Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына қарай республикалық жолдардың барлығын нормативтік жағдайға келтіру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде бүгінде елімізде 12 мың шақырым күре жолды күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Көлік министрлігінің деректеріне сәйкес, биыл жыл соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады. Алайда, жыл сайын әр өңірдің тұрғындары жол сапасына шағым түсіріп, жөндеу жұмыстарына көңілі көншімейтінін айтады. Мәселен, кейбір тұрғындар жолдың кепілдік мерзімін ұзарту керек десе, кейбірі жауапсыз мердігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етуде. Аталмыш тақырып төңірегінде «Алаң» қатысушылары не дейді?

Болатбек АЙТБАЕВ, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры: (пікір интернеттен алынды)

— Бүгінде біздің орталықтың «ISO 17025» және «ILAC» стандарттары бойынша аккредиттелген зертханалармен жабдықталған 20 филиалы бар. Бұл ретте жұмыс автожол жобаларында қолданылатын сапаны бақылаудың қолданыстағы бес сатылы жүйесіне біріктірілген. Бұл жүйе ақауларды алдын ала анықтау және уақытылы жою мақсатында жүргізілетін жұмыстардың сапасына жауапты барлық қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды. Бес сатылы бақылау қағидатын сақтау автожол жоба-ларының сапасын, олардың барлық құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігін, сондай-ақ, пайдаланудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Жұмыс сапасын арттыру мақсатында кәсіпорын республика бойынша бірқатар іс-шара кешенін жүзеге асыруда. Биыл жүргізілген сараптама барысында жұмыс жүргізу технологиясының 1,9 мың кемшілігі анықталып, 621 ақау жойылған.

Ерлік АЛАГӨЗОВ, «ЕрСтройКомплекс» ЖШС директоры:

— Қазіргі уақытта мердігерлерге талап қатаң. Сапасыз жол салған немесе жұмысын аяқтамай кеткен компания ешқашан жол салу жұмыстарына қатыса алмайды. Қомақты айыппұл да төлейді. Ал тиісті мекемелер жұмыстың әр сатысында сапаны қадағалап отырады. Тағы да маңызды мәселенің бірі — бізде мердігер жобалау жұмысымен айналыспайды. Яғни, жобалайтын басқа компания. Ал жобада қате кетсе, мердігер оны өзі түзетуге міндетті. Бұл өте қиын. Сол себепті мердігер өзі жобалап, өзі құрылысын салып, кемінде 10 жыл күтіп ұстайтын болса, онда міндетті түрде бұл күре жолға 10 жылда қаражат жұмсамаудың жолын қарастырады. Ал бізде бір жолмен 10 компания айналысады. Яғни, жауапкершілік бөлініп кеткен. Жауаптылар жол сапасына қатысты шағымды бір-біріне сілтейді. Жолдағы құрылысты бақылау негізі — техникалық қадағалау ұйымдарының міндеті.

Әділет СЕЙІТОВ, Павлодар қаласының тұрғыны, көлік жүргізушісі:

— Бізге автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында жұмыстар мен материалдардың сапасын бақылаумен ғана айналыспай, жол жобалау мен салу барысына жаңа технологияларды және заманауи тәсілдерді белсенді зерделеп, енгізу керек. Алайда жаңа технологияларды қолданып, жаңа құрылыс материалдарын өндіріске енгізгенде барынша мұқият болуымыз қажет. Себебі елімізде әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Батыс пен шығысы, солтүстігі мен оңтүстігі жыл маусымына қарай өте салқын немесе тым ыстық болып тұрады. Жол материалдарын қолданғанда осының бәрі ескерілуі шарт. Олай болмаған жағдайда жыл сайын «жаңбырмен ағып кететін», «желмен ұшып кететін» осындай жолдармен күресе береміз. Сондай-ақ, жолға берілетін кепілдік мерзімін екі жыл емес, кем дегенде бес жылға дейін ұзарту қажет.

«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.