Домбыра — қазақ халқының өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма — күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Алайда ұлттық құндылықтарды дәріптемейтін кей білгішсымақтардың ісінен соң халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын аспаптың қадірі төмендеп бара жатқандай.

Жуырда белгілі қазақстандық айтыскер Айшолпан Тілеутай FlyАrystan компаниясының қызметкерлері Алматы әуежайында ұшаққа домбырамен кіргізбегеніне шағымданғанын айтқан еді. Сөзінше, оны әуежайда тіркеуден, тексеруден өткеннен кейін ұшақ салонына домбырамен кіргізбеген. Кейін компания қызметкері музыкалық аспапты күшпен тартып, күзетшілерді шақырған.

— Мені жұлқылаған екі қыз маған әлі келмеген соң күзетті шақырды. Ол қыздардың жағама жабысқанына қарамай, домбырамды Астанаға өзіммен бірге ұшақпен алып келдім, – деді ол.

Ал аталмыш компания басшылығы айтыскер қызметкерлерге дөрекілік танытты деген уәж айтты. Сонымен қатар, олар барлық жолаушыға бірдей қарайтынына сендірді.

— Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын бірінші орынға қойып, ережелерді қатаң сақтауымыз керек. FlyArystan әуе компаниясы әр бортта 188 жолаушыға дейін тасымалдайды және барлығына бірдей ережелер мен шарттарды ұсынады. Әр жолаушы салонға отырғанда өзімен бірге бір ғана жүкті тасымалдауға рұқсат береміз. Сонымен қатар, жолаушылар билетті ережелермен келіскен жағдайда ғана ала алатынын еске саламыз. Сондықтан сапарға дейін музыкалық аспаптарды тасымалдау ережелерімен танысу керек, – деп жауап берді әуе компаниясы.

Сонымен бірге, қол жүгінің өлшемдері 56x23x36 см параметр- ден аспауы керек екенін еске салды. Ал музыкалық аспаптар оған сәйкес келмейді. Қауіпсіздік ережелеріне сәйкес үлкен заттарды ұстауға қатаң тыйым салынғаны тағы бар. Компания егер жолаушы музыкалық аспапты ұшақ салонына өткізгісі келсе, оған жеке орын сатып алуы керек екенін түсіндірді.

Мұндай жағдай FlyАrystan компаниясымен ғана емес, Атырау қаласындағы «SCAT» әуе компаниясында да орын алды. Онда да оқиға дәл осылай қайталанды. Алайда жолаушылар домбыраны ұшақтың ішіне алып кіргісі келсе де, оған мүмкіндік болмаған.

Әуежайда домбырамен болған оқиғалар мұнымен шектелмейді. Бұл жағдай кәсіби өнерпаз, халық әндерін орындаушы Бекзат Абылдының да басынан өткен. Әншінің айтуынша, оған да әуе компаниясының өкілдері домбыраны ұшаққа алып кіруіне рұқсат бермеген. Қазақтың киелі аспабын жүктердің арасына салған. Салдарынан домбыраның шанағы жарылып, морт сынған.

— Өткен жылдың желтоқсан айында Алматыдан Павлодар қаласындағы Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда «Ән аманат» атты сол аймақтан шыққан дәстүрлі әншілердің концертіне қатысуға жолға шықтым. Әуежайда тіркеуден өту кезінде: «Домбыраңызды салонға кіргізе алмаймыз, өзіңізбен бірге алып жүргіңіз келсе, тағы да бір адамның билетін алу керек», — деді. Тағы бір билеттің бағасы аспандап тұр. Әйтеуір не керек, жүк ретінде өткізетін болдық. 2 200 теңгесін төлеп, түсіндіріп айттым: — Айналайындар, бұл аспап өзі кішкентай ғана, таразыға салғанда 800 грамм шықты. Әбден кепкен ағаш қой. Өзі ескі домбыра. Нұрбек ағама беріп, қайта қалпына келтіріп алып шыққан бетім еді. Бір ыңғайлы жерге қойыңыздаршы, — деп кете-кеткенше жалынып айттым. «Уайымдамаңыз, бәрі дұрыс болады»,- деп орныма жайғастырды, дейді ол.

Алайда қорқыныш шындыққа айналып, жүктің арасындағы домбыра сынды. Компания ол үшін төлеуден бас тартқан.

Домбыраны ұшаққа алып кіруге қатысты Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов та өз пікірін білдірді.

— Біріншіден, домбыраның ішінде бірде-бір металл жоқ. Оның құрамында қойдың ішегі мен қарағайдың ағашынан басқа ештеңе жоқ. Ешқандай зияны жоқ ұлттық аспап. Екіншіден, бұл – мемлекетіміздің айнасы. Қазақтың ұлттық 4-5 аспабы бар. Оларды ұшаққа кіргізуге рұқсат беріңіздер! Егер рұқсат берілмесе, онда Астана мен Алматы әуежайына жоқ дегенде мың домбырашыны қойып, қолдарыңыздан келмесе, «Адай» күйін орындап, жалынып сұрайық, — дейді Р.Зайытов.

Түйін:

Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра. Шынымен, белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің бұл өлең жолдары екі мың жылдық тарихы бар аспаптың тарихын әспеттесе керек. Дегенмен, әрбір қазақтың үйінің төрінде ілініп тұратын домбыраның қазіргі жағдайы осындай. 10 мың метр биіктікке бір аспапты көтеру үшін тағы бір адамның билетін алу қаншалықты қисынды? Ұшақ ішіндегі сөреден домбыраға бір орын табылмағаны қалай? Бір кем дүние…

А.БОРАНБАЕВА.