Мамандардың айтуынша, өндірістегі жазатайым оқиғалардың көбі жаз айларында орын алатын көрінеді. Алайда елімізде жұмыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға бағытталған іс-шаралар жүйелі жүргізілгенімен, одан шыққан нәтиже көңіл көншітпей тұрған жайы бар. Олай дейтініміз, соңғы жылдары жарақат алу көрсеткіші сәл-пәл азайғанымен, адам өлімі артқан. Бұған не себеп? Жалпы, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін не істеу керек? Өндірісті өңір саналатын Павлодар облысындағы қазіргі жағдай қалай? Бұл сұрақтарға облыстық еңбек басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылай Ақанұлы Сабыров жауап береді.

 

— Абылай Ақанұлы, елімізде жазатайым жарақат алу жағдайлары азаймай тұрғаны белгілі. Ал өндірісті өңіріміздегі ахуал қалай?

— Өкінішке қарай, біздің аймақтағы кәсіпорындарда да жазатайым оқиғалар орын алуда. Мәселен, осы жылдың алғашқы 5 айында 34 жазатайым оқиға тіркеліп, 37 адам зардап шекті. Оның ішінде 29 азамат ауыр жарақат алса, 6 адам ажал құшты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңдірістік жарақат саны 8 пайызға немесе 3 адамға кеміген. Бірақ өлім-жітіммен аяқталған жарақат саны 4 адамға артқан.

— Облыс кәсіпорындарындағы оқыс оқиғалардың себеп-салдары қандай және оның алдын алу үшін не істеу керек?

— Әрине, жазатайым оқиғалардың себебі көп. Әсіресе, мұндай жағдайға өндірістегі жұмыстың талапқа сай ұйымдастырылмауы, зардап шегушінің абайсыздығы әрі алаңғасарлығы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қағидаларын бұзу сынды факторлар жиі себеп болуда. Сондықтан осы жағына баса мән берген жөн. Тәртіп пен талап болмаған жерде қауіпқатердің де көп кездесетіні айтпаса да түсінікті.

Жазатайым оқиғаның алдын алу үшін әрбір мекеме жұмыс орынындағы зиянды және қауіпті факторларды анықтап, жұмысшыларға төнетін қауіп-қатерге тосқауыл қоюы қажет. Яғни, жұмыс беруші тарап жұмыс орындарын модернизациялауы керек. Ол үшін еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткілікті қаражат бөлу, жұмысшыларды оқыту, қызметкерлердің қауіпсіздік ережелерін сақтауын үнемі бақылауда ұстауы тиіс.

— Сөзіңіз аузыңызда… Осы бағытта аймағымызда нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Бүгінгі күні аймақтағы 31 кәсіпорын «Vision Zero – нөлдік жарақат» тұжырымдамасын енгізді. Кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу мақсатында облыстың 194 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттары бойынша жұмыс істеуде.

Сондай-ақ, бүгінде зиянды еңбек жағдайларында ескірген жабдықтары бар, яғни, модернизацияланбаған кәсіпорындарда 46 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Азаматтардың денсаулығы үшін қауіпті саналатын мұндай жұмыс орындарын азайту мақсатында 2023 жылы 273 өндірістік нысан, ал биыл 9 өндірістік нысан аттестатталды. Сонымен қатар, облыс кәсіпорындарында 881 өндірістік кеңес құрылған. Олардың міндетте-ріне өндірістік жарақаттанудың алдын алу, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларына тексеру жүргізу сынды іс-шаралар кіреді. Бұдан бөлек, аймақ бойынша 21 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы жұмыс істейді. Соның нәтижесінде, өндірістік жарақаттанудың алдын алу, зиянды әрі қауіпті жұмыс орындарын азайту, еңбекті қорғау мәселелері қоғам бақылауында болады.

Жалпы, кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдары арасында еңбек заңнамасының нормаларын қолдану бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Күн сайын келіп түскен шағымдар мен өтініштерге мониторинг жасалады. Сондай-ақ, облыстағы ірі және орта өндіріс орындарының қауіпсіздікке жауапты мамандары мен басшылары арасында түрлі кездесулер ұйымдастырылып, бір-бірімен жиі тәжірибе алмасып тұру дәстүрге айналған. Бұл үрдіс өз тиімділігін көрсеткенін атап өткен жөн.

— Тергеп-тексеру жұмыстары жөнінде айта кетсеңіз…

— Жазатайым оқиға орын алған жағдайда жұмыс беруші тарап еңбек басқармасына жұмыс орнында болған оқиға жайлы хабарлама жолдайды. Бұдан соң ауруханадан зардап шеккен адамның жағдайы туралы қорытынды алынады. Сол бойынша тергеу жұмыстары жүргізіледі. Тергеу кезінде оқиғаның мән-жайы, себебі, кінәлі тұлғалар анықталады. Мемлекеттік еңбек инспекциясы өндірістегі жазатайым оқиғаларды дұрыс және уақытылы тергеу мен есепке алу ісін үнемі қадағалап отырады. Облыстағы денсаулық сақтау мекемелерімен де қоян-қолтық жұмыс жүргізіледі. Егер экспертизалар өткізу керек болса, қосымша жұмыстар атқарылады. Осындай бірлескен жұмыстың нәтижесінде мәселенің анық-қанығы белгілі болады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.