Аймағымызда өткен сенбіде шомылу маусымы ашылды. Енді жаздың аптап ыстығына шыдай алмаған жұртшылық жағажайларға толатына сөзсіз. Әсіресе, асыр салып, аулаға сыймайтын балалар суға түсуге асық болады. Өкінішке қарай, маусым айында 2 жас жігіт суға кетті. Шомылу маусымы кезінде тұрғындар нені ескеруі тиіс? Оқыс оқиғалардың алдын алуға бола ма? Осы орайда, газеттің «Instagram» парақшасында «Тікелей желі» шарасы ұйымдастырылды. Оқырман сұрағына облыстық төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғау басқармасының офицері Темірлан Жапалбай жауап берді.
Тілші сауалы:
— Аймағымызда 15 маусымда шомылу маусымы ашылғанын білеміз. Қанша жағажайға ресми түрде рұқсат берілді?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, биыл 47 жағажай бекітілді. Бүгінде Павлодар қаласындағы Орталық жағажай мен Усолка шағын ауданындағы жағажай ресми түрде ашылды. Сонымен қатар, Баянауыл ауданында
4 жағажайға рұқсат берілді. Қалған су айдындарында су деңгейі әлі түскен жоқ. Су түбін зерттеу жұмыстары толық аяқталған соң, барлығы ашылатын болады.
Тілші:
— Биыл су мол болғандықтан, су айдындары терең. Бұл қауіптің бұрынғыдан да артатынын көрсетеді. Осыны жұртқа ескертіп жатырсыздар ма?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Әрине. Облыс бойынша күн сайын рейдтік шаралар ұйымдастырылып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шомылуға рұқсат етілмеген жағажайлар туралы жадынамалар таратылып, оның себебі түсіндірілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіледі.
Тілші:
— Су айдындары мен жағажай-лардың дайындығы қалай тексеріледі? Су айдыны ресми түрде ашылуы үшін қандай талап қойылады?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— ҚР Ішкі істер Министрлігінің №34 бұйрығына сәйкес, жағажайларға арнайы талап орнатылған. Ең алдымен судың түбі зерттеліп, жағажай толық жабдықталуы тиіс. Бақылау бекеттері орнатылып, құтқарушылар саны жеткілікті болуы керек. Суға шомылу ережесі жазылған стендтер орнатылуы қажет. Онда жұмыс кестесі де жазылуы шарт. Коммуналдық және жекеменшік жағажайлардың бәріне талап ортақ.
Ақбота, Павлодар қаласы:
— Шомылауға рұқсат етілген немесе етілмеген орынды қалай анықтауға болады?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Рұқсат етілген орындарда жоғарыда айтылғандай, шомылуға рұқсат етілген деген стенд орнатылады. Қауіпсіздік ережелері жазылып, арнайы бекеттерде құтқарушылар отыруы керек. Су айдынында қауіпсіздік белгісі
де қойылады. Мұндай белгілер болмаса, шомылуға рұқсат берілмейді.
Тілші:
— Павлодар қаласының тұрғын-дары мен қонақтары көп жағдайда орталық жағажайда демалады. Аталған орындағы қауіпсіздік ережелері қалай бақыланады?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Қауіпсіздік ережесін жергі-лікті атқарушы органдар мен құтқарушылар бақылайды. Бұдан бөлек, жедел құтқару жасағы әрбір 1,5 сағат сайын су бетімен арнайы қайықпен жүзіп, шомылуға рұқсат етілген немесе рұқсат етілмеген орындарды толық тексереді. Бұл ретте барлық құтқарушы арнайы оқудан өтіп, жаттығады. Орталық жағажайды 12 құтқарушы бақыласа, Усолка шағын ауданындағы жағажайда 4 құтқарушы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Орталық жағажайда полиция бекеті де орналасқан. Құқық қорғау мамандары да шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті сақтауға атсалысады.
Тілші:
— Су айдындарында рейдтік шара қалай жүргізіледі?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Рейдтік шара арнайы кестеге сәйкес, адам көп жиналатын орындарда жиі ұйымдастырылады. Тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратылады. Бұдан бөлек, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 412-бабына сәйкес, суда қауіпсіздік ережесін бұзған демалушыларға арнайы хаттама толтырылып, 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Мұндай жұмыстарға құтқару жасағынан бөлек, облыстық полиция департаменті, білім беру басқармасының қызметкерлері, еріктілер де жұмылдырылып, ата-аналар арасында түсіндіру шараларын жүргізеді. Көп жағдайда балалар ата-ананың бақылауынсыз су айдындарында жалғыз жүреді. Осы орайда, білім беру басқармасының өкілдері жүйелі жұмыс жүргізіп, отбасы мүшелерімен сөйлеседі.
