Павлодар облысында дәрі-ханаларда дәрі бағасы өскен. Бұл жағдай еліміз бойынша орын алып отыр.
EnergyProm порталының мәліметінше, мамыр айында фармацевтикалық препараттар жылдық динамикада 11,5 пайызға қымбаттады. Әсіресе, Астана, Шымкент және Павлодар облысында дәрі бағасы 14,3 пайызға дейін артқан. Елімізде бір жылдың ішінде ацетилсалицил қышқылының бағасы бірден 63,6 пайызға, активтендірілген көмір дәрісінің бағасы 32,5 пайызға, парацетамол — 28,4 пайызға, хилак форте — 24,8 пайызға, йод ерітіндісі 21,5 пайызға өскен.
Биыл қаңтар-сәуір айы аралығында дәрі-дәрмек импорты шамамен 600 миллион АҚШ доллары сомасына 10,5 мың тоннаға жетті. ТМД елдерінен республикаға төрт мың тонна дәрі-дәрмек әкелінді, бұл өткен жылдың қаңтар-сәуірімен салыстырғанда 38 пайызға артық. Бұл елдердің ішінде ең көп жеткізілім Ресейге тиесілі — 2,9 мың тонна. Сондай-ақ еліміздегі негізгі дәрі-дәрмек жеткізушілер арасында Беларусь пен Украина тұрақты түрде тіркелген.
Биыл Қазақстанда 71 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі шығарылған. Еліміздің басты зертханасы ретінде Шымкентті атауға болады. Оңтүстік мегаполисте 29 миллиард теңгенің препараттары өндірілді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.