Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде этнограф, археолог Халел Арғынбаевқа арналған бұрыш ашылды. Оған ғалымның қолданған заттары, еңбектері қойылған.

ХХ ғасырдың 50-інші жылдары академик Әлкей Марғұлан бастаған ұлттық этнограф-ғалымдар шоғыры қалыптасты. Олардың ішінде Халел Арғынбаев ұлттық этнография ғылымының көшбастаушысы болды. Халқымыздың тұрмысы мен салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары жөнінде түбегейлі ғылыми зерттеулер жүргізген. Қазіргі уақытта көрнекті ғалымның еңбектері жинақталып, музейден орын алды.

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Жеңісбек Қадырұлы аталмыш бұрыш Халел Арғынбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ашылғанын айтты.

– Ертіс-Баян өңірінің біртуар азаматы, этнограф, ғалым Халел Арғынбаевқа арнап музейімізден бұрыш аштық. Бұл көрмеде этнографтың 90 жасында киген шапаны, сызбалары, халықаралық деңгейде өткен Халел Арғынбаев оқуларына қатысушылардың еңбектері жинақталған кітап қойылды. Олардың барлығын Алматы қаласында тұратын қызы, профессор Мақпал Арғынбаева тапсырды, — дейді Ж.Қадырұлы.

Бұрышта ғалым жайлы өмірдерек, өз қолымен жасаған ат әбзелдерінің кескіндемелері де бар.

Халел Арғынбаев этнограф-тардың қазақстандық мектебінің негізін қалаған деп сенімді түрде айтуға болады. Этнографтың 1973 жылы жарық көрген отбасы мен некеге арналған көлемді монографиясы тек тарихшы, этнографтардың емес, жалпы оқырман қауымның қызығушылығын арттырды. Аталмыш зерттеуінде ғалым алғашқы дәстүрлі қазақ отбасының жан-жақты құрылымын, сипатын, түрлерін анықтап, отбасы дәстүрінің өзіндік ішкі қарым-қатынасын, сонымен қатар Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанда кең таралған неке түрлерін қарастырды.

Халел Арғынбаев аталмыш салалар бойынша 200-ден астам ғылыми еңбек, бірнеше ғылыми монография жазды. 1959-1976 жылдары Қазақстанның бірқатар облысына арнайы ұйымдастырылған этнографиялық экспедицияларды басқарды. Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихи-этнография атласын жасауға атсалысты. Еліміздегі этнография ғылымының негізін салған академик Ә.Марғұланның ғылыми мектебі дәстүрін дамытты.

Музейде келесі жылы ғалымның 100 жылдығына орай көрмеге қойылатын құнды заттар жинақталуда.

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.