Өткен демалыс күндері облыс орталығындағы бильярд спорты академиясында ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкері Сапарғали Әубәкіровті еске алуға арналған турнир өтті. Аталмыш сайысқа еліміздің бірнеше өңірінен командалар келіп, өзара шеберлік байқасты. Биыл бірінші рет ұйымдастырылып отырған турнирді алдағы уақытта дәстүрлі жарысқа айналдыру ойда бар.
Сапарғали Үктайұлы 1959 жылы 22 қаңтарда Павлодар облысы Ермак ауданы Куйбышев ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Павлодар қаласындағы №8 мектепті ойдағыдай тәмамдады. Кейін КСРО Әскери-теңіз күштерінің Тынық мұхит флотында азаматтық борышын өтеді. Ал еңбек жолын Павлодар трактор зауытында бастады.
Сапарғали Әубәкіровтің өмірлік белсенді ұстанымы, қызметтегі жетістіктері ескерілген болуы керек, оған КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті назар аударып, қатарына шақырды. Сөйтіп, Мәскеу қаласындағы Дзержинский атындағы КСРО МҚК Жоғары мектебінде арнайы білім алады. Сол жерде ағылшын, араб тілдерін де оқып, еркін меңгеріп алды. Одан соң КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының қарсы барлау және барлау бөлімшелерінде абыроймен қызмет етті.
Өкінішке қарай, 2005 жылғы қаңтарда Пәкістан Республикасында қызметтік міндеттерін атқару кезінде террористердің қолынан қаза тапты.
Батыл барлаушы өмірден өткен соң ҚР Президентінің Жарлығымен батылдығы мен
көрсеткен ерлігі үшін «Даңқ» орденіне, Ұлттық қауіпсіздік комитеті органда-рының құрметті наградасы – «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Құрметті қызметкері» белгісіне лайық деп танылды.
— Сапарғали Үктайұлының қызметтік жолы оңай бола қойған жоқ. Қарапайым отбасында дүниеге келген ол мектепте де, әскери борышын өтеу барысында да ерекше көзге түсті. Еңбек жолын бастаған трактор зауытында табанды жұмыс істеді. Оның адами қасиеттерін, қызметке деген адалдығын бөле-жара айтуға болады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі жұмысына кіріскен уақытта да бірден алғырлығымен ерекшеленді. Жас та болса өмірлік тәжірибе жинаған әлеуеті жоғары маманды орталық аппараттағы қызметке ауыстырды. Кейін шетелге ұзақ мерзімді сапарға жіберілді. Сол жақта біздің тәуелсіз елдің тыныштығын бұзуға ниеттенген адамдардың жолын кесіп, оларға қасқая қарсы тұрды. Өзінің өмірін қиып, ерліктің нағыз үлгісін көрсетті. Сапарғали Әубәкіров – ең жоғары марапат – бірінші дәрежелі «Даңқ» орденіне лайық деп танылған еліміздегі жалғыз подполковник. Әдетте бұл орденмен тек генералдар марапатталады. Осындай атпал азаматымыздың ерлігіне құрмет көрсету, жадымызда сақтау – парыз, — дейді «ҚР Сыртқы барлау ардагерлері» ұйымының төрағасы Марат Күзетов.
Биыл «ҚР Сыртқы барлау ардагерлері» және «ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» ұйымдары бірлесіп алғаш рет Сапарғали Әубәкіровті еске алу мақсатында сала ардагерлері арасында бильярдтан турнир өткізуді қолға алды. Әріптестерінің айтуынша, барлаушының өзі де спортты жанына серік етіп, әркез шымыр болған. Бильярдты да шебер ойнаған. Сол себепті де турнирді дәл осы спорт түрі бойынша ұйымдастыру ұйғарылды.
Жарысқа павлодарлық ардагерлермен қатар, Астана қаласы мен өзге өңірлерден спортшылар жиналды. Барлығы 10 команданың әрқайсы-сының құрамында екі қатысушы
болды. Олардың бірі – Астанадан арнайы келген ҚР ҰҚК органда-рының отставкадағы генерал-майоры Нағашыбай Атшабаров. Ардагер
Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдерінің ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері арасында өткізіліп келген турнирде қатарынан үш жыл бойы жүлде еншілеген еді.
— Мен де сыртқы барлау қызметінде еңбек еттім, бірақ Сапарғали Әубәкіровпен тікелей қызметтес болған жоқпын. Десе де, оның жанқиярлық ерлігі туралы жақсы білемін. Осындай ерлердің есімін ұлықтау мақсатында түрлі сайыс-
тар ұйымдастырған жөн деп ойлаймын. Оның мән-
маңызы зор. Бұл турнирге әріптестерімді қолдау, өзара ой-пікір алмасу мақсатында қатысқалы келдім. Бильярд та – зияткерлік ойын. Мұнда салмақты ой, тактика, ептілік пен икемділік керек, — дейді Нағашыбай Атшабаров.
Жарыс қорытындысы бойынша павлодарлық ардагерлер жеңімпаз атанса, Астана қаласынан келген қос команда екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Ал жекелеген сында астаналық ардагер Қайрат Аймұқанов топ жарды. Екінші орынды павлодарлық Талғат Уатаев иеленсе, облыс намысын қорғаған тағы бір спортшы Қанат Зенов қола жүлдеге қол жеткізді. Жеңімпаз бен жүлдегерлердің барлығына кубоктар, Алғыс хаттар табысталды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА