Жақында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Павлодар облысының Құрметті азаматы, қарымды қаламгер, ардагер журналист Ғалия Құсайынқызы Балтабайдың «Тұлғалар — ғажап жандар» атты кітабының тұсауы кесілді.
Игі шараға өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мемлекеттік мекеме басшылары мен журналистер қауымы қатысты.
Жаңа кітапта қан майданда Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлері, елі үшін елеулі еңбек еткен белгілі азаматтар, талантты ақын-жазушылар, қаламы ұшқыр журналистер мен ұлағатты ұстаздардың өмірі және қоғамға қосқан үлесі жан-жақты қамтылған.
— Журналистика саласында 42 жыл еңбек еттім. Осы уақыт аралығында небір жаны жайсаң жақсы жандармен, нағыз еңбек адамдарымен таныс болдым. Олардың өнегелі өмірі мен абыройлы қызметі өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен өз кітабымда көрсетуге тырыстым. Еліне елеулі кейбір азаматтар туралы мазмұнды мақалалар газет-журналдарда жарияланып жатады. Міне, осындай жандар жайлы құнды дүниелерді де жинақтап, бір кітапқа енгізу керек деген ой туды. Сөйтіп, бірқатар жақсы жандарымызды өз еңбегіме қостым. Бірақ бұл туындыға мен аралас-құралас, қызметтес болған адамдардың бәрі бірдей сыймады. Сондықтан болашақта кітабымның екінші томын жарыққа шығарамын деген алдыма мақсат қойдым. Амандық болса, осы жолы қалып қойған жайсаңдарды сол еңбегімнен көретін боласыздар, — дейді Ғалия Құсайынқызы. Автордың айтуынша, 511 беттен тұратын кітапты жазуға 4 ай уақыт кеткен. Аталмыш еңбекте сондай-ақ, облысқа және республикаға танымал тұлғалар туралы қызықты естеліктер, сүбелі сұхбаттар мен әсерлі әңгімелер де бар екенін атап өткен жөн.
«Тұлғалар — ғажап жандар» кітабының тұсаукесер кешінің тізгінін ұстаған Қазақстан Журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, журналист Болат Аманбаев жиналған қауымға Ғалия Құсайынқызының қоғам дамуына қосқан үлесі, еселі еңбектері мен асыл қасиеттері жайлы жан-жақты баяндап берді. Бұдан соң сөз алған облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов аймақ басшысының құттықтау хатын оқып, гүл шоғын табыс етті. Шараға қатысқан облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнуллина, «Құрмет» орденінің иегері Болат Бақауов, Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыманов және өзге де қоғам белсенділері, ұлағатты ұстаздар мен автордың сыныптастары құттықтау сөз алып, кітап жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетерлігі, бұл туынды — Ғалия Құсайынқызының 20-сыншы кітабы. Бұдан бөлек, ардагер журналистің «Иса ақын және оның ұрпақтары», «Туған жер перзенттері», «Тағдырларды біріктірген Қазақстан», «Ұлтын ұлықтаған асыл ана», «Өмір шыңы», «Емші құдіреті», «Тұғыры биік тұлғалар», «Павлодар облыстық радиосына — 70 жыл», «Сары қыз», «Шипасымен шуақ шашқан» және басқа да кітаптары жарық көрген.
Рымкеш СЛАМБЕКОВА, Ақсу қаласының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз:
— Ғалия Құсайынқызының жаңа кітабының тұсаукесерінің куәгері болғаныма өте қуаныштымын. Түсінген адам үшін бұл еңбектің мән-маңызы өте зор. Журналист өз заманындағы қызметтес, үзеңгілес болған ел жақсылары жайлы естеліктер мен олардың еңбектерін осы кітапқа енгізген. Бұл – кейінгі ұрпақ үшін үлкен тарих, мол мұра десек, артық айтқандық болмас. Мұндай көлемді кітап жазу — кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін үлкен еңбек, асқан шеберлік пен қарым-қабілет қажет. Облыстағы көп адамды танудың өзі – кемеңгерліктің белгісі деп түсінемін. Сондықтан да бұл кітап авторының еңбегі қандай құрметке де лайық. Қазақтың қайсар қызының жазары таусылмасын, қолына қуат берсін деп тілеймін.
Раушан СЫБАНЖАНОВА, «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары, журналист:
— «Тұлғалар — ғажап жандар» атты керемет кітаптың авторы, жалынды журналист Ғалия апайымыздың елі үшін атқарған еңбегі ерен. Әсіресе, «Halyq radiosy»-н сақтап қалуға зор үлес қосқанын тыңдарман қауым жақсы біледі. Бүгінде республика бойынша облыс деңгейінде «Halyq radiosy» ғана үздіксіз хабар таратуда. Яғни, 36 елді мекенде радиотаратқыш құрылғылардың сәтті жұмыс істеп тұруы Ғалия Құсайынқызының еңбегі екенін ерекше атап өткен жөн. Жалпы, қаламы қарымды журналист туралы айтар әңгіме де, одан үйренеріміз де өте көп. Ол — еңбекқор, өз ісіне жауапты жан. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де көп еңбек жазды. Соның бір дәлелі – осы кітап. Бұл — біздің заманымыздың шежіресінің бір бөлшегі деп білемін және соған еніп отырғанымыз үшін қуаныштымыз. Апайымызға шығармашылық табыс тілей отырып, қаламыңыз мұқалмасын деймін.
Нұржайна ШОДЫР.