Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшіне енді. «Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң  отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтып,  оларды зорлық-зомбы-лықтан қорғауға бағытталған.

 

Енді әйеліне қол жұмсағандар 295 мың теңге айыппұл арқалайды немесе 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегіледі. Ал әйелінің денсаулығына жеңіл не ауыр зардап келтір-гендер 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, қандай да бір іс қозғау үшін жәбір көрген әйелдің арызы қажет емес. Дәлел ретінде көршілері айтса, куәгер болса немесе видеоматериал болса жеткілікті. Агрессорлар тергеу изоляторына немесе түрмеге қамалады. Қаулы бойынша тіпті үйінен кетуге тиіс. Баяғыдай ұрып-соғып алып, кейіннен жай ғана кешірім сұрау болмайды.

Заң жобасында тек әйелдердің құқығы емес, балалар қауіпсіздігі мәселесі де қарастырылған. Соның ішінде:

– адам денсаулығына тигізген жеңіл зиянға 50 тәулікке дейін қамау немесе 200 АЕК дейін айыппұл;

– қол көтергені үшін 25 тәулікке дейін қамау немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу немесе 80 АЕК дейін айыппұл ретінде қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Ал егер осындай қылмыс кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты аса қатыгездікпен жасалса, онда қылмыскер 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.