Жазира, Баянауыл ауданы:
— Ауылда шомылуға рұқсат етілмеген, қараусыз қалған көлшік көп. Балалар сондай орындарда суға түсіп жатады. Жалпы, мұндай орындарды кім бақылауы керек?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Аудан-ауылдағы қараусыз жатқан, шомылу рұқсат етілмеген су айдындарын жергілікті атқарушы орган бақылайды. Яғни, әкімдік назарға алуы керек. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан аудандардағы су айдындары зерттеледі. Қауіпсіздік жұмыстарын жетілдіру бойынша жергілікті атқарушы органдарға хаттама жіберіледі. Қажетті қауіпсіздік белгілері орнатылады. Бұдан бөлек, белгілерді QR-кодпен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Ол арқылы су айдынына суға түсуге рұқсат бар-жоғын көруге болады.
Еркін, Екібастұз қаласы:
-Аймағымызда құтқару-шылардың саны жеткілікті ме? Су айдындарын жүзуді жақсы білетін құтқарушы неге күзетпейді?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Жағажайларды бақылайтын құтқарушылардың тізімі жыл сайын жаңарып отырады. Бұл жұмыстарды әр өңірде атқарушы органдар бақылауы тиіс. Мысалы, Павлодар қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарайтын «Коммунсервис» мемлекеттік мекемесі шомылу маусымы басталмай тұрып құтқарушылардың тізімін ұсынады. Бұл ретте тұрғындар арасынан ерікті құтқарушылар ақылы жұмысқа алынады. Оларды департамент мамандары оқытып, құтқару жұмыстарына дайындайды. Сондықтан құтқарушылардың саны жеткілікті.
Тілші:
— Балаларды жүзуге үйрету мақсатында 3 жыл бұрын облыстағы мектептерде бассейн салу ісі қолға алынған еді. Нәтиже қандай?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Қазіргі уақытта облыстағы 122 мектепте модульді-каркасты бассейн орнатылған. Алдағы уақытта тағы 18 бассейн орнатылады деп күтілуде. Қазір жазғы лагерь кезінде балалар суда жүзуде үйренуде. Жалпы, аймағымызда 5 мыңнан астам бала арнайы сабақтан өтті. Жүзу ережесін толық меңгерді. Сондықтан нәтиже бар деп айта аламын.
Айдын, Павлодар қаласы:
— Құтқарушылар балаларға жүзуді үйретуде сабақ өткізе ме?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары білім беру басқармасымен бірлесіп бассейн орнатылған мектептерде балаларға суда жүзу ережесін үйретеді. Бұдан бөлек, әр жұма күні «Ertis Promenade» сахнасында оқушыларға жазғы қауіпсіздік шаралары бойынша сабақтар өткізіледі.
Тілші:
— Суға түскенде нені ескеру қажет?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Ең алдымен ересектер мен балалар рұқсат етілген орында ғана шомылуы тиіс. Суда ойын ойнап, жарысуға болмайды. Қауіпсіздік белгісінен асып кетуге рұқсат етілмейді. Ішімдік тұтынуға болмайды.
Айгүл, Екібастұз қаласы:
— Суға батып бара жатқан адам өзін құтқару үшін қандай да бір әрекет жасай ала ма?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Суға батып бара жатқанын сезгенде дауыстап көмек шақыруы керек. Өкінішке қарай, адамдар суға үн-түнсіз де батып кете алады. Қалай суға кеткенін сезбей қалатын жағдайлар да болады. Сондықтан тұрғындарды рұқсат етілген орындарда, қауіпсіздік белгісінен аспай шомылуға шақырамын.
Серік, Май ауданы:
— Суға түскен кезде аяқ не себепті тартылады?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Суда шомылған кезде адам көп күш жұмсайды. Шаршап қалған кезде аяқ-қолы тартылуы мүмкін. Дене температурасының өзгеруіне байланысты осындай жағдай орын алады.
Маржан, Аққулы ауданы:
— Асқа тойып алған кезде суға түсуге болмайды дейді. Бұл несімен қауіпті?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Дәрігерлер асқа тойып суға шомылуға рұқсат бермейді. Себебі, ол жүрекке салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан ас ішкен соң, кемі 1 сағаттан кейін ғана суға түсу керек.
Тілші:
— Шомылу маусымы кезінде жыл сайын облыста қайғылы жағдайлар орын алады. Биыл екі адам суға кетті. Оқыс жағдайлардың орын алуына не себеп?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Өкінішке қарай, жағажайда орын алатын қайғылы оқиға жыл сайын тіркеледі. Биыл екі оқиға да тыйым салынға орында тіркелді.Жалпы, оқыс жағдайлардың
90 пайызы рұқсат етілмеген орындарда тіркеледі. Қайтыс болған азаматтар қауіпсіздік ережесін бұзған.
Берік, Павлодар қаласы:
Облыс орталығында фонтан көп. Ондағы балалардың қауіп-сіздігіне кім жауапты?
Темірлан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ:
— Фонтандардағы қауіпсіздік ережесі бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мұндай орындардағы жұмыстарды бақылау департамент құзырына жатпайды. Фонтанды орнатқан мекеме өкілдері қауіпсіздік ережесін толық бақылауы тиіс.
«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана Қуанышева.