяжай алу қиын. Қазір күтілген, барлық мүмкіндігі бар бау-бақша аумақтарының бағасы 9 млн теңгеге дейін жетеді, — дейді зейнеткер.

Тағы бір тұрғын – Тамара Гуськова саяжайлар санының азаюы өзгелерге кесірін тигізіп жатыр, дейді. Себебі қызмет көрсету ақысы бірден көтерілді.

— Біздің маңайдағы алғашқы 500 саяжай сүрілген кезде су тарифі бір сотыққа бірден 1 мың теңгеге қымбаттады. Биыл тағы да өсті. Сөйтіп, бір сотық жер үшін 4500 теңге төлейтін болдық. Сонда 27 мың теңге беруіміз керек. Бағаның бұлай бірден аспандап шыға келуінің себебін сұрағанымызда, қызмет көрсетуші ұйым мұны саяжайлар санының аздығымен байланыстырды. Яғни, шығынды өтеу үшін бағаны еселеуге тура келіпті, — дейді ол.

Жалпы, саяжайларды мемлекет меншігіне сатып алу үшін барлығы 120 млн теңге қарастырылған. Биыл оның бір бөлігі жоғарыда аталған 192 бау-бақшаны алуға жұмсалады.

— Жер учаскелері нарықтағы баға бойынша сатып алынады. Орташа алғанда бір саяжай 1 млн теңге тұрады. Одан қымбаты да бар. Бұл ретте жер учаскесінің көлемі, ондағы үй-жайлардың жағдайы есепке алынады, — дейді Павлодар қаласы әкімдігінің сектор меңгерушісі Айтолқын Қасенова.

Тағы 320 саяжай учаскесіне қатысты қайтарып алу шаралары 2023-2024 жылдары жүзеге аспақ. Соның есебінен «Достық» шағын ауданының көлемі кеңейе түседі. Мұнда барлығы 20 мың тұрғынға арналған баспаналар, балабақша мен мектеп, емхана сынды әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.