Күні кеше қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай әрі өзге өңірлердің оқушыларына облысымыздың киелі орындарын таныстыру мақсатында «Елтану» атты туристік-өлкетану экспедициясы ұйымдастырылды. Оған Батыс Қазақстан облысының бір топ оқушысы қатысты.
Облыстық білім беру және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бірлесіп, мектеп оқушыларының жазғы демалысын көңілді және есте қаларлықтай өтуіне себепкер болды.
Балалар алдымен Павлодар қаласының музейлері мен мұражайларындағы тарихи жәдігерлермен танысуға мүмкіндік алды. Кейін Баянауыл ауданының тарихи-мәдени ескерткіштерін және киелі орындарын аралады. Олардың қатарында Жасыбай батыр қабірі, Кемпіртас-Найзатас, Қоңырәулие үңгірі, Ақкелін тарихи-мемориалдық кешені, Мұса Шорманұлының үйі мен кесенесі, Мәшһүр Жүсіптің кесенесі секілді тарихи жерлер бар.
— Аталмыш экспедиция жасөспі-рімдерді патриотизмге тәрбиелеу, өлкетану ісіне баулу, рухани-мәдени мұраларды сақтау арқылы танымдық қабілеттерін дамыту мақсатында өтті. Оған Батыс Қазақстан облысының 6-9-сынып аралығындағы 14 оқушысы мен 2 жетекшісі қатысты.
Үшкүндік экскурсия барысында балалар Павлодар облысының тарихымен танысып, көрікті жерлерін тамашалады. Бұл экспедицияны ұйымдастыруда Баянауыл аудандық туристік экология орталығының еңбегін ерекше атап өтуге болады, — дейді ұйымдастырушылар. Экспедицияның соңғы күнінде балалар Баянауыл ұлттық мемле-кеттік табиғи саябағын, «Сақ» және «Мұртты» археологиялық қорғандарын аралады. Кейін алған әсерлерімен бөлісіп, естелікке суретке түсті.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.