Жыл басынан бері облыста 6 адам суға кеткен. Шомылу маусымы басталғалы бері 5 адам суға батып, көз жұмды. Өкінішке қарай, оның екеуі – бала. Қайғылы оқиғалардың бәрі шомылуға рұқсат етілмеген орындарда тіркелген.
Күн тәртібіндегі мәселе облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиын барысында талқыланды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шәймерденов аймақта 15 жағажай әлі зерттелмегенін айтты. Оған су айдындарындағы су мөлшерінің шамадан тыс жоғары болуы себеп.
— Облыста 32 жағажай тексеріліп, 70 қоғамдық құтқарушы арнайы оқудан өтті. 15 жағажай Шүлбі су қоймасынан су жіберілуіне байланысты әлі зерттелген жоқ. Себебі Ертіс өзеніндегі су деңгейі шамадан тыс жоғары болып отыр. Шомы-луға рұқсат етілмеген орындарда 177 тыйым салу белгісі орнатылған. Рұқсат етілмеген 43 орын 2 GIS мобильді қосымшасына енгізілген. Су айдындарында рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодек-сінің 412-бабы бойынша 35 хаттама толтырылды. 364-бап бойынша суды пайдалану ережесін бұзған 137 адамға ескерту жасалды. Ал қоғамдық орында ішімдік тұтынғаны үшін 15 адам 440-бап бойынша жауапқа тартылды. Жыл басынан бері облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп 5 мың балаға суда жүзу ережесі үйретілді, — деді ол.
Қайрат Шәймерденов шомылу маусымы кезінде тіркелген 5 факт бойынша сот-медициналық сарап-тама жүргізіліп жатқанын айтты. Оның қорытындысы нәтижесінде қайғылы оқиғалардың себебі анықталады.
Торайғыр ауылында орын алған оқыс жағдай кезінде екі бала футболдан соң сағат 22.00 шама-сында ата-аналарына ескертпей, тыйым салынған жерге шомылуға барған. Ал орталық жағажайда 2005 жылғы жас жігіт қайтыс болған оқыс оқиғаға ішімдік себеп болған. Бұл жағдайды куәгерлер растап отыр. Сондай-ақ, судың салқын болуына байланысты марқұмның сіңірі тартылып қалған болуы мүмкін.
Облыс әкімі Асайын Байханов шомылу маусымы кезеңінде судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Атап өтерлігі, құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп, тәулік бойы жағдайды бақылап отыр. Сондай-ақ, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділерінен рейд шараларына белсенді қатысуды, тұрғындар арасында судағы қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.