Павлодар облысында өткен жылдың қараша айында орын алған жантүршігерлік оқиғаға қатысты сот отырысы өтті. Милана Давыдова есімді оқушының өліміне себепкер болған қыздың анасы мен көңілдесіне қатысты сот үкімі шықты.

Іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Небары 7 жасында өмірімен қоштасқан Милана Давыдованың анасы мен көңілдесіне дәрменсіз жағдайда тұрған баланы ерекше қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылды. Қоғамда үлкен резонанс тудырған іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабының үшінші бөлігі бойынша қаралды. Жаға ұстатарлық қылмыстың орын алуына кішкентай қыздың анасы мен оның көңілдесі арасындағы байланысты көріп қалып, бұл туралы әкесіне айтып беретіні себеп болған. Қылмыс кезінде сотталушылар мас күйде болған.

Мемлекеттік айыптаушы Елена Белова ер адамды өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар, сотталушыны маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуді талап етті.

Еліміздегі заң бойынша әйелдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылмаған. Осыған байланысты мемлекеттік айыптаушы Милананың анасын 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ, жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуін талап етті. Бұл ретте қылмыскерлердің сотты жаңылыстыруы үшін жасаған әрекеттерін назарға алған. Олар әуелі баланы жоғалып кетті деп жария етіп, заңсыз әрекеттерге барды.

Өкініштісі, сот залында оқушының анасының көңілдесі кінәсін толық мойындамады. Ол қылмысты баланың анасы жасағанын айтып, ақталған.  Баланың денесін сыртқа шығаруға ғана көмектескенін алға тартты. Сөйтіп, екеуі де кінәсін мойындаған жоқ.

Сот шешімі бойынша әйелдің көңілдесі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының үшінші бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қыздың анасы да кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әйелдің көңілдесі 1991 жылдан бері ұрлық жасағаны үшін 9 рет сотталған. Ол жазасын төтенше жағдайдағы күзет мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар, ер адам ішімдік пен нашақорлықтан емделеді.

Сот залында үкім жарияланған соң қылмыскер Әбілдинов қолындағы тамырын кескен. Дәрігерлер тексеріп, ауруханаға жатқызу қажет емес деген шешімге келді.

Қыздың анасы Давыдова 20 жылын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өткізетін болды. Әйел өмір бойы ұстаздық қызмет атқара алмайды, он жыл баламен жұмыс істей алмайды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Екібастұз қаласына қарасты Бесқауға ауылынан 3-сынып оқушысының жоғалғаны туралы арыз Екібастұз қалалық полициясына 17 қарашада кешкі сағат 21.15-те түскен. Милананы табуға жүздеген ерікті жұмылдырылып, іздеуге тікұшақ та тартылды. Тергеу мәліметтері бойынша, анасы алдымен қызын басынан жұдырықпен ұрған, сол сәтте мектеп оқушысы құлап, есінен танып қалған. Қыз әлі тірі деп қорқып, әйел көңілдесін шақырған. Ол бүлдіршінді белбеуімен тұншықтырған. Мұның бәрін Милананың інісі көрген. Сотталушылар егер бала көргендері туралы біреуге айтса, оны да өлтіреміз деп қорқытқан.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